Салық кодексінің жаңа редакциясы 2017 жылы қабылданып, қолданысқа енгізілді. Жаңа өзгертулерге сай салық салу кәсіпкерлер үшін қарапайым әрі түсінікті болады деген үміт бар еді. Алайда олай болмай шықты.
«Ұлттық экономика министрлігінің дерегі бойынша, бүгіндері бизнес есептіліктің 639 түрін және жеке – қаржылық, салықтық, статистикалық есептілікті ұсынады. Әрине, мұндай үлкен есеп беру жүйесі кәсіпкерлер үшін проблема болып көрінеді. Салық есебі өте күрделі. Бұл салыққа қатысты қателіктерге, айыппұлдар мен жазаларға алып келеді. Тіпті, патенттік және жеңілдетілген салық салу жүйелері бизнес субъектілерінен штатты көбейтуді және оған бухгалтер немесе салық маманын қосуды талап етеді», – дейді Сенат депутаты Дәурен Әділбеков.Сондықтан ол Үкіметке салық заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар әзірлеп, заңға тәуелді актілердің санын азайту мүмкіндігін қарастырып, салық есептілігін қысқартып, жеңілдетуді, салықты есептеуді қарапайым әрі түсінікті етуді ұсынып отыр. Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі омбудсмен Рүстем Жүнісов те осындай проблеманың барын айтады.
«Қолданыстағы салық салу жүйесі шағын бизнес субъектілері үшін және өзін-өзі жұмыспен қамтушылар үшін тым күрделі және түсініксіз екені рас. Кәсіпкер мемлекетке қанша қаржы төлеуі тиіс екенін нақты түсінетіндей жүйе қажет, сондай-ақ кәсіпкердің жұмсалатын уақыты мен күш-жігері де үнемделуі тиіс. Егер мұндай жұмыстарды (тіркеу, салықты ұстап қалу, есептілікті тапсыру) кәсіпкер үшін қандай да бір агент атқаратын болса, тіпті ыңғайлы болар еді, мысалы: банк, цифрлық платформалар. Мемлекет басшысы микро және шағын бизнес үшін үш жылдық мораторий мен салық демалысын жариялағанын білесіз. Осы салық демалысы ұсынылған уақытты пайдаланып, ШОБ үшін барлық салық режимін кешенді түрде қайта жазып шығу керек. Бұл ретте басты назар бизнестің іріленуі мен деңгейінің өсуіне аударылуы тиіс», – дейді ол.Расында, бұл жұмысты осы бір жылымық кезде атқарып алсақ, ШОБ-қа берілген салық демалысы аяқталғанда абдырап қалмаймыз. Сарапшылар бүгінде салық жүйесіндегі проблемаларға негізінен жеке сектор бетпе-бет келетінін айтады. Ал квазисектордағы бизнес субъектілері мемлекеттен дотация алатын болғандықтан, салық есебін жасайтын кадрлардың санын арттыруға мүмкіндігі бар. Ал өз күшімен өмір сүріп жатқан бизнес субъектілерінің бухгалтерия бөлімін кеңейтуге мүмкіндігі бола бермейді.
Бірыңғай салық жүйесі керек
Қай саланың бизнес субъектісі болмасын, бірыңғай салық жүйесінің енгізілгенін қолдайды. Себебі бірнеше салықты бөлек-бөлек төлегенше, бірден төлеу тиімді. Алайда бұл жүйе келесі жылы ғана енгізілуі мүмкін. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, бюджетке салық пен басқа төлемдерді аударуға арналған бірыңғай төлем тұжырымдары әзірленген. Ол тұжырымдар бизнес қауымдастықпен ақылдасып, «Атамекен» ұлттық палатасымен бірге дайындалған. Алайда ақпараттық жүйені соңына дейін жасау үшін белгілі бір уақыт керек. Мысалы, келесі жылы бұл нормалар заң жүзінде бекітіледі деген ақпар бар.Жалпы, салық төлеу мен салық туралы есеп беруді жеңілдетуге салалық қауымдастықтар да атсалысқаны жөн. Себебі әр саланың өзіне тән салық түрі бар. Бұл орайда еліміздегі Ет одағының жоспары көңілге қонатын сияқты. Ет одағы төрағасы Мақсат Бақытбаевтың айтуынша, қауымдастық фермерлер үшін салық комитетінің серверімен синхрондалатын және салықтарды автоматты түрде есептейтін мобильді қосымшаны (есеп) әзірлеп, енгізуге дайын. «Сондай-ақ бірыңғай ауылшаруашылық салығы енгізілген жағдайда және жердің сапасына байланысты салық мөлшерлемелерін есептегенде, түсімдер қағидасына сәйкес салық төлеуді автоматтандыруға болады», – дейді ол.Әзірге қазақстандықтар үшін салық төлеу процедурасының Қаржы министрлі ұсынған электронды нұсқасы – iOS және Android құрылғыларына жүктеуге болатын e-Salyq мобильді қосымшасын місе тұтуға тура келеді Бұл бағдарлама бірден салық төлеушілердің алдында тұрған бірнеше мәселені жойып отыр – банкке бармай, мәліметтерді толтырмай, төлем терминалын пайдаланбай-ақ, осы қосымша арқылы салық төлеуге болады. Жүйе уәкілетті органдар мен мемлекеттік кірістер органдарының дерекқорларын орталықтандыру арқылы жасалған. Яғни, бұдан былай салық салынатын объект иесіне және оның мәртебесіне қатысты кез келген өзгерістер автоматты түрде интеграцияланған мәліметтер базасында жаңартылып отырады. Есептеу жүргізіліп, салық төлеушіге алдағы төлем туралы PUSH-хабарлама немесе SMS арқылы хабарланады. Жүйеде реквизиттер орнатылған және төлем түскен кезде ол автоматты түрде азаматтардың жеке шотына түседі. Бұл адами фактордан пайда болуы мүмкін қателікті жояды.
Кәсіпкерлер салықтың өсуіне қарсы
Соңғы уақытта тау-кен және металлургия кәсіпорындарына салынатын салық өседі деген әңгіме тарай бастады. Бұл әңгіме негізсіз емес. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасының салалық комитетінің төрағасы Николай Радостовецтің айтуынша, Парламентке мақұлдауға жіберілген құжатта тау-кен және металлургия, мұнай саласына корпоративті табыс салығы мөлшерін 20-дан 24%-ға, ҚҚС 12%-дан 16%-ға арттыру қарастырылған. Ірі кәсіпорындардың барлық жетекшісі Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленовке хат жолдапты.«Коронавирус пандемиясына байланысты инвестиция төмендеді. Егер біз корпоративті табыс салығы мен ҚҚС өсірсек, ұзақмерзімді жобалар мен салымдарды қалай есептейміз? Бізге кәсіпорындардың жұмысын қалпына келтіруге мүмкіндік берілсе, онда бұл сала бюджетке жоспарланған салық түсімінен де көбірек пайда әкелер еді», – дейді олар.Тағы бір мәселе - Салық кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтырулар шеңберінде Ұлттық экономика министрлігі кәсіпкерлер қызметін шектейтін және пайдалы қазбаларды өндіруде салық салуды реттеуде көмескілік тудыратын түзету енгізбекші көрінеді. Нақтылап айтсақ, минералды шикізатты бастапқы өңдеу кезінде өндірістен түзелген қалдықтар көлемін шығынға жатқызбау ұсынылып отыр. Ал қазіргі кезде нақты өндірілген өнімге ғана салық салынады. Егер министрлік ұсынысы енгізілсе, бүкіл қорға салық салынатын болады, өйткені техногенді-минералды объект бастапқы өнімге жатады. Бұл ұсыныс елге келетін инвесторды сыртқа тебу болып саналады дейді сарапшылар.