Kazakh Tourism ақталумен келеді...
Kazakh Tourism ақталумен келеді...
153
оқылды
Және нашар көшірмесі сияқты. Мысалы, Kazakh Tourism АҚ-ның 2019-2028 жылдарға арнал­ған алдыңғы стратегиясында былай делінген: «Өз қызметінің нәтиже­лері бойынша АҚ 2028 жы­лы келушілердің санын 9,7 мил­лион адамға дейін, ал ішкі саяхат­тау­шылар санын 10 миллион адам­ға дейін арттыруды жоспарлап отыр». Әрине, коронавирус індетінің таралуы бұл жоспарының күл-талқанын шығарғаны құпия емес. Тиісінше, жаңа стратегияда ол енді 10 миллиондық межені тек 2030 жылы ғана еңсермек! Әртүрлі бағалау бойынша шетелдік бір турист 500-1 500 дол­лар аралығында ақша қалдырады. Орташа есеппен, 1 000 доллар деп алсақ, 2030 жылға қарай Қазақстан бүкіл әлемнен турист тарту арқа­сында жылына 10 миллиард дол­лардай табыс табады екен. Салыстыру үшін айта кетелік, биыл Еуропаның ең бай адамы – Louis Vuitton Moët Hennessy (LVMH) компаниялар тобының бас­шысы Бернар Арно 1 күнде (!) 11 миллиард доллар тапты. Ол бұған әлемдік қаржы нарықтарында, биржада сауатты ойнау арқасында қол жеткізген. Яғни, тұтас ұлттық компания және бүкіл сектор жабы­ла жүріп, 2030 жылға қарай көргелі отырған кіріске Еуропада бір адам 1 күнде қол жеткізді. Осыдан-ақ саланың KPI, еңбек өнімділігін, тиімділігін байқауға болады.  

Сүрленген жобалардың сұрқы қашты

Бір қызығы, өткен жылы Руслан Дәленовтің Ұлттық экономика министрлігі Kazakh Tourism ұлттық компаниясының даму стратегиясы жобасын қарай келе, оның басты бір кемшілігін атапты. Нақтылай кетсек, онда «саладағы еңбек өнім­ділігінің өсімі» көрсеткіші жоғын көзге түрткен. Еңбек өнімділігі бүкіл мемлекетте, барлық компа­нияда басты көрсеткіш екені анық. Бұл сынға Kazakh Tourism не деп жауап қатты? Ол қонақ үй және тамақтану саласында төл ком­паниялары жоғына шағымданды. Құзырының «аздығына» қапа­ланды. Сол себептен саладағы ең­бек өнімділігінің артуына еш ықпал ете алмайтынын алға тартты.
«Қонақ күту және тамақтан­дыру саласында ұлттық компа­нияның еншілес және тәуелді ұйым­дары жоқ болуына, сондай-ақ саладағы осы ұйымдарға бақылау-қадағалау және өзге де реттеуші функция­ларды жүзеге асырмауына, олардың қыз­метіне тікелей немесе жанама әсер ететін құралының жоқ­тығына бай­ланысты «еңбек өнімділігінің өсуі» көрсеткіші біз­дің акционерлік қо­ғамның тікелей ықпал ету және басқару аймағынан тыс қалып отыр», – дейді Kazakh Tourism.
Қынжылтатыны сол нағыз жасампаздардың өз әлеуетін ашуы үшін өрісі мол, мүмкіндігі орасан саланың тізгінін өз қолына алғандар даму стратегиясында жаңа, жасам­паз ештеңе ұсына алмай келеді. Олардың бар айтатыны: бірін­ші­ден, туристік және аралас сала қызметкерлерінің құзыретін дамы­ту және оларды оқыту керек. Екін­ші­­ден, е-Hotel жүйесін құру қажет. Үшіншіден, ұлттық туристік портал арқылы туристік өнімдер мен қыз­меттерді онлайн-сатуды жолға қою шарт. Міне, дәл осы үш жоба 2017 жылы аталған ұлттық компа­ния құрылғалы оның стратегия­сынан стратегиясына көшіп келеді. Тарата кетсек, е-Hotel жүйесінің ісі ілгерілеп кетпеді. Жаңа страте­гияда жыл сайын осы жүйеге 50-ден кем емес қонақ үй қосылады деген нысаналы мақсат белгіленіпті. Олар­­ға клиент тауып бере алмаса, мұның өзі мұң болар. Рас, мәдениет ведомствосының әкімшілік-күш­теу тетіктерін іске қосуы мүмкін. Әйт­песе, озық қонақ үйлер TripAdvisor, Booking, Trivago, Airbnb секілді жа­һандық танымал порталдармен әріп­тесуде. Яғни, олар ел бюдже­ті­нен қаржыландырылатын қонақ үй мен жатын орынды брондауға ар­нал­ған онлайн-сервиске зәру емес. tyrism1 Ал ұлттық туристік портал (kazakhstan.travel) шетел түгіл Қазақ­­стандағы ең сұраныс аз сайттарды бірі саналады. Ол негізінен еліміз­дің қай жерінде қандай көрнекті орын бар  екені туралы «энцикло­педия­лық» ақпаратпен шектелген. Бәрі салыс­тыруда танылады ғой, әлемдегі ең инновациялық, жасан­ды зердеге сүйенген порталдарға құлаш ұрмай-ақ көрші Ресейдің ұқсас russia.travel порталын алсақ: дүниежүзіндегі 13 халықаралық тілде шығатын пор­тал ішкі және сыртқы туристерге ар­налған жеңіл­діктер мен кешбэк­терді ұсынады, елге саяхаттап келу үшін қандай құжаттар қажет болаты­нын не бол­майтынын түсіндіреді. Саяхат­шыны қызықтыра алар қандай іс-шаралар, көрме, марафон, фести­валь (солтүстік көршіде кейбір бұқаралық іс-шараға рұқсат етілген) өтетіні жөнінде күнібұрын хабар­лай­ды: биылғы қазан айының соңына дейін анонс-аңдатпалар орна­ласты­рылған. Жаңалықтары да тұрақты жаңарады, онда тіпті отандық өнім­дері де кең насихат­талады.  

Көрнекті орын көркін көргенсіздік бұзар

Үшінші пунктпен, шетелдік саяхат­­шыларға қызмет ететін қыз­меткерді оқытумен мемлекет бұ­рын­нан, ұлттық компания құрыл­ғанға дейінгі замандардан бері айналысып келеді. Нәтиже көңіл көншітпейді. Басқаны айтпағанда, биылғы тамыз соңында еліміздің ең мәрте­белі, ең қымбат, ең салтанатты қо­нақ үйі саналатын Rixos Aktau өзіне жоспарлы тексерумен келген Ақ­­­­­тау­дың бас санитарлық дәрігерін кіргізбей қойыпты. Және бір емес, үш рет кіргізбеген! Пандемия тұ­сын­да шетелдік туристер қауымдас­тығы алдында бұдан артық масқара, «антижарнама» табу қиын. Ондай кесір тірлікпен тек Бораттың қиям­пұрыс қарекеттері ғана бәсе­­­ке­лесе алатын шығар. Аталған сора­­­қы тірлік әлеуметтік желілерге тарап, шетелдік және отандық ақпарат құралдарында талқыланып, мас­қара болғаннан кейін бес жұлдызды қонақүй ақыры өзімен бірге сани­тарлық қызмет, әкімдік, полиция және БАҚ өкілдерін ерте келген бас санитар Әсима Жарылғасованы есігінен ішке енгізді. Ол, әрине каран­тин талаптарының қанша­­лықты сақталып отырғанын толық тексере алды. Бірақ бәрібір ел көңі­лінде қыжыл қалды. Турист Анна Борисова алма­тылық туристік компаниядан «Та­рихи Түркістан» турын сатып ала­ды. Бұл мекеннің терең тарихы бар қасиетті жер екенін біледі. Содан 25 қыркүйекте ұсынылған туристік автобуспен жолға шығады. Жүр­гізушінің ту сыртында орын тиіпті.
«Түн ортасында тамағымның ісіне бастағанын сездім. Дереу дәрілерімді ішіп алдым. Компа­нияның Мирас есімді өкіліне пісте­ге қатты аллергиялық реакциям (Квинке ісінуі) барын ескерттім. Одан микрофонмен хабарлама жасап, автобус ішінде шемішке шақпауды сұрауды өтіндім. Турис­тер бірден түсіне қойды, ша­ғып отыр­ғандарын шұғыл сөм­ке­­леріне салып қойды. Көңілім жай­ланған­дай бол­ған, кенет ізінше жүргізу­шінің өзі шекілдеуік шаға бастады. Жүргізушіні жолаушылар алаңдата алмайды, бұл ереже ғой. Сондықтан қайтадан ком­пания өкіліне жүгін­­дім. Ол жүр­гізушімен сөйлесе келе, оның ұйық­тап қалмау үшін шеміш­ке шағуын тоқтат­пайтынын айтты және маған автобус­тың түкпіріне кетіп, сонда әлдекіммен ауысып оты­руыма кеңес берді», – дейді саяхатшы.
Бұл ретте автобус салонындағы ауаның ортақ екені, жабық кеңіс­тікте аллергендер ешқайда кетпей­тіні туралы дәйектемені ешкім еле­меген.
«Нәтижесінде, мен автобустың артқы жағына кеттім және түні бойы таблетка ішіп, қылғына жөтелумен болдым. Таңертең тур­компанияның бас кеңсесіне ха­барласып, түнде өміріме қауіп төндірген оқиға бол­ғанын түсін­дірдім. Олар кешірім сұрамақ түгіл жүргізушіге тіпті темекі тартуға да тыйым сала алмай­тын­дарын жет­­кіз­­ді. Иә, айтпақшы, жүр­гізуші бү­кіл жол бойы салон ішіне будақ-будақ көк түтін жіберіп, шы­лым шегумен болды. Мен Қазақ­станның денсаулық кодексіне сәйкес, көлік салонында темекі тұтынуға болмай­тынын білемін. Заңды ешкім сақтамайтын болғаны ма? Туристік ұйымның өз саяхат­шыларының өмірі мен денсаулығына нұқсан келтірер жағдайлардың алдын алмайтыны қынжылтады», – дейді А.Борисова.
Салдарынан ол туристік саяхат­тың аяқталуын күтпей, бір күннен соң ұшаққа билет алып, қосымша шығын шығарып, үйіне ұшып кетті.
Турист шағымданумен шектел­мей, еліміздің Сауда және интегра­ция министрлігінің Тұтынушы­лар­дың құқықтарын қорғау коми­тетіне өтініш жазған: «Шекілдеуік – жүр­гізуші үшін өмірлік маңызды өнім емес, ал жолаушылар үшін өте қауіп­ті аллерген. Сол себепті бола­шақта қызмет көрсету сапасын кө­те­руі үшін тасымал компания­сына қандай да бір шара қабылдауды сұраймын», – дейді ол. Тұтынушының құқығы аяққа тапталғанын көрсе арыстандай ақырып, әділдік талап етуге тиіс комитет сонда не деген? «Бұл мәсе­ле біздің комитет құзырына кір­мейді», – деп сырғытпа жауап қайы­­рып, туризмге жауапты Мәде­ниет және спорт министр­лігіне жүгінуді ұсыныпты.
Осыдан кейін біз нақұрыс комик Саша Барон Коэн «Борат­тың» жалғасын түсіріпті деп алаң­даймыз. «Борат» хикаясының өзі­мізде үздіксіз жалғасып жат­қанын аңдамаймыз.  

АйханАйхан ШӘРІП