Сүрленген жобалардың сұрқы қашты
Бір қызығы, өткен жылы Руслан Дәленовтің Ұлттық экономика министрлігі Kazakh Tourism ұлттық компаниясының даму стратегиясы жобасын қарай келе, оның басты бір кемшілігін атапты. Нақтылай кетсек, онда «саладағы еңбек өнімділігінің өсімі» көрсеткіші жоғын көзге түрткен. Еңбек өнімділігі бүкіл мемлекетте, барлық компанияда басты көрсеткіш екені анық. Бұл сынға Kazakh Tourism не деп жауап қатты? Ол қонақ үй және тамақтану саласында төл компаниялары жоғына шағымданды. Құзырының «аздығына» қапаланды. Сол себептен саладағы еңбек өнімділігінің артуына еш ықпал ете алмайтынын алға тартты.«Қонақ күту және тамақтандыру саласында ұлттық компанияның еншілес және тәуелді ұйымдары жоқ болуына, сондай-ақ саладағы осы ұйымдарға бақылау-қадағалау және өзге де реттеуші функцияларды жүзеге асырмауына, олардың қызметіне тікелей немесе жанама әсер ететін құралының жоқтығына байланысты «еңбек өнімділігінің өсуі» көрсеткіші біздің акционерлік қоғамның тікелей ықпал ету және басқару аймағынан тыс қалып отыр», – дейді Kazakh Tourism.Қынжылтатыны сол нағыз жасампаздардың өз әлеуетін ашуы үшін өрісі мол, мүмкіндігі орасан саланың тізгінін өз қолына алғандар даму стратегиясында жаңа, жасампаз ештеңе ұсына алмай келеді. Олардың бар айтатыны: біріншіден, туристік және аралас сала қызметкерлерінің құзыретін дамыту және оларды оқыту керек. Екіншіден, е-Hotel жүйесін құру қажет. Үшіншіден, ұлттық туристік портал арқылы туристік өнімдер мен қызметтерді онлайн-сатуды жолға қою шарт. Міне, дәл осы үш жоба 2017 жылы аталған ұлттық компания құрылғалы оның стратегиясынан стратегиясына көшіп келеді. Тарата кетсек, е-Hotel жүйесінің ісі ілгерілеп кетпеді. Жаңа стратегияда жыл сайын осы жүйеге 50-ден кем емес қонақ үй қосылады деген нысаналы мақсат белгіленіпті. Оларға клиент тауып бере алмаса, мұның өзі мұң болар. Рас, мәдениет ведомствосының әкімшілік-күштеу тетіктерін іске қосуы мүмкін. Әйтпесе, озық қонақ үйлер TripAdvisor, Booking, Trivago, Airbnb секілді жаһандық танымал порталдармен әріптесуде. Яғни, олар ел бюджетінен қаржыландырылатын қонақ үй мен жатын орынды брондауға арналған онлайн-сервиске зәру емес. Ал ұлттық туристік портал (kazakhstan.travel) шетел түгіл Қазақстандағы ең сұраныс аз сайттарды бірі саналады. Ол негізінен еліміздің қай жерінде қандай көрнекті орын бар екені туралы «энциклопедиялық» ақпаратпен шектелген. Бәрі салыстыруда танылады ғой, әлемдегі ең инновациялық, жасанды зердеге сүйенген порталдарға құлаш ұрмай-ақ көрші Ресейдің ұқсас russia.travel порталын алсақ: дүниежүзіндегі 13 халықаралық тілде шығатын портал ішкі және сыртқы туристерге арналған жеңілдіктер мен кешбэктерді ұсынады, елге саяхаттап келу үшін қандай құжаттар қажет болатынын не болмайтынын түсіндіреді. Саяхатшыны қызықтыра алар қандай іс-шаралар, көрме, марафон, фестиваль (солтүстік көршіде кейбір бұқаралық іс-шараға рұқсат етілген) өтетіні жөнінде күнібұрын хабарлайды: биылғы қазан айының соңына дейін анонс-аңдатпалар орналастырылған. Жаңалықтары да тұрақты жаңарады, онда тіпті отандық өнімдері де кең насихатталады.
Көрнекті орын көркін көргенсіздік бұзар
Үшінші пунктпен, шетелдік саяхатшыларға қызмет ететін қызметкерді оқытумен мемлекет бұрыннан, ұлттық компания құрылғанға дейінгі замандардан бері айналысып келеді. Нәтиже көңіл көншітпейді. Басқаны айтпағанда, биылғы тамыз соңында еліміздің ең мәртебелі, ең қымбат, ең салтанатты қонақ үйі саналатын Rixos Aktau өзіне жоспарлы тексерумен келген Ақтаудың бас санитарлық дәрігерін кіргізбей қойыпты. Және бір емес, үш рет кіргізбеген! Пандемия тұсында шетелдік туристер қауымдастығы алдында бұдан артық масқара, «антижарнама» табу қиын. Ондай кесір тірлікпен тек Бораттың қиямпұрыс қарекеттері ғана бәсекелесе алатын шығар. Аталған сорақы тірлік әлеуметтік желілерге тарап, шетелдік және отандық ақпарат құралдарында талқыланып, масқара болғаннан кейін бес жұлдызды қонақүй ақыры өзімен бірге санитарлық қызмет, әкімдік, полиция және БАҚ өкілдерін ерте келген бас санитар Әсима Жарылғасованы есігінен ішке енгізді. Ол, әрине карантин талаптарының қаншалықты сақталып отырғанын толық тексере алды. Бірақ бәрібір ел көңілінде қыжыл қалды. Турист Анна Борисова алматылық туристік компаниядан «Тарихи Түркістан» турын сатып алады. Бұл мекеннің терең тарихы бар қасиетті жер екенін біледі. Содан 25 қыркүйекте ұсынылған туристік автобуспен жолға шығады. Жүргізушінің ту сыртында орын тиіпті.«Түн ортасында тамағымның ісіне бастағанын сездім. Дереу дәрілерімді ішіп алдым. Компанияның Мирас есімді өкіліне пістеге қатты аллергиялық реакциям (Квинке ісінуі) барын ескерттім. Одан микрофонмен хабарлама жасап, автобус ішінде шемішке шақпауды сұрауды өтіндім. Туристер бірден түсіне қойды, шағып отырғандарын шұғыл сөмкелеріне салып қойды. Көңілім жайланғандай болған, кенет ізінше жүргізушінің өзі шекілдеуік шаға бастады. Жүргізушіні жолаушылар алаңдата алмайды, бұл ереже ғой. Сондықтан қайтадан компания өкіліне жүгіндім. Ол жүргізушімен сөйлесе келе, оның ұйықтап қалмау үшін шемішке шағуын тоқтатпайтынын айтты және маған автобустың түкпіріне кетіп, сонда әлдекіммен ауысып отыруыма кеңес берді», – дейді саяхатшы.Бұл ретте автобус салонындағы ауаның ортақ екені, жабық кеңістікте аллергендер ешқайда кетпейтіні туралы дәйектемені ешкім елемеген.
«Нәтижесінде, мен автобустың артқы жағына кеттім және түні бойы таблетка ішіп, қылғына жөтелумен болдым. Таңертең туркомпанияның бас кеңсесіне хабарласып, түнде өміріме қауіп төндірген оқиға болғанын түсіндірдім. Олар кешірім сұрамақ түгіл жүргізушіге тіпті темекі тартуға да тыйым сала алмайтындарын жеткізді. Иә, айтпақшы, жүргізуші бүкіл жол бойы салон ішіне будақ-будақ көк түтін жіберіп, шылым шегумен болды. Мен Қазақстанның денсаулық кодексіне сәйкес, көлік салонында темекі тұтынуға болмайтынын білемін. Заңды ешкім сақтамайтын болғаны ма? Туристік ұйымның өз саяхатшыларының өмірі мен денсаулығына нұқсан келтірер жағдайлардың алдын алмайтыны қынжылтады», – дейді А.Борисова.Салдарынан ол туристік саяхаттың аяқталуын күтпей, бір күннен соң ұшаққа билет алып, қосымша шығын шығарып, үйіне ұшып кетті.
Турист шағымданумен шектелмей, еліміздің Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне өтініш жазған: «Шекілдеуік – жүргізуші үшін өмірлік маңызды өнім емес, ал жолаушылар үшін өте қауіпті аллерген. Сол себепті болашақта қызмет көрсету сапасын көтеруі үшін тасымал компаниясына қандай да бір шара қабылдауды сұраймын», – дейді ол. Тұтынушының құқығы аяққа тапталғанын көрсе арыстандай ақырып, әділдік талап етуге тиіс комитет сонда не деген? «Бұл мәселе біздің комитет құзырына кірмейді», – деп сырғытпа жауап қайырып, туризмге жауапты Мәдениет және спорт министрлігіне жүгінуді ұсыныпты.Осыдан кейін біз нақұрыс комик Саша Барон Коэн «Бораттың» жалғасын түсіріпті деп алаңдаймыз. «Борат» хикаясының өзімізде үздіксіз жалғасып жатқанын аңдамаймыз.
Айхан ШӘРІП