Иә, бұл тақырып БАҚ бетінде бірнеше рет жазылды. Біз де қаузап көргенді жөн көрдік. Өйткені расымен елімізде тарих «браконьерлерінің» қолына кісен салынбайды. Бұл жөнінде әйгілі ғалым Зейнолла Самашев бірнеше мәрте айтты. Мәселен, археолог Елеке сазы мен Тарбағатай аймағында қысқа қарай трактор немесе басқа да ауыр техниканы әкеліп, ескерткіштердегі әшекейлерді қазып әкететінін атап өткен-ді. «Олардың прокуратура, ішкі істер орғандары сияқты барлық күш құрылымдарында өз адамы бар. Соларға тиісті мөлшердегі еншілерін бөліп береді де, есесіне ешкімнен қауіп болмайды» деп ғалымның ашығын айтқаны бар. Археолог Әзілхан Тәжекеев те ғалымдар көлеңкелі археологиямен күресе алмайтынын, мемлекетте күресетін жүйелі жұмыс жоғын атап көрсеткен.
Заңы әлсіз жерде – би мен қожа көп
Мемлекет ізін «таппай жүрген», археологтар нұсқаудан шаршаған «қара археология» түсінігі қайдан шықты дерсіз. Археолог Сырым Ғадылбекұлы бұл әлемде бұрыннан бар процесс екенін алға тартады. «XVIII ғасырда атақты Трояны ашқан Шлиманның өзі қазына іздеумен айналысқан», – дейді ол. Оның үстіне, археолог «қара археологиядан» гөрі көлеңкелі немесе тарихи браконьерлер деуді жөн көреді. Қазір бұл іс монета мен коллекция жинау сипатына айналып кеткен. Жерорта теңізі маңайында көлеңкелі археологияның қазаны қайнап тұр деседі.Ал елімізде тарих браконьерлерінің көбеюі тәуелсіздік алған жылдардан кейін белең алған. Сырым Ғадылбекұлы мұның үш себебін айтып, жіктеп берді. Оның айтуынша, алдымен қоғамдағы урбанизацияның ықпалы зор. «Тұрғындардың қалаға көшу процесі жүрді де, далалы аймақтар бос қалды. Әсіресе, шекаралы, таулы аймақтар. Аталған аймақтарда қорғандарды қазып, алтын іздеу, қазына іздеу белең алды. Кейінгі 5-6 жылда қатты көбейіп кетуінің себебі – Ресейдегі заңнамалық өзгерістерге байланысты. Олар заңды қатаңдатып тастады да, металл іздеу құралын қолдану үшін археологтердің өзі арнайы рұқсат алатын жағдайға жетті. Содан кейін Ресейде жүрген қазына іздеушілер мен коллекционерлер біздің шекараға қарай өтіп кетті», – дейді археолог Сырым Ғадылбекұлы.Археологпен тілдесу арқылы көптеген дерекпен бетпе-бет келдік. Шынымен де, Ресейде «Мәдени мұра нысандары туралы» федералды заң қатайған соң археологтердің Қазақстан мен Моңғолияға «ауа көшкенін» Алексей Ковалевтың да айтқаны бар. Бұл қалай іске асады дегенге келсек, олар Қазақстанға келіп, заңсыз қазба жұмысын жүрізеді. Мысалы, монета мен қыш ыдыстарға құмар екен. Қызылорда маңындағы көне қалаларда «барлау» жұмысын жүргізіп жүрген шетелдіктерді тұрғындардың да, археологтердің де көзі шалған. «Өздерінен қазына тауып, Қазақстанға өтіп, еліміз арқылы Еуропаға тасымалдап жатқандар бар». Осылай деген Сырым Ғадылбекұлы Қазақстан «көмбенің қақпасы» болып отырғанын меңзейді. Өйткені елімізде «тексеру» жүргізудің әлсіздігі шетелдіктердің тарихи ескерткіштерге қол сұғуына әкелген.
«Көлеңкелі археологияның белең алып кетуінің тағы бір себебі – кейінгі жылдары Алтын адамның жиі табыла бастауы. Археологтердің «ана жерден Алтын адам, мына жерден керемет дүние» табылды дегенін естіп, халық әрбір төбенің астында алтын бар деп ойлайды. Сондықтан жөнсіз қазу жұмыстары көп болып кетті. Қосымша айтар болсақ, заңсыз археологияның «меңдеуіне» журналистер де кінәлі. Олар археологиялық бір жылт еткен фольганы көрсе де, «Алтын адам табылыпты» деп сенсация жасайды. Негізі, бұрындары Кеңес кезінде табылған бағалы дүниелер 1-2 жыл тексеруден өтіп барып, ғылыми жаңалық ретінде қолданысқа енетін. Қазір де солай. Бірақ бүгіндері хабар шыққан күні журналистер «мына жерден алтын шығып жатыр» деп сюжет түсіреді. Сондықтан журналистер сенсация қуамын деп тарихи дүниеге кері әсерін тигізеді», – дейді археолог Сырым Есен.Одан кейінгі мәселе – археологтер қорғандардың бәрін аша алмайды, жартысы қалады. Ал 1,5 жылдан кейін келсе, сол маңайдағы тұрғындар қазып, алтынның бәрін алып кеткен. Археологтердің айтуынша, қазба жұмысын арнаулы методикамен ашпаса болмайды. Ал бұған заңның көзқарасы қандай? Бәрімізге белгілі, 1992 жылы «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау туралы» заң қабылданған. Онда құнды жәдігерлерді сату, контрабандалық жолмен алып жүруге қатысты бап бар. Онда 3-12 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы жазылған. Алайда құжатта сатпау туралы баптың жоғынан көлеңкелі археологиямен айналысатындар заңды белінен басып жүр.
«Көлеңкелі археологияның белең алып кетуінің тағы бір себебі – кейінгі жылдары Алтын адамның жиі табыла бастауы. Археологтердің «ана жерден Алтын адам, мына жерден керемет дүние» табылды дегенін естіп, елдер әрбір төбенің астында алтын бар деп ойлайды. Сондықтан жөнсіз қазу жұмыстары көп болып кетті.
Ал биыл Мәдениет және спорт министрлігі бекіткен Археологиялық жұмыстарды жүзеге асыру қағидалары мен шарттарын бекіту туралы құжаттың 30-бабы 3-тармағында «Тарихи-мәдени мұра объектілерінің сақталып тұруына қатер төндіруі мүмкін жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады» делінген. Жазылғаны болмаса, жазалап жатқанын көрген бірі бар ма екен?Шығыс Қазақстан мен Алматы маңы: қараусыз қалған қорған мен жәдігерлер көп
«Қара археологтердің» көбею себебін анықтап алған соң Сырым Ғадылбекұлынан қай өңірде заңбұзушылық дерегі көп екенін сұрадық. Археолог қорғандарды тонау мен алтын іздеу процесі Шығыс Қазақстан мен Алматы облысы аумағында жиі кездесетінін айтты. Себебі өңірлерде бос жатқан жерлер мен таулы аймақ көп екен. Әсіресе, сақ кезеңі мен қола дәуіріне жататын патшалық қорым мен обада «алтын іздеу» процесі жүреді. Археолог Шығыс Қазақстанның Аягөз, Жарма аудандарында «оқиға орнынан» бірнеше фотосурет түсіргенін де атап өтті. Оның айтуынша, трактормен қазып тастаған жер көп. Алматы облысында да жағдай солай екен.«Жібек жолы бойындағы қалалар ортағасырлық Меркі қаласында, Қордай ауылы маңында бірнеше рет осындай оқиғаға тап болдық. Қызылордада, Сырдың бойындағы ортағасырлық бірнеше қалада монета іздеп, қазып тастаған жерлер көп. Бұларда қазу сипаты басқаша. Алтын емес, монета мен қыш құмыра, тарихи құнды заттар іздейді. Себебі ортағасырлық қалаларда алтын көп болмайтынын біледі. Сол үшін Ресейден келетін коллекционерлер осы аумақтарда көп жүреді. Аймақ тұрғындары «осы жерді орыстар келіп қазып кетті, қолдарында металл іздейтін құрал бар» деп айтады. Металіздегішін пайдаланып жүретін коллекционерлер көп. Ауыл тұрғындары арасында «мына жерде толған ақша екен, қыш құмыралар бар» деген сияқты қауесетті естіп алып, қазып жататындар кезігеді», – дейді археолог Сырым Есен.Сондай-ақ тақырыпқа негіз болуы үшін «археологтер қазған жерін қараусыз қалдырады» деген деректің мәнісін сұрадық. Сырым Ғадылбекұлының айтуынша, қазір заң бойынша кез келген археолог қазған орнын жауып кетуге тырысады. Бұл жерде далалық жерлерде қорған қазатындар жаппай кетуі мүмкін екен. Оның ішіне біреудің малы түсіп кету қаупі бар. Әрбір археолог жерді заңға сүйеніп қазады, лицензиясы бар. Айта кетерлігі, жерді минус температурада қазуға болмайды. Ол кезде жерді бүлдіріп алады дейтін заңдылық бар көрінеді. Сондықтан қазба жұмыстары жаз кезінде жүреді. Бір қорған бірнеше жыл қазылуы мүмкін.
Кең даланы күзетіп жүрген ешкім жоқ
Мәселенің себебі мен салдарын жазған соң шешу амалын да қарастырып көрдік. Археологтар Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты мекемелердің жауапты екенін айтады. Жыл сайын Тарихи-мәдени мұраны зерттеу, қалпына келтіру және қорғау орталығына қаржы бөлінеді. Айта кетерлігі, мекеме атауы әр аймақта әртүрлі сипатқа ие. «Жоғарыдағыдай заңбұзушылықтарға жол бермеудің шешімі – мониторинг жасау» деп отыр археолог Сырым Есен. Археолог өңірлердегі мекеме жұмысынан хабардар көрінеді. Бізге қай аймақта жұмыстың жақсы жүріп-жүрмейтінін жіпке тізіп берді.«Солтүстік Қазақстан облысында бір-екі адам жұмыс атқарып жүргенімен, ресми түрде орган жоқ. Білуімше, аймақтарда Мәдениет басқармасына қарайтын құрылым болуы керек. Павлодар облысында мұндай мекеме жоқ. Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл өңірлерінде бір-бір инспектор отырады. Қалған аймақтарда жоқ деуге толық негіз бар. Әсіресе, Шығыс Қазақстан мен Алматы облысы инспекторлары өте нашар жұмыс істейді. Өйткені заңбұзушылық жиі тіркелгені – жұмыс жүрмегенінің белгісі. Негізі, штаты бар ауданға бара қалсаң, орнында бір домбырашы немесе кітапханашының көмекшісі отырады. Қандай қызмет атқаратынын нақты білмейді. Бұл – осындай жауапсыздықтан, мемлекеттік құрылымдардың тиімсіз жұмыс салдарынан болып жатқан дүние», – дейді археолог Сырым Ғадылбекұлы.Оның айтуынша, мемлекеттік механизмді дұрыстау керек. Басқару механизмін реформалау қажет. Бастысы, инспекцияның жұмысын бір ізге түсіру маңызды. Көлеңкелі археологияға тосқауыл қою – әр облыстағы инспекция, аймақтардағы мекемемен тығыз қарым-қатынас жасауына байланысты. Археолог келтірген мәліметке сүйенсек, өңірлердегі музейден бір жауапты адамды сайласа жетіп жатыр. Екінші бір мәселе, штатта отырғандар бар болғанымен, олардың қолында нақты дерек жоқ. Аймақтағы ескерткіштердің тізімі жасалып, жылына 1-2 рет барып, көріп мониторинг жасап отыру керек. Ол үшін жол шығынына ақша бөлінуі тиіс. Елде бар инспекциялардың жұмысын қадағалап, тексеруден өткізген жөн.
«Заңбұзушылықпен айналысып жүргендер браконьерлер секілді. Табиғатты қорғаушылар сияқты инспекция қызметкерлері де далада жүруі керек. Бізде бірде-бір инспекцияның өкілдері далада жүрмейді. Ең керемет жұмыс істейтін – Қарағанды мен Жамбыл облысы. Ақтөбе мен Маңғыстау көшке ілесіп келе жатыр. Қалған облыстар мен аудандар мұндай жұмыстан бейхабар. Шығыс Қазақстан, Алматы мен Солтүстік Қазақстан облысында өлі тыныштық. Аумақта қанша ескерткіш барын білмейді. Халықпен жұмыс істеу жолға қойылмаған. Жергілікті учаске қызметкерлерімен тығыз байланысқа түсудің амалын қарастырмаған. Қандай ескерткіш қалай қорғалатыны туралы да білімі таяз», – дейді археолог.Білуімізше, жыл сайын министрлік облыстық мәдениет басқармаларының ескерткіштерді қорғау мекемелеріне ақша бөледі. Сол қаржыны тиімсіз пайдаланатын мекемелер көп. Археолог Сырым Есеннің айтуынша, Қарағанды облысы бөлінген 30-40 млн теңге қаржыны тиімді пайдаланып отыр. Соған ескерткіштерді аралап, тақтайша қойып жүреді. Жамбыл облысының да жұмысы ақшаны тиімді пайдаланатындардың қатарынан. Археолог Алматы мен Шығыс Қазақстанға әжептәуір қаржы бөлінетінін атап өтті. Бірақ олар бір Алтын адамның есебін береді де, өңірде құжатқа түспеген біршама жәдігер қалып қояды. Сондықтан мониторинг жасау міндетті. Ақшаны тиімсіз пайдалану тонаушылардың көбеюіне, қорғандардың қараусыз қалуына әкеледі. Қолда бар мәліметке назар аударсақ, елімізде 25 мың тарихи жәдігер бар. Археологтер ашылмағаны, тізімге алынбағаны көп екенін айтады. Олардың айтуынша, көміліп жатса ғана мұра, ал оны қазып алса, ол жер туристік объектіге айналады. Сондықтан елімізде қазылмаған, зерттеуді қажет ететін жерлер жетерлік. Ал археологтер бір жылда бір-екі нысанды аша алса, «қара археологтер» 50-ге жуық жерді қазып тастайды-мыс. Заң қатайып, мекемелер жұмысы жүрмесе, елде түртілмеген төбе, қазылмаған шұңқыр қалмайтын түрі бар.