Ұйымдасқан қылмыстың ұйығы терең

Ұйымдасқан қылмыстың ұйығы терең

 

Оңай табыс, қиын жол

90-жылдары Қазақстанның әр өңірінде өзінің ұйымдасқан қылмыстық тобы болғаны белгілі. Олар, әсіресе Алматы қала­сында көп шоғырланған еді. Солардың ең бір таны­малдары «Сары Алмас», «Баха-фести­валь», «Депутатский корпус», «Адай», «Қара Алмас», «Төрт ағайындылар», «Ай­шуақ-Жантүгел», «Атаба», «Махара-Чива­нин», «Киса» және тағы басқалары күні бү­гінге дейін ел аузында. Одан бөлек, Алма­ты облысында «Абрам», Ақмола облы­сында «Қорғалжын», Қарағанды облы­сында «Қара­кесек», Жамбыл облысында «Кырык­баевские», Шығыс Қазақстан облысында «Восток» сияқты өзге де топтар жетерлік. Этникалық ерекшелігіне қарай құрылған шешен, күрд, ұйғырлардың ұйым­дасқан қылмыстық топтарын да осы салаға қо­сыңыз. Бұлардың көпшілігі серке­лері өліп, қызметін әлдеқашан тоқтатқа­нымен, бір­қатары әлі де бар. Ішкі істер министрлігінің 2014-2015 жылдары жүргізген зерттеуінде (DCOC) қылмыстық топтардың ең көп тіркелген уақыты 1999 жылға (265 топ) сәйкес келеді екен. Мемлекет тарапынан жүргізілген аяусыз күрестің нәтижесінде бұл көрсеткіш 8 жылда он есеге азайып, 2007 жылы 26-ға түседі. Қылмыстық топтардың мүшелеріне қарсы қоз­­ғалған қылмыстық істердің де ең көбі осы жылы (250-ден астам біріктірілген іс) тіркелген екен. 1998-2010 жыл ара­­лы­ғында ҰҚТ-лардың 2 500-ден астам мүшесі, 100-ден астам серкелері қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 200-інің көзі жойылған болса, 1 000-ға жуық экономи­калық және қылмыстық топ тара­тылған. Мемлекет қазынасына мүлік және қолма-қол ақша түрінде 105 миллиард теңгеден астам сома қайтарылған. Қазір де ұйымдасқан қылмыспен ымы­расыз күрестің арасы бір сәтке де үзілген емес. Әйтсе де, ол отыз жыл бұрын­ғыдай крими­нал­мен ғана шектеліп қалып отырған жоқ. Ендігі сипаты алуан, түрі көп. Уақыт дамыған сайын жаңаша тәсілдері пайда болуда. Мәселен, кибер­қылмыстар, транс­планта­циялық хи­рургия, қаржы пирами­дасы, мұнай ұрлау сын­ды қылмыстар белең алып тұр. Ұйымдасқан қылмыстың бір сипаты – діни экстремизм де арнайы орган­дардың жіті қадағалауында. Цифрларға жүгінсек, 2000-жылдардың аяғына таман ҰҚТ-лардың табысын 12,5% экономикалық салада, 50% жалпы­қылмыстық салада және 37,5% қылмыстық, экономикалық және корруп­циялық бағыт­тардың қосындысында жасалған қылмыстар құрапты. Ұйымдасқан қылмыстық топ басшы­лары да көздеген мақсаттарына жету үшін барлық мүмкіндікті пайдаланып қалуға ұмтылатыны анық. Өздерінің эконо­ми­калық мүдделерін саяси тұрғыда қам­тамасыз ету үшін олар мемлекеттік атқа­рушы және заң шығарушы органдарға, сайламалы лауазымдарға, қо­ғам­­дық бір­лестіктерге, саяси партияларға, құқық қорғау органдары мен бизнес құры­лым­дарға өз адамдарын қоюға мүдделі. Тіпті, лауазымды қызметтегі тұлғалармен ауыз жаласып, түрлі қылмыстық «схеманы» сәтті жүзеге асып жүр. Мәселен, Ақтөбеден мұнай ұрлаған «Төрт ағайындылардың» серкесі Еркін Ізбасаровтың ісінде олардың ұрланған мұнайды құжат бойынша бензин деп көрсетіп, Ресей асырғаны айтылады. Ал Серік Жаманаев қылмыстық жолмен тапқан қыруар қаражатты түрлі кәсіпорын мен серіктестік ашып, соның жарғылық ка­пи­талына салып, заңды айна­лымға шы­ғар­ған. Осы тұста олармен күресуі тиіс құ­­қық­қорғау қызметкерлерінің, керісінше олар­мен сы­байлас болып кетуі қынжылтады Ақ­төбедегі мұнай ұрлығында полиция қыз­меткері Рахат Ахановтың, күні кеше «Қара бүркіт» коло­ниясы бастығының ұсталуы осыны аңғар­т­қандай. Мұндай мысалды көптеп келтіре беруге болатыны сөзсіз.  

Астыртын әрекет – ықпал мен текетірес

Соңғы бір-екі жылда еліміздегі ұйым­дасқан қылмыс әлемінде бетбұрысты өзгерістер орын алғанын аңғаруға болады. Бұл мемлекет жүргізген кешенді шаралар нәтижесінде бұрыннан келе жатқан көпте­ген қылмыс серкелерінің бүгінде темір торға қамалғанының әсері болса керек. Олардың соңында қараусыз қалған кәсібін иемденбек ниетте бостандықта жүрген қылмыс жетек­шілерінің арасында майдан басталғандай. Кейбір бөлісе алмаған дүниелерін олар қарудың күшімен тартып алуға талпынуда деп топшылауға болады. Оған бір мысал, Шымкентте болған атыс. «Соқыр Дәулет» лақап есімді қылмыс серкесінің ұлы 35 жас­тағы Нұрғали Мырзабаев жараланып, оның қасындағы досы 33 жастағы спортшы Ғани Құрмановтың қайтыс болуына келесі бір қылмыс серкесі «Жабайы Арманның» қа­тысы бары сөз боп жүр. Өйткені бұл қылмысты жасаған оның досы Дәуір Тәукеев. Ал кейбір ақпарат көздерінде, күдіктінің полицияға өзі барғаны айтылады. Қалай болғанда да бұл жерде ықпал ету аумағын бөлісу, көлденең табысқа талас мүддесі жатуы ықтимал.  

Тіпті, лауазымды қызметтегі тұлғалармен ауыз жаласып, түрлі қылмыстық «схеманы» сәтті жүзеге асып жүр. Мәселен, Ақтөбеден мұнай ұрлаған «Төрт ағайындылардың» серкесі Еркін Ізбасаровтың ісінде олардың ұрланған мұнайды құжат бойынша бензин деп көрсетіп, Ресей асырғаны айтылады. Ал Серік Жаманаев қылмыстық жолмен тапқан қыруар қаражатты түрлі кәсіпорын мен серіктестік ашып, соның жарғылық ка­пи­талына салып, заңды айна­лымға шығар­ған.

  Ал өз уақытында «Жабайы Арман» мен Тоқтар Төлешевтің арасында «криминалдық соғыс» жүргені белгілі. Шымкенттегі атыс осы оқиғаның жалғасы болуы да мүмкін. Өйткені «Сыра королінің» артында заңсыз жолмен тапқан қаншама дүниесі қалғаны белгілі. Оған ие боп қалған «мұрагерлері» бар да болар, бірақ қалай болғанда оларда соншама дүниені ұстап тұрар бедел мен қуаттың қалмағаны анық. Әйтпесе, ертегіде сипатталатын өмір салтын біз Тоқтар Төлешевтің үкімін оқығанда білген едік. Оның зауыттары, киностудиялары, зәулім сарайлары, төрт әйелі, 13 баласы, сансыз малайлары болғаны, тапсырыспен жұл­дыздар алдырып, миллиондаған ақшаны оңды-солды шашып,  сайран құрған Тоқтар Төлешевтің бүкіл бір облысты қорқытып ұстағанын білдік. Жұмыс тәсілі ұрлық-қарлық, азаптау, өлтіру болды. Оңтүстік Қазақстан облысындағы қылмыс әлемін басқару үшін қанды шайқастар ұйымдас­тырды. Шындығын айтқанда, Шымкенттегі шек­тен шыққан «Сыра королін» түрмеге жапқаны, мемлекеттің ұйымдасқан қыл­мыспен кү­рестегі үлкен жетістігі болды деуге болады. Әйтсе де, астыртын әрекет – ықпал мен текетірес қылмыс әлемінде әлі де сая­бырсымай тұр. Оны былайғы жұртшылық тек ақпарат көздерінен ғана біліп қалады. Таяуда Ақтау қаласында «Төрт ағайынды» тобының белді мүшелерінің бірінің тапа тал түсте қалың жұртшылық жүрген ортада өлтірілуі, мұндағы ымырасыз текетірестің ушығып тұрғанын білдіреді. 9 қыркүйек күні аса ауыр от қару жарақатын алған А. есімді азамат ауруханаға жеткізілгенмен, ота кезінде есін жимай қаза болды. Дәрігерлер оның тым мүшкіл халде жеткізілгенін, сондықтан да аман қалуы екіталай екенін айтса, полиция қызметкерлері марқұмның қылмыс әлемінің белді өкілі болғанын анықтаған. Мұндай оқиғалар, ұйымдасқан қылмыстың ілгері буыны темір торға қа­малғаннан кейінгі енші бөлісу шайқа­сының арта түскендігі туралы ойымызды нақтылай түскендей.  

Шетелдің тәжірибесі жеміссіз емес

Әрине, Қазақстандағы ұйымдасқан қылмыс шетелдердегідей кең қанат жайған мафиялардың деңгейіне жетті деуге бол­майды. Мәселен, жапониялық «Якудза», қытайлық «Триада», италиялық «Коза Ностра» және бас­қа да белгілі топтарды алар бол­сақ, олар өз елдерінің аумағынан асып, шетелге қанат жайып кеткен ұйымдар бола­тын. Бізде бұл ахуал әзірге толық қада­­ғалауда. Бірақ бұл қол қусырып қарап отыруға болады дегенді білдірмесе керек. Мемлекет күрестің барлық мүмкіндігін қарас­тыруға тырысады. Осы ретте, шетелдік тәжірибелерге де назар салған дұрыс. Мәселен, Жапония елінде якудзамен күрес­те, олардың мүшелеріне банктен есеп­шот ашуға тыйым салған. 2011 жылы қолға алынған бұл шара араға 4 жыл салып жемісін береді де, 2015 жылы елдегі ірі қылмыстық топтың бірі – Ямагути-гуми ыдырай бас­тайды. Ал 2004 жылы Грузияға президент болған М.Сакашвили «заңдағы ұрылардың» бар­лығын дүние-мүлкін тәркілеп, түрмеге то­ғытқан екен. Онда да бір колонияға №7 түзеу мекемесіне жапқан. Тіпті, шетелде, соның ішінде Украи­нада жалған төлқұжат­тармен жүрген «заңдағы ұрыларды» экстра­ди­ция­латып, бір түрмеге қамаған. Осылай­ша, тар қапасқа қамалған қыл­мыс серке­лерінің ара­сында өмір мен өлімге құрылған арпалыс басталғанға ұқсайды. Бостандықта тек ұры дәрежесінен және өмір салтынан бас тарт­қандар қалған. Мұндай мысал әлем бойынша жетіп-артылады. Бүгінгі таңда да бұл құбылыспен сәтті күресіп жатқан мемлекеттер бар­шылық. Тәуелсіздік таңында ел эконо­микасы тұрақ­тал­­ғанша криминалдық элементтердің дәу­рені жүргені рас. Қазір экономика түзелді, мемлекетіміз крими­налдық ахуалды толық қадағалауында ұстап отыр. Сондықтан дәл қа­зіргі қолайлы шақта мемлекет өткеннің сабақтарын ескеріп, қоғамның әр саласын криминалдық эле­менттерден тазалап, олар­дың қаупін жойып жібермесе де, азайтуы тиіс. Ұйым­дасқан қылмыстың ұйығына мықты мем­лекет қана батпайды.  

Нұрлан ҚОСАЙ