Қай деректі есепке аламыз?
Әуелі Еңбек министрлігінің есебіне көз жүгіртсек. Сонымен, қазіргі кезде 16 378 шетел азаматы Қазақстанда нәпақасын тауып жүр. Оның 637-сі, шамамен 4 пайызы бірінші санатқа (басшылар мен олардың орынбасарлары), 3 481-і екінші санатқа (құрылымдық бөлімшелердің басшылары) енген. Ал қалған 7 617-сі үшінші (мамандар), 1 153-і төртінші (білікті жұмысшылар) санаттар. Одан бөлек маусымдық жұмыстарға – 1 792, корпоративтік ауыстыру шеңберінде 1 698 шетелдік еңбекке тартылған. Елімізге жұмысқа келетіндердің көбі Қытай (3 579 адам), Өзбекстан (1 774 адам), Түркия (1 161 адам), Үндістан (1 266 адам), Ұлыбритания (1 081 адам) елінің азаматтары. Бірақ осы жерден шикілік аңғарғандай болдық. Қай өңірге барсаңыз да, құрылыс саласында жүрген өзбек азаматтарын көресіз. Еңбек министрлігі көрсеткен өзбекстандықтардың саны бұдан әлдеқайда көп секілді. Ведомство тек квота бойынша келгендерді есепке алып отырғаны анық. Ал Ішкі істер министрлігі ақпан айының соңында елімізде жалданып жұмыс істеп жүрген 394 мың өзбекстандықты анықтаған. Жеке тұлғаларға жалданып жүрген бұл азаматтардан ІІМ салығын жинап, жұмысын жалғастыруға рұқсат береді екен. Онда шетелдік жұмыс күші үшін бөлінген квота қайда қалды? 2020 жылы Қазақстан аумағында шетелдік жұмысшыларды тарту үшін 29,3 мың квота бөлінген. Мұның өзі шетелдік еңбек мигранттарына қоғам наразылығы күшейген соң барып азайғанын білеміз. Былтыр 48,7 мың квота болған, оның шамамен 40 пайызы қысқарып отыр.Еңбекақысы аз, жұмысы өнімді
Өзбекстандық еңбек мигранттарын сөз еткенде түрлі пікір айтушылар бар. Бірі қажеті жоқ десе, келесісі өз азаматтарымыз аз ақшаға жұмыс істемейтінін айтады. Ешкімді жалқау деп сөге алмаймыз, бірақ жеке азаматтар үшін өзбекстандықтарды жалдау тиімді болып тұр. Оларға төлейтін ақшаны өз азаматтарымызға беріп, үй-жайыңызды тұрғыза алмайсыз. Сөзіміз жалған болмасын деген ниетпен өзбек жұмысшыларын жалдап көрген азаматтарды іздестіріп, Қызылорда қаласының тұрғыны Мұқан Төлегеновті ұшыраттық. Екі жыл бұрын үйін өзбек азаматтарына салдырған ол көп шығындалмағанын айтады. – 5 бөлмелі үйімді өргізіп, басқа да жұмыстарын жасатқаным үшін 4 өзбек азаматы 300 мың теңге ғана алды. Ал өз азаматтарымызға ондай жұмыс істете алмайсыз. Өрген 1 кесегі үшін 12 теңге сұрады. Менің үйіме 30 мыңнан көп кесек кетті. Сонда тек үйдің кесегін өргізу үшін 360 мың теңгеге шығындалар едім. Өріп береді, қалған жұмыстарына тағы да төлеуім керек болады. Сонда екі есе шығындаламын. Бұл тиімді емес, – дейді азамат.Шетелдіктер жасаған қылмыс көп
Шетелден келген еңбек мигранттарының пайдасымен теңесер залалы да бар. Жыл сайын шекарамызға 5,5 миллион шетел азаматы кіріп-шықса, соның 2,5 миллионы – өзбек азаматы. Ішкі істер министрлігінің дерегіне сенсек, 2018 жылдан бастап 2020 жылдың қыркүйек айына дейін шетелдіктер тарапынан 220 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық тіркеліп, 4 мыңға жуық қылмыс жасалған. Одан бөлек пробациялық бақылауға алынған және жазасын өтеп жатқан 1,3 мың мигрант бар. Қазақстанда қылмыс жасағандардың 83,2 пайызы – жұмыссыздар. Демек, былтыр ел аумағында тіркелген 243 462 қылмыстың 202 560-ы еңбек етпейтіндердің қолынан болыпты. Шетелдіктердің қылмысы да осыған ұқсас, басым бөлігін Қазақстанға жұмыс іздеп келген өзбек азаматтары жасайды екен. Ал заң ғылымының докторы Арықбай Ағыбаев болса, өзге ел азаматтарының қылмысына тікелей шекара қызметіндегілердің кінәсі бар екенін жеткізді.– Шекарамыз өте әлсіз. Өзбекстан азаматтары неге емін-еркін елге кіріп, қылмыс жасай береді? Себебі шекарада жөнді тексермейді. Рұқсаты жоқ адамдарды да өткізіп жібереді. Бұл – шекара қызметінде парақорлық жайлағанының белгісі. Оның үстіне, біз қылмыс жасаған шетел азаматтарын соттай алмаймыз. Еліне қайтарып жіберіп, жазалауды сұраймыз. Ал елімізде соттау үшін мемлекетаралық келісім керек. Әрі кетсе, елден қуамыз. Онымен іс бітпейді. Айналдырған екі жарым жылдың ішінде 25 мың шетелдікті шекарадан шығарып жібердік. Жазасыз кетті. Бұрын ел аумағында қылмыс жасағандардың ізіне түсіп, бәрін тауып, лайықты жазасын берген абзал. Осылар жолға қойылмайынша, шетелдіктердің қылмысы тыйылмайды, – дейді маман.Қорыта айтқанда, індет жағдайына қарамастан 16 мыңнан астам шетелдік еліміздегі жұмыс орындарын толықтырып жүр. Ал жалданып жұмыс істеуге келген еңбек мигранттары азайды ма, ол жағы белгісіз. Бірақ түбегейлі жоғала қоймағаны айқын. Пандемия кесірінен еңбекақысынан айырылған отандастарымыз не істемек?