Салымшылар жинақтың шекті мөлшерден асқан бір бөлігін үй немесе жер сатып алуға, ипотека қарызын жабуға, оқуға, жекеменшік компанияларға инвестиция ретінде құюға құқылы. БЖЗҚ 721 мың азаматқа қордан шамамен 1,4 трлн теңге таратуы мүмкін. Дегенмен кей сарапшылардың уәжіне сүйенсек, зейнетақы жүйесінің басты міндеті – қамсыз қарттыққа кепілдік беру, яғни қартайғанда кедей болу қаупін төмендету. Ал жинақты мерзімінен бұрын жұмсап жіберу негізгі мақсатқа қарсы жұмыс істейді. «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрағасы Үміт Шаяхметованың айтуынша, салымшылар Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинағын шешіп алса, инфляция шарықтап, алыпсатарлық асқынады.
– Бұл – бір реттік науқан. Салымшылардың 6 пайызын ғана қамтиды. Зейнетақы жинағын алуға мүмкіндігі бар адамдар тап осы қаржыға мұқтаж емес. Ал тұрмысы нашар отбасылар қордағы жинаққа қол жеткізе алмайды. Бұл бастама мемлекетке тиімсіз: инфляцияның қысымын күшейтеді, алыпсатарлыққа жол ашады, экономикаға кесірін тигізеді. Жалпы, зейнетақы қорын мерзімінен бұрын пайдалану – популистік шара. Зейнетақы жиналуы керек. Жинақ үй алуға емес, аннуитетке бағытталуы керек, – дейді топ-менеджер.Оның ойынша, идея авторлары халықтың нақты жағдайын ескермеген. Қазіргі таңда 6 миллионға жуық азаматтың жинағы 500 мың теңгеге де жетпейді. Демек, салымшылардың 94 пайызына зейнетақы жинағы әзірге жабық. Қаржы сарапшысы Олег Чеботарев зейнетақы қорының есебінен құрылыс компанияларын жарылқауға үзілді-кесілді қарсы.
– Зейнетақы қорындағы қаржының бір ғана мақсаты бар. Ол – зейнеткерлікке шыққан соң игілігін көру. Оның мақсаты қор нарығын дамыту емес. Сондықтан мен зейнетақы жинақтарын екінші деңгейлі банктерге, экономиканың дамуына жұмсауға қарсымын. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржы тиімді басқарылуы керек. Қазір тиімді басқарылып отырған жоқ – дейді ол.Экономист Олжас Құдайбергенов мүлде басқаша пайымдайды. Бензинді арзандату, қызмет көрсету түрлерін тегін қылу, кредитті кешіру сияқты бастамалар – шын мәнінде популизм. Себебі ұсынысты жүзеге асырудың нақты механизмі жоқ. Ал зейнетақы қорындағы жинағын тұтынудың жөні бөлек.
– Бұл жерде тегін ештеңе жоқ. Керісінше, азаматтарға дамыған елдердегі секілді зейнетақы қорындағы ақшасын үй алуға немесе емделуге алу ұсынылған. Әлемде азаматтардың зейнетақы жинағын қажетіне қарай пайдалану қалыпты нәрсе деп қабылданады. Мұны жоққа шығару қате және бұл мүмкіндік тұрмысы нашар азаматтарға емес, орта тап өкілдеріне беріліп отыр. Бұған дейін үнемі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға ғана жағдай жасалып келді. Ал жұмыс істеп, салық төлейтін орта тап өкілдері назардан тыс қала берді, – дейді маман. Экономистің есебінше, бұл науқан алыпсатарлық пен инфляцияға негіз болмайды. Өйткені қордан алынған ақшаның 60-70 пайызы несие төлеуге жұмсалады. Ал несиенің басым бөлігі мемлекеттік бағдарламалар арқылы үлестірілген. Яғни, қарыз кері қайтады. «Ақшаның қалған 30-40 пайызы – шамамен 420-680 млрд теңге тұрғын үй сатып алуға кетуі мүмкін. Дәл осы қаражат тұрғын үйге сұраныстың қайта артуына әсер етеді», – дейді Олжас Құдайбергенов.Тұрғын үй демекші, риэлторлар зейнетақы қорындағы ақша жаппай нарыққа шығарылса, баспана бағасы өсіп, әр шаршы метрі 5 пайызға дейін қымбаттайды деп болжайды. Әрине, Қазақстан Үкіметі мұндай үлкен іске кіріскенде ең алдымен шетел тәжірибесіне жүгінетіні анық. Қоғамда Сингапур үлгісі қызу талқыланып жатыр. Сингапурда да зейнетақы жинағын тұрғын үй мен оқуға жұмсау үшін қордағы ақша біздегідей белгілі бір шекке жетуі қажет. Бірақ ел азаматтарының жалақысынан зейнетақы қорына біздегідей 10 пайыз емес, 37 пайыз ұсталады. Тағы бір айырмашылық – Қазақстанда орташа жалақы мөлшері 200 мың теңге болса, Сингапурда теңгеге шаққанда 1,5 миллионға жуықтайды. Яғни, сингапурлықтардың шектік сомаға жетуге мүмкіндігі жоғары. Кіп-кішкентай арал-мемлекет осы тәжірибенің арқасында тұрғын үй бағдарламасын өте табысты жүргізіпті. Бүгінде азаматтарының 90 пайызында жеке баспана бар және оның 80 пайызын мемлекет салып берген. Дегенмен олар да кемшіліксіз емес. Көбінің үйі болғанымен, қартайғанда күйі болмай қалған. Қариялар еңбегінің жемісін жей алмай, тұғырдан тайғанда кендірді жіпке жалғап, мардымсыз зейнетақысын місе тұтуға мәжбүр. Қысқасы, екі тараптың да уәжі орынды. Таразының қай басы ауыр тартатыны әлі беймәлім. Уақыт көрсетеді.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ