Осыған байланысты жергілікті ветеринарлар ауру ошағында болып, ауырып тұрған жылқылардың клиникалық белгілері бойынша (өлген жылқылардың басын тексергенде ересек гастрофилез құрттары анықталған) «жылқы гастрофилезі» деген болжамды диагноз қойды. Сонымен қатар аудандық ветеринарлық зертханаға ауырып тұрған жылқы малдарының тезегі, ішкі органдары тексеруге жіберіліп, зерттеу қорытындысы бойынша «жылқы гастрофилезі» ауруына оң нәтиже берген. Осыған дейін бірнеше БАҚ-та мәлімделгендей, 200 бас жылқының өлгені өтірік болып шықты. Қазіргі кезде ветеринарлардың анықтауы бойынша нақты өлген жылқылар саны – 29 бас. Бұл ауру паразитарлық ауруларға жататындықтан, ауруға қарсы ветеринарлық іс-шаралар мал иесінің өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Сондай-ақ жылқы гастрофилезі ауруы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы №7-1/559 бұйрығымен бекітілген «Жануарлардың және адамның денсаулығына қауіп төндіретін жануарларды, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізатты міндетті түрде алып қою және жою жүргізілетін кездегі жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне» енгізілмегендіктен, мал иелеріне өтемақы қарастырылмаған. Мал иелері тарапынан жылқылары ауырып тұрғаны туралы уақытылы ветеринарларға хабарланбаған. Жылқы гастрофилезі ауруы бөгелек дернәсілдерінен пайда болатын ауру болғандықтан, аурудың алдын алу шараларын жүргізбесе, бөгелек дернәсілдері жылқы ағзаларында ересек құрттарға айналып, емдік шаралар жүргізу тиімсіз болып есептеледі. Қазір өңірде эпизоотиялық ахуал тұрақты. Бұл жұмыстар облыстық ветеринария басқармаcының бақылауына алынған.
Миуа БАЙНАЗАР, Қызылорда облысы