Трамп: Түркия енді ДАИШ* содырларының темірторда қалуына жауапты
Трамп: Түркия енді ДАИШ* содырларының темірторда қалуына жауапты
5,136
оқылды

АҚШ Түркияның Сириядағы әскери операциясын қолдамайды және мұны «жаман идея» деп атады. Бұл туралы президент Дональд Трамптың мәлімдемесінде айтылады.

«Бүгін таңертең НАТО-ның мүшесі саналатын Түркия Сирияға басып кірді. АҚШ бұл шабуылды құптамайды және Түркияға бұл операцияның жаман идея екенін қадап айтады», деп жазылған Трамптың мәлімдемесінде.

Оның сөзінше Түркияның Сириядағы операциясы жүріп жатқан аумағында АҚШ әскерилері жоқ. «Алғаш рет саяси аренаға аяқ басқан күннен бастап мен осындай шегі мен мағынасы жоқ, әсіресе Құрама Штаттарға еш пайдасы жоқ соғыстарға кіріккім келмейтінін ашық айттым», - деді Ақ үй басшысы.

Трамп енді тұтқындағы ДАИШ* (ҚР аумағында тыйым салынған лаңкестік ұйым) содырларының темірторда қалуын қамтамасыз ету енді Түркияның жауапкершілігі екенін алға тартты.

Еске салсақ Түркия Сирияда әскери операциясын бастады. Түрік авиациясы мен артиллериясы көрші ел аумағындағы күрд жасақтарын соққыға алды. Әскери операцияның мақсаты – лаңкестерге оңтүстік шекарада бекінуіне жол бермеу. Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның мәлімдеуінше, әскери операция нәтижесінде, екі ел шекарасында қауіпсіз аймақ құрылмақ. Нәтижесінде, Түркияны паналаған сириялық босқындар өз үйіне оралады.