Алматы облысында жұмыскерлер арасында болған кикілжіңнен төрт Қытай азаматы зардап шекті
Алматы облысында жұмыскерлер арасында болған кикілжіңнен төрт Қытай азаматы зардап шекті
175
оқылды

Алматы облысы Ақсу ауданында жол-құрылыс жұмыстарын орындау барысында "Citic Construction" ЖШС төрт қызметкері яғни ҚХР төрт азаматымен жұмыс барысында кикілжің туып, соңы төбелеске ұласқан. Бұл туралы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі хабарлады.

Салдарынан ҚХР азаматы тұруға ықтиярхат рәсімдеген этникалық қазақ зардап шекті. Ол жеңіл жарақат алған. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1 бабы «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бойынша шетел азаматы әкімшілік жауапқа тартылды.

Алайда келесі күні бірқатар жергілікті тұрғындар мен компаниядағы қазақстандық қызметкерлердің бір тобы мәселенің байыбына бармастан өндіріс аумағы мен тұрғын вагондарда жүрген Қытай азаматтарын соққыға жыққан.

«Бұзақылық әрекет салдарынан зардап шеккен төрт ҚХР азаматы түрлі деңгейдегі дене жарақаттарымен емханаға жеткізілді», - деп хабарланады.

Аталған факті бойынша полиция ҚР ҚК 293-бабы 3-бөлігі, «бұзақылық», 107-бабы, 2-бөлігі және 106-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады.

    «Жоғарыда аталған қылмыстарды жасаған күдіктілер анықталып, қамауға алынды», -деді полиция Департаменті.

Сондай-ақ компанияны тексеру барысында 33 шетелдік жұмыскер Қазақстанның миграциялық заңнамасындағы талаптарды бұзғандары анықталды. Кінәлілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларды ел аумағынан шығару жайы қаралуда. Бұдан өзге заңсыз көші-қон ұйымдастырған заңды тұлғаларға қатысты да тергеу басталды.

Іс Ішкі істер министрлігінің бақылауында.