«Абайдан» толғанып қайттық
«Абайдан» толғанып қайттық
368
оқылды

Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театры өзінің ХХІХ маусымын «Абай» спектаклімен ашты. Қаллекидің «Абайы» 2009 жылдан бері қойылып келеді.

Театр маусымын көрермен қатар театр ұжымы да асыға күтеді. Жайқалған қызыл кілем. Сағынып күткен көрермен. Аңсары ауып тұратын сахна. Бәрі де үйлесім тауып, жиылған қауымның көңіл-хошын арттыра түсті. Биыл бұл театрдың шымылдығын ашу салтанаты белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемировқа бұйырды. Театрдың көркемдік жетекшісі – Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов.


Әртістері де сайдын тасындай кіл мықтылар. Бірі уығын шаншып, бірі шаңырағын көтеріп, бірі керегесін ұстап тұр. Ешқайсысы да осал емес. 29 жыл бойы театрдан көрермен үзілмей тұрса, бұл да әрістердің мықтылығы. 

Бұл сахнадан көрермен талай-талай сүйекті шығармаларды тамашалаған еді. Тамашалай да бермек. Театрдың ең үлкен жаңалығы – 30 маусымды жаңа ғимаратта, салтанатты сарайда қарсы алғысы келеді. Алла жазса, бұл күн де алыс емес.



Хош делік. Салтанатты рәсімнен кейін көпшілік «Абайды» көруге ұмтылды. Зал лық толы. Сахна шымылдығы түрілді. Төрде – Абай-Тілектес Мейрамов.  Сілтідей тындық. Екі жарым сағат бойы тапжылмай көрдік. Жүректі қозғады. Режиссер Әлімбек Оразбековтің де көксегені осы емес пе?

Ғасырлар бойы қалыптасқан кертартпа әдет, мылқау күш, дүлей заманды айыптап өткен ойшыл Абай бейнесі. Қоғамдағы кереғарлыққа қарсы. Дүлей заманның сұмдығынан азап тартқан қазағын бұдан қалай арашалап алмақ? Сөз түсінетін қауым бар ма? Жүрек неден дертті? Жүрек ғана ма? Қоғам да дертті ғой.



Сахнада Абай ойы, философиясы Абай-Нұркен Өтеуіловтің аузымен айтылады. Жас Абай да,  аға Абай да жан дертін жұртына жеткізе алмай арпалысады. Қоғам неге өзгергісі келмейді? Адам неге бойкүйез?  Әуезов драматургиясы өткен ғасырда жазылғанымен әлі де өзектілігін жоймаған.

 Сол баяғы «ішті жайлаған  у мен өрт», «мыңмен алысқан» сәтін екі бірдей актер әсем бейнелеген. Біз сахнадан ізгіліктің дәмін тататын жақсы туынды көрдік. Ойға қалдырды. Жүрекке қабылдадық. Толғандық. 



Қазақтың қасіретін де, қасиетін де осынау дана шалдан асырып айтқан ешкім жоқ. Асқар Сүлейменовше түйсек, «бүгінгі қазақтың да ішетін уы мен балы – Абай» деп байлам жасағымыз келеді. Жұрт болайықшы. Елдікке ұмтылайықшы. Ұлт ретінде жоғалмауды ойлайықшы. Қасіреттен ада болып, қасиетке ұмтылайықшы. Біз адасқан емес, бірлікке ұмтылған ұлт болғымыз келеді. «бірлік – ақылға бірлік» екенін ұмытпасақ болғаны...

 

Бөрте ҚОҢЫРАТ