Алматы облысының аумағында қоқыс үйінділері жетіп артылады. Басқа ірі елді мекендерді айтпағанда екі миллионнан астам тұрғыны бар алып мегаполис Алматы қаласынан облыс аумағындағы полигондарға жылына 10 миллион тоннаға жуық тұрмыстық қатты қалдықтар мен күл-қоқыс шығарылады.
Қаланың бұрынғы басшылары қалдықтарды өңдеуден өткізу арқылы проблеманы шешеміз деп алғашында білек сыбана кіріскендерімен, артынан оларынан түк шықпай қалатынын көріп те, естіп те жүрміз. Қалдықтарды қайта өңдеудің жолға қойылмағаны кесірінен қоқыс полигондары төңірегіндегі түсінбестік жыл сайын туындайды. Биылдың өзінде Қарасай ауданындағы осындай орындардың біріндегі қалдықтар қабаты тереңнен өртеніп, аптадан астам уақыт айналасын улағанын жақсы білеміз.
Облыс орталығы Талдықорған қаласында да жағдай оңып тұрған жоқ. Қалалық полигондағы миллиондарға жасалған қайта құрылымдауға қатысты жылдарға созылған дау-дамай реттелгендей болды. Алайда онда да оқыс оқиғалар тіркеліп тұрады. Желді күндері Үштөбе бағытында жолға шыққандар жаз айларында қар жауған екен деп ойлап қалары анық. Өйткені қоқыс полигонынан ұшқан целлофан пакеттер мен қағаздар және тағы басқа жеңіл-желпі қоқыстар жолдың екі жағындағы қараған-бұталардың басына ілініп, аппақ болып желбіреп тұрады. Полигонның Қаратал өзеніне таяу орналасқаны тағы бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын табиғат қорғаушылар жаңбырлы күндері полигоннан шыққан ақаба судың өзенге қосылып кететінін айтып дабыл қаққан. Ал жерасты суларының қалай ластанып жатқанын зерттеген ешкім жоқ.
2014 жылдан бері Талдықорғанда төрт әкім ауысты. Олардың барлығы тағайындала салысымен аялдамаларды ауыстырып, тротуарлар мен алаңдардың тасын қайта төсеп, қоқыс жинайтын контейнерлерді жаңалауға әуестіктерімен жұрт есінде қалды. Шет елдерге барып келеді де, көргендерін жан-жақты зерделеп-зерттеместен, дереу қолға алады. Қоқысты сұрыптап жинайтын шағын жасыл жәшіктердің ғұмыры бірер жыл ғана болды. Қолданыстан қалған электр шамдары мен түрлі көлемдегі қуаттау батареяларын салатын сары қорапшалардың қызығын пластикалық ыдыстар мен қағаз қалдықтары көрді. Енді міне, өткен жылдың соңынан бері тұрғын үй орамдарындағы аулаларға жерді тереңдете қазылып қойылған жаңа үлгідегі контейнерлер аузы-мұрнынан шығып, айналасын сасытып тұр. Бағасы қымбат контейнерлерді сатып әкеліп орнатқандар, ондағы жиналған қалдықтарды тазалаудың өзіндік талаптары мен арнаулы техникалары барын ескермепті. Әйтеуір аталған салада басталмай жатып тасталған немесе орта жолда тоқтап қалған жобалар жетерлік. Осыдан оншақты жыл бұрын Талдықорғандағы индустриялды аймақта отын талғамайтын, қоршаған ортаға зиянын тигізбейтін жылу-энергетикалық орталығы салынады, бүкіл қоқыстың бәрін соның көмейіне тастап, тазаланып қана қоймай, арзан энергетикаға қарық боламыз дегенде қуанған едік. Оның соңы да су аяғы құрдымға кетті.
Енді міне, Алматы қаласы мен облыстан шығарылатын қатты қалдықтарымыздан құтылудың жолында шетелдіктердің көмегіне сүйенетін болдық. Амандық болып, ойлағандары орта жолда қалмаса, әлемдік тәжірибесі бар француздық компания Алматы облысында қатты қалдықтарды жинайтын және өңдейтін екі заманауи полигон салады. Олардың бірі – Талдықорған аймағына, екіншісі Алматы өңіріне орналастырылады. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен француздық SUEZ компаниясы мен отандық Keremet Projects компаниясы өкілдері арасындағы кездесуде осы жөніндегі уағадаластыққа қол жеткізілді.
SUEZ Grouр компаниясының халықаралық қатынастар жөніндегі вице-президенті Тимоти Каржильдің айтуынша, полигондар барлық экологиялық талаптар сақтала отырып салынады, яғни арнайы сүзгіден өткендердің жерге сіңбеуіне, жерасты суларын былғамауына, ауаны зиянды заттармен ластамауына баса назар аударылады. Компания қалдықтарды өңдеуден өткізу нәтижесінде, энергияның бірқатар түрін, биогаз, тыңайтқыш шығарады. Мұндағылар қалдықтарды өңдеуге және энергияға айналдыруға болатындар, сонымен бірге өңдеуге келмейтіндер деп екі топқа бөлу арқылы жұмыс істеуге маманданған. Сол сияқты «дымқыл» деп аталып жүрген, жасыл электр энергиясын өндіруде пайдаланылатын муниципалды қалдықтарды да өңдейді. Ал өңдеуге келмейтін қоқыс отқа жағылып, энергия өндіріледі. Бұл әрекет кезінде де түтінді тазалау, қоршаған ортаны ластамау жағы да ойластырылған.
Қатты қалдықтарды жинау және өңдеу технологиясы бойынша әлемдік деңгейдегі көшбасшы болып саналатын компания 80 елде өз қызметін көрсетіп отыр.
Компанияның қызметі, жобаларының ерекшелігі жайлы тыңдаған облыс әкімі бірінші кезекте Талдықорған және Алматы аймақтарында екі полигон салуды ұсынды.
– Біріншісін Талдықорғандағы полигон базасында орналастырып, мұнда облыс орталығымен бірге жақын аудандардан, Текелі қаласынан қалдық тасымалдауды жолға қоямыз. Сонда жылына 150 мың тоннаға жуық қалдық жинақталады. Екінші полигонды Алматы қаласына жақын маңнан, халық тығыз қоныстанған Еңбекшіқазақ ауданынан салған дұрыс. Бұл полигонға Талғар ауданынан, Алматы қаласы мен Іле ауданының бірқатар бөлігінен қоқыс жеткізілетін болады. Бірлескен жобаны жүзеге асыру мақсатында, арнайы жұмыс тобын құрамыз, оның құрамына SUEZ және Keremet Projects компанияларының өкілдері, менің ТҮКШ саласына жетекшілік ететін орынбасарым, сол сияқты тиісті басқармалардың басшылары кіреді, – деген Амандық Баталов өзінің бірінші орынбасары Л.Тұрлашовқа, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Б.Тәнекеновке жобаны іске асыруды бақылауға алуды тапсырды.
Болат АБАҒАН,
Алматы облысы