Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбайұлы 1939 жылы 6 желтоқсан күні Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы (бұрынғы Гурьев облысы) Оңды ауылының Мырзайыр деген жерінде туған. Еліміз абыз ағамыздың 80 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтіп жатыр.
Әбіш ағаны бұрын сыртынан білгенім болмаса, жүзбе-жүз араласу, бірге жұмыс істеу бақыты ол кісінің 1992-1993 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметін атқаруымен тұспа-тұс келді. Әбіш аға редакторлық қызметті Қазақстан Республикасы Жоғарғы кеңесінің Мәдениет, тіл және ұлтаралық қатынастарды дамыту жөніндегі комитеттің төрағасы қызметімен қоса атқарды.
Халқымыз ғасырлар бойы аңсаған азаттықтың ақ таңын Әбіш Кекілбайұлы барлық құштарлығымен қарсы алғаны анық. Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң шағында «Бүгінгі отаншылдық – төзім, бүгінгі ерлік – сабыр, бүгінгі елдік – тыныштық» деп алты алашына байламды сөз айтқан да Әбіш аға болатын. Ол – саналы өмірі мен бар болмысын ел Тәуелсіздігінің тұғырын бекітуге аямай жұмсаған қайраткер.
«Егемен Қазақстан» газетінің редакциясында азғантай уақыт бірге жұмыс істеген екенбіз. Шер-ағаңның кезінде газет «Егеменді Қазақстан» деген атпен шығып келе жатқан. Әбіш Кекілбайұлы «Осы «ді» деген артық, бұрынғы жырауларда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Сондықтан газетті «Егемен Қазақстан» деп өзгертейік», – деп редакциялық алқа жиынында ұсыныс жасаған, іле-шала осы ұсынысқа сәйкес газет атауын өзгерткен-ді.
Әбіш Кекілбайұлы «Егеменге» бас редактор болуымен қатар Жоғарғы Кеңесте комитет төрағасы қызметін атқарды дедік. Қазақ парламентаризмінің ең бір қызу, ең ауыр кезеңі болатын. Бас редакторымыз Жоғарғы кеңесте болып жататын қызылкеңірдек айтыстардың қақ ортасында отырады. Сол кезде жер, тіл, ұлттық мүддеге қатысты мың сан мәселе атойлап көтерілетін. Әбіш ағаның жұмыс кестесі өте тығыз. Қаншама жауапты мәселелер талқыға салынып, қазақ елінің тіршілік арнасын жөнге салу қамында жүрген кезі. Соның арасында газетке уақыт тауып, редакцияға соғады. Газет редакциясында бас редактор өткізетін лездеме деген болады. Маңызды тақырыптар осында талқыланады. Редактор барлық журналистке арнайы тапсырма береді. Сондай жиындардың үстінде Әбекең тікелей қатысқан лездеменің бірқатарын қағаз бетіне түсіріппіз. Ол кезде диктафон деген жоқ. Естігенімізді естіген күйінше қағаз бетіне түртіп алып отыруды дағды еткенбіз. Шіркін, қазіргідей ұялы телефон болғанда Әбіш ағаның талай толғамды ой-пікірін бейнежазбаға түсіріп алуға болатын еді!...
Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінде оқып жүрген кезімізде Әбіш Кекілбайұлының алғашқы өлеңдер жинағы «Алтын шуақты» оқып, «бұл кісі неге өлең жазуды қойып кетті екен?» деп ойлайтынбыз. Әбекеңнің «Бір шөкім бұлт» атты туындысын жастығымыздың астына қойып оқығанбыз. «Дала балладалары» да жанымызға жақындығымен жадымызда жатталған.
Кекілбайұлы қаламынан туған «Күй», «Ханшадария хикаясы», «Аңыздың ақыры», «Шыңырау», «Бәйгеторы» повестері тарихи тақырыпқа тереңдеудің баспалдағы іспеттес. «Үркер», «Елең-алаң» тәрізді толайым туындылар сосын өмірге келді. «Абылай хан» атты драмалық дастанында қаламгер тарихи тұлғаның барлық болмысын көркем өрнектеді.
Әбіш Кекілбайұлы әдебиет ауылына ақын болып келіп, ақын болып дүниеден өтті. «Дүние ғапыл» жыр жинағы – соның дәлелі.
Өзім Әбіш Кекілбайұлының «Жә, Пушкин болса қайтеді екен?!..» деген 1987 жылы жазған мақаласын түйсіне де сүйсіне оқығанды қалаймын.
Осы мақалада Әбекеңнің Пушкин туралы толғанысын «Онсыз да: «Мені Россияда әрі талантты, әрі сезімтал қылып жарату қай сайтанның қиялынан туған іс екен?» – деп қырық оттың ортасына түсіп, қаралай күйіп-пісіп өлуге айналған ол бейбақтың ойда-жоқта опат тапқанында күллі астана осынша дүрлігетіндей не бар?» – деп бастап, ежелгі абыздарша толғай жөнелетін жері бар.
«Біз әншейінде дүниедегі не кереметті тындыратын «Құдай емес, бірақ құдайдан былай да емес» бөлекше жандар деп ұғамыз. Осы ұғыммен былайғы жұртқа ұқсамай бөлектеніп тұруға, бөлекше көрінуге тырысып, өз өкшемізді өзіміз көтеріп, тыраштанып бағамыз. Ал шын ұлы, шын данышпандардың қай-қайсысының да өмір жолына сұғына кіріп, шұқшия үңілсек, көретініміз де, ұғатынымыз да біреу-ақ: олардың да мына өздеріміз секілді қуыс өзек жан болғандары, біз секілді қуанып, біз секілді күйзелгендері... Бірақ таңғалатын нәрсе бұл да емес, таңғалатын нәрсе басқада: сол кейбір өздеріміз секілді жұмыр басты пенделердің күнделікті тіршілікті, тіршіліктің күнделікті өзіміз көріп жүрген күйбеңіне дәл өздерімізге ұқсап күйіп-пісіп жүріп-ақ, былайғымыздың қай-қайсысының да қолынан келмейтін ерекше істер тындырып кететіндігінде» деген толғаныстарынан Әбіш Кекілбайұлының жеке басына қатысты ой өрбітуге болар еді...
Әбіш ағаның қалай өнімді жұмыс істегенін мына деректерден байқауға болады. 1974 жылы «Дәуірмен бетпе-бет» сын мақалалар жинағы, «Бір уыс топырақ», 1979 жылы «Тырау-тырау тырналар», Маңғыстау түбегінің өткені, бүгіні, болашағы туралы «Ұйқыдағы арудың оянуы» тарихи-танымдық баян, 1982 жылы «Шыңырау» повестер жинағы, 1992-1993 жылдары таңдамалы екі томдық,
1995 жылы «Заманмен сұхбат», 1998 жылы «Азаттықтың ақ таңы», публицистикалық мақалалары, толғамдары, 1999 жылы 12 томдық шығармалар жинағы жарыққа шықты.
Әбіш Кекілбайұлының «Үркер» (1981), «Елең-алаң» (1984) романдары қазақ әдебиетінің үлкен табысы ретінде бағаланып, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын алды.
2001 жылы шыққан «Талайғы Тараз», 2002 жылы шыққан «Шандоз» кітаптарында тарихи тақырыпты ғылыми дәйектеудің үлгісін көрсетті. 2009 жылы «Сыр десте» деп аталатын автордың көпжылдық ой-толғаулары, эссе, естелік, сөйлеген сөздерінің 5 томдық жинағы жарыққа шықты.
Еліміз егемендік алған жылдары Әбіш Кекілбайұлы көптеген ғылыми-танымдық, зерттеу мақалаларын жазды. «Егеменнің» екі-үш нөміріне «Бетерден де бетер бар» деген публицистикалық мақаласы жарық көрген болатын. Сол тұста Әбекең саясат, мәдениет пен тарихтың талай толғақты да өзекті мәселесін көтерді.
Әбіш Кекілбайұлы еңбектері әлемнің көптеген еліне танымал болды. Әбекең Қазақстан Президентінің бейбітшілік және рухани келісім сыйлығының лауреаты, «Отан» орденімен, Түркі елдері қауымдастығының шешімімен «Түркі дүниесіне сіңірген еңбегі үшін сыйлығымен» марапатталған. 2003 жылы «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев» орденін алған.
Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қарымды қаламгер, драматург, философ, сыншы Әбіш Кекілбайұлының артында мол мұрасы қалды.
Биылғы мерейлі жылда Әбіш Кекілбайұлының еліміздің тәуелсіздігіне дейінгі жылдардағы қоғамдық-саяси қызметтерін, Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы саяси қызметтеріне қайта бір үңілу қажет. Қазіргі жас ұрпақ Тәуелсіздіктің қазығы қалай қағылғанын, уығы қалай шаншылғанын, шаңырағы қалай көтерілгенін білуі керек-ақ нәрсе. Бұл үшін сол тұста барлық айтыс-тартыстың бел ортасында болған Әбіш Кекілбайұлының қоғамдық-саяси көзқарастарын біліп, жазған еңбектерін терең зерделеуі тиіс.
Тұтас алғанда, Әбіш Кекілбайұлы туындыларын зерделеген адам оның ТАРИХ ПЕН ТӘУЕЛСІЗДІК ұғымдарын өмірлік өзек етіп алғанын көрер еді. Қазақтың ұлт болып ұйысу, мемлекет болып қалыптасу жолында елге ес, сыртқа сес болған тұлғалардың қатарындағы Әбіш Кекілбайұлының орны айрықша. Оның есімін ғаламдағы соңғы жүз жылдықтың атақты жүз қаламгерінің қатарына қосты. Әбіш Кекілбайұлы – классик қаламгер, шебер суреткер, атақты аудармашы ретінде ғана емес, кемел ойлы кенен парасат иесі ретінде мойындалған тарихи тұлға.
Тәуелсіздік баға жетпес құндылық десек, оны баянды ету – бүгінгі және келер ұрпақтың азаматтық, перзенттік парызы. Әбіш Кекілбайұлы өзінің перзенттік парызына парасаттылық тұрғысынан жауап берді, қаламгерлік шабытпен даналық ойды дамытқан дарабоз ретінде дараланды.
«Біздің тарих – тақсіретті тарих. Сондықтан да оның ащы-тұщы тағылымы мол. Дәурендеген замандарымызды айтып дарақыланбай, дәурен тайған замандарымызды айтып қарадай сарыуайым сапырмай, оның қалай болып, қалай қойғанын терең пайымдап, озған тұстарымыздан өнеге тауып, опық жеген тұстарымыздан қорытынды шығарып, жан-жақты тағылым алмайынша, бүгінгі жасампаздық керек салиқалы ұлттық санаға қол жеткізе алмаймыз. Отаршылдық озбырлықты өрбітеді. Озбырлық жалаға жүгінбей тұрмайды. Тарихтағы талай қиянат көпе-көрінеу жалақорлықтан басталған. Өркениеттік бейқамдық – кешегі жеңгендердің ұрпақтарын бір кезде олардан жеңілгендердің ұрпақтарына кіріптар етті. Бодандық дегеніміз – обал-сауабыңды біреуге артып, құдайдың салғанына көну. Бостандық дегеніміз – өз тағдырыңның жауапкершілігін өз мойныңа алып, өз қамыңды өзің қамдау», – деген Әбіш Кекілбайұлының сөздері әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ.
«Азаттыққа жету қандай қиын болса, азаттыққа үйрену де сондай қиын. Азаттықтың асау тұлпарының тізгініне тұтымды уыс, тегеурінді тақым, тереңнен толғап, алыстан барлап, қапысыз шешім таба алар кемел ақыл иелік ете алмақшы. Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік. Тәуелсіздігімізді сырттың алакөздігінен, іштің алауыздығынан аман сақтап қалу – біздің тарих алдындағы ең басты парызымыз. Тәубемізден жаңылмасақ, тәуекелімізден тайынбасақ, тәуелсіздігіміздің тасы өрге домалайды. Тәуелсіздік біздің тілегімізді емес, біз оның тілегін тілеуіміз қажет», – деген Әбіш Кекілбайұлының маржан сөздерін түсіне, түйсіне білгеніміз абзал.
Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлының қаламынан туып, қазақ көркемсөзінің қуатын жалпақ әлемге танытқан мерейлі шығармалары баршылық. Баяғы Әйтеке, Қазыбек, Төле би бабаларымыз тәрізді елдің қамын жеп, айтқан түйдек-түйдек ойлары ел-жұрттың ортақ қазынасына айналуы керек.
«Елін сүйген азаматқа ең үлкен қайғы – өз халқының тағдырынан тыс қалу». «Жау бетке – білектімізді, дау бетке – біліктімізді, жарастыққа – жақсымызды жұмсаған халықпыз».
«Қазақ халқы – жұрт ойлап жүргендей қой соңында салпақтаған бақташы халық емес, өзінің ұлан-байтақ жерін қорғап жүрген жаппай шекарашы, түгелімен сақшы халық».
«Ұлт бостан болмайынша, адам бостан бола алмайды. Халқың санатқа қосылмай тұрып, өзің санатқа қосылғаннан ұшпаққа шықпайсың. Ұрпағына ие бола алмаған жұрт ұлттықтан айырылады».
«Аузымызға алалық түсірмесек, ісімізге шалалық түсірмейміз».
«Елім деп шын еңіреп жүрген ері кім, өтірік емешегі үзіліп, өз мүддесін күйттеп жүрген епсегі кім – соны айқын ажырата алатын халық қана барша мұратына жетуге лайық».
«Барша тығырықтан шығаратын бір-ақ жол – тәуелсіздігімізді тәу етіп, тәуекелімізге бекем болу».
Абыздан артық кім айтар?