Шымкент әуежайы үш күннен соң сатуға шығарылмақ
Шымкент  әуежайы үш күннен соң сатуға шығарылмақ
187
оқылды
Шымкент әуежайын сатып алу құқығымен 4 жылға сенімгерлік басқаруға беру жоспарланып отыр.  Аукционға қатысу үшін үміткер 785,1 млн теңге көлемінде кепілдік жарна төлеуі қажет. Gosreestr.kz сайтындағы дерекке сүйенсек, әуежай «Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінің балансында.
Тендер жеңімпазынан әуежайды сенімді басқаруға алған 4 жыл ішінде,    кем дегенде, 6 млрд теңге инвестиция салып, ол қаржыны әуежай инфрақұрылымына жұмсауы талап етіледі. Жаңа басқарушы нысан инфрақұрылымын азаматтық авиация саласындағы заманауи стандарттарға сәйкестендіруге, яғни  жолаушылар терминалын қайта құруға, арнайы техникалар мен жабдықтарды жаңартуға міндетті.
Сенімгерлік басқару кезеңінде жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын сақтауы, аз дегенде, бес жұмыс орнын құруы қажет.  Сондай-ақ, әуежайдың жаңа басқарушысына жыл сайын таза кірісті арттыру жүктеліп отыр. Мысалы, алдағы жылдан бастап әуежайдың таза пайдасы, кем дегенде, 150 миллион теңгені құрауы керек. Айта кетейік, әуежай 2017 жылы  83 млн теңге, 2018 жылы 108 млн теңге, ал 2019 жылы 95,1 млн  теңгені таза пайда тапқан. Тұмар МЫРЗА