Токио Олимпиадасына 287 күн қалды. «Ат ауыздығын шайнар» аламан алдында жүйріктердің бабын байқаған жөн. Жолдама қолда, жүлде жолда деп жүрміз. Дегенмен орын басқандар мен тіс қаққандар жайлы жазып көрейік.
Ұлттық құрама – ел абыройы. Рио Олимпиадасына 104 жолдамамен барып, 17 медальмен қайттық. Токиода жалпы 33 ойын түрінен жарыс өтеді. Олимпиадада классикалық садақ атудан құрама жігіттері алғаш рет бақ сынайды. Қазірге құрама қоржынында жүзуден, жеңіл атлетикадан, грек-рим мен әйелдер күресінен, бейнелік жүзуден 2 жолдамадан бұйырды. Еркін күрестен – 4, спорттық гимнастикадан – 1, классикалық садақ атудан – 3, спорттық сырғанаудан 1 жолдама бар.
СМЕТОВТЕН БАСҚА КІМ БАР?
Әр спорт түрінен түзілген рейтинг турнир нәтижесіне тәуелді. Осы жолы Галбадрах бір қадам алға жылжып, Сметов артқа шегінді. Олимпиада ойындарынан кейін Әлем чемпионаты рейтингте маңызға ие. Одан кейін Masters, Grand Slam, Гран-при бәсекесі тұр.
Дзюдодан Будапеште өткен турнирге 16 дзюдошы аттанды. 60 келі салмақта Елдос Сметов алтын медальға ие болды. 66 келі салмақта Елдос Жұмақанов қола медаль еншіледі.
26-28 шілде аралығында Загребте Гран-при турнирі өтті. 11 спортшы ел намысын қорғады. Ғұмар Қырғызбаев, Жансай Смағұлов, Серік Ақылбек, Руслан Мұсаев, Айбек Серікбаев, Ерасыл Қажыбаев сынға түсті. Әйелдер арасында Галбадрах Отгонцэцэгтің асығы алшысынан түсті. Финалда қарсыласымен тең түсіп жатып, жеңісті жұлып алды. Бұл Галбадрахтың әлемдік рейтингте 10-орыннан 6-орынға көтерілуіне себепші болды.
Токиода өткен Әлем чемпионатында Елдос Сметовтің қоласы жұбаныш болды. Қазақстан құрамасы 147 елдің ішінде 16-орынға тұрақтады. Токио татамиі қазақстандықтарды аямады. Олимпиадаға жаңа леп, талпыныс пен жігер қажетін еске салды. Галбадрахтан басқа Назгүл Құбашева, Динара Құдарова сынды дзюдодан ұлттық құрамадағы қыздарға серпіліс керек екен. Ғұсман Қырғызбаевтың Сметовпен бір салмақта өнер көрсететінін білеміз. Одан бөлек Жансай Смағұлов пен Елдос Жұмақанов 66 келі салмақта мықтыны анықтайды. Риода Жансайдың қалай өнер көрсеткені есімізде. Демек, Жапонияға жол түсуі үшін әр турнирді барынша жақсы нәтижемен аяқтау керек.
ЖЕҢІЛ АТЛЕТИКА ЖАҒДАЙЫ
27 қыркүйек пен 6 қазан арасында Дохада жеңіл атлетикадан Әлем чемпионаты өтті. Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасының қоржыны бос қайтты. 20 шақырымға спорттық жүруден Георгий Шейко 19-орынға тұрақтады. Қыздардың нәтижесі 12-орын болды. Ел үмітін арқалап жүрген Рыпакова 14,09 метрге секіріп, финалға өте алмады. Жарыс жолын 13-орынмен аяқтады. Дегенмен Георгий мен Ольга Токиоға жолдама бар. Олар тыңғылықты дайындалып, қарсыластарын бақылап отырса жеткілікті. Бұл әдісті Шейконың өзі растайды. Өйткені кезекті олимпиадаға Георгий үшінші рет барады. Ол наурыз айында өткен Азия чемпионатында күміс медаль алды. Сөйтіп, Токиоға сапар шегетіндердің қатарына қосылды.
БАЛАНДИНДЕ 2 ЖОЛДАМА
Баландин Риода ерлік жасады. Қазақстан 100 метрге брасс әдісімен жүзуден алтын алады деп ойлағандар кемде-кем. Рио мен Токионың арасында өткен жарыстарда Баландин өзін шыңдап жүр. Алғашқы жолдамасын Champions Swim Series турнирінде 200 метрге брасс әдісімен жүзуден алды. Кванжуда су спорты түрлерінен өткен Әлем чемпионатының бірінші күнінде Токио нормативін орындай алды. Осылайша, екінші жолдамаға қолы жетті. Сондай-ақ іріктеу кезеңінде сынға түскен Әділбек Мусин 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден жартылай финалға өте алмады. Бұдан бөлек Виталий Худяков ашық суда жүзу бойынша Олимпиада жолдамасына иелік етті.
КҮРЕС ТҮРЛЕРІНЕН 8 ЖОЛДАМА
Балуандарымыз жарады. Күрес түрлерінен Нұр-Сұлтан қаласында өткен бәсекеде 8 жолдама бұйырды. Аталған жарысқа әлемнің 104 елінен 1003 балуан қатысты. Күрес түрлерінен қазақстандық балуандар 7 медаль алды. Грек-рим күресінен – 1 күміс, 2 қола, әйелдер күресінен – 1 қола, еркін күрестен 2 күміс, 1 қола еншіледі. Мейрамбек Айнағұлов пен Асхат Ділмұхаметов грек-рим күресінен, Валентина Исламова мен Эльмира Сыздықова әйелдер күресінен жолдама алды. Еркін күрес түрінен командаға 4 жолдама түсті.
МЕЖЕ – ОЛИМПИАДА
Сайыс нәтижелері мен көрсеткіштер – Олимпиадаға жетудің жолы. Мұнда еңбек пен талпыныс жатыр. Жоғарыдағылардан бөлек, Токио жолдамасын иеленгендерді тізіп шығайық. Спорттық құзға өрмелеуден Ришат Хайбуллин құрлықаралық бәсекеге барады. Велоспорттан Евгений Гидич Токиода ел намысын қорғайды. Садақ атудан Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин, Санжар Мусаев сынға түседі. Бейнелі жүзуден Екатерина Немич пен Александра Немич олимпиадаға қатысады. Қыздар өткен олимпиадада 16-орынға тұрақтаған. Жапонияда бұдан да жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймыз. Олимпиада жолдамасы мұнымен таусылмақ емес. Өйткені Олимпиада комитеті Риодағыдай жолдама санына қол жеткізуге болатынын айтады. Сондай-ақ Жапонияда өтетін олимпиада ойындарына 5 спорт түрі қосылды. Сонымен, бас-аяғы 33 спорт түрінен 12 мыңнан астам спортшы келеді деген болжам бар. Жоспарда Бразилиядағыдай 205 ел қатысады деп көрсетілген.
Жарыс алауы тұтанар шақта түрлі көзқарас пайда болады. Танымал агенттіктер шетінен жорамал жасап, түрлі статистика құрады. Токиоға болжам жасағандардың ішінде Gracenote статистикалық агенттігі бар. Агенттік құрамалардың аяқ алысын, турнирдегі көрсеткішін талдайды. Тіпті әр спортшыға сипаттама жасайды екен. Gracenote нұсқасы бойынша, қазақстандық спортшылар 2 алтын алады. Ұйым бізге 4 күміс пен 5 қоланы «теліген». Жалпыкомандалық есепте 11 медальмен 27-орынға шығуымыз мүмкін екенін де көрсетіпті. Еске сала кетсек, агенттік Рио Олимпиадасына да болжам жасаған. Gracenote Қазақстан құрамасы Бразилиядан 4 алтын, 3 күміс, 9 қола алатынын айтты. Командалық есепте 23-орын деп белгіледі. Ал біздің құрама 3 алтын, 5 күміс, 9 қола медаль еншіледі. Жалпыкомандалық есепте Gracenote жазған орыннан 1 саты жоғары тұрдық.
ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары 24 шілде мен 9 тамыз аралығында өтеді. Төртжылдықты түйіндер додада 33 спорт түрінен 339 медаль сарапқа салынады.