Павлодар, Рудный, Ақтөбе, Шымкент және Қарағанды қалаларында «Арыстан патша» фильмінің қазақша аударылған нұсқасы көрсетілді. Бұл «Болашақ» корпоративті қорының қазақ тілінде жоғары деңгейде дубляждаған 31-кинокартинасы.
Фильмді барлығы 440 жеткіншек тамашалады, олардың ішінде балалар үйінің тәрбиеленушілері, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балалары болды. Қайырымдылық көрсетілім тек кинокартинамен шектелген жоқ. Аниматорлар балаларға арнап түрлі байқаулар ұйымдастырып, ойындар ойнатты. Кішкентай көрермендерге түрлі тәтті, дәмділер ұсынылды.
Кинокартинаның дубляжы BI Group компаниясының демеушілігімен жасалса, қайырымдылық көрсетілімге Еуразиялық компаниялар тобы (ERG) мен Еуразиялық банк қолдау көрсеткен.
«Болашақ» корпоративті қоры мен «Меломан» компаниясының «Өзіңнен баста» жобасы голливуд фильмдерін қазақ тіліне дубляждау жұмыстарын 2011 жылдан бері атқарып келеді. Игі бастаманы Nur Otan партиясы да қолдап отыр. «Болашақ» корпоративтік қоры мен BI Group компаниясы 2020 жылға арналған меморандумға қол қойған екен. Бұл құжатқа сәйкес Walt Disney Pictures, Pixar, Sony Pictures компанияларының 7 фильмі қазақшалануы тиіс. Айта кетейік, «Өзіңнен баста» жобасы мемлекет тарапынан қаржыландырылмайды. Тек жеке компаниялар мен меценаттардың демеушілігімен жүзеге асып отырған әлеуметтік бағыттағы жоба.
– Жобаны жүзеге асырған 8 жыл ішінде мемлекеттің қолдауынсыз киностудия дубляжына біз тек бизнес өкілдері, меценаттар мен жеке компаниялардың арқасында 4,5 млн доллардан астам қаражат жинадық. Демеушілердің барлығына шын жүректен алғыс айтамын. Әріптестік қолдаудың арқасында біздің дубляждалған фильмдер қазақстандық балалардың жақын араласуына жағдай жасады, оның ішінде еліміздің шалғай түкпірінен келген кішкентайлар болды. Өйткені жобамыздың мақсаты – мемлекеттік тілдегі жоғары сапалы мазмұнды қалыптастыру, – дейді «Болашақ» корпоративтік қоры қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова.
Жобаның арқасында 203 шығармашылық және техникалық мамандық өкілдері Walt Disney Pictures студиясының стандарттары бойынша дубляжданудан өткен. Жемісті жобаның арқасында бүгінде 100-ден астам отандық актер Walt Disney Pictures дауыстар қорында тіркеліпті. Әлемдік рейтинг бойынша, қазақ тілі дубляжда түрік тілінен кейінгі екінші түркі тіліне айналды және Walt Disney компаниясының тарихында – 39, ал Sony Pictures студиясы санағында 7-орын тұғырына көтерілді. Сондай-ақ Шығыс Еуропа мен ТМД елдеріне арнап шығарылатын Blu-Ray-де тамашалауға қолжетімді голливудтық фильмдердің алғашқы жетілігіне де еніп үлгеріпті.
Дегенмен Динара Шайжүнісова жобаны іске асыру барысында туындайтын бірқатар проблемалық мәселелердің барын айтты. Атап айтқанда, ол фильмдердің көрсетілім уақытын көрерменге қолайсыз уақытта жалға алу мәселесін тілге тиек етті. Себебі кинотеатрлар нарық заңына орай, прайм-тайм уақытқа өзге кассалық фильмдерді қояды. Сондай-ақ жүйелі мемлекеттік қолдаудың болмауы, уәкілетті органдар тарапынан фильмдерді жалға алу уақыты мен тіл мәселесін реттеуде заңнамалық базасының әлсіздігі және т.б.
Сөз соңында айта кететін жаңалық, 17 қазан күні тағы бір қазақ тілінде дубляждалған «Малефисента: Түнек әміршісі» фильмі көрерменге ұсынылғалы отыр. Бұл – ERG қолдауымен қазақшаға аударылып көрсетілгелі отырған 32-кинокартина.