Алматыдағы Ұлттық кітапханада ақын, қазақ әдебиетінің классигі Ілияс Жансүгіровтің туғанына 125 жыл толуына орай әдеби кеш және халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының бастамасымен жарық көрген «Үш арыс» кітап-альбомының тұсаукесер рәсімі өтті.
Іс-шараны Ұлттық кітапхананың ғылыми хатшысы Болат Жүнісбеков ашып, сөз кезегін модератор, «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының өкілі Асқар Тұрғанбаевқа ұсынды.
«Үш арыс» кітап-альбомының лентасын Қазақстанның Еңбек Ері, саясаткер Олжас Сүлейменов, мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Әуезов, Ілияс Жансүгіровтің ұлы Саят Жансүгіров кесіп, шара аясында өздерінің құттықтауын жеткізді. Кітап-альбомның жарық көруіне демеушілік еткен Сәкен Сейфуллиннің туыстары да өз лебізін білдірді.
«Үш арыс» альбомы қазақ әдебиетінің «Үш арысы», «Үш бәйтерегі» атанған, үшеуі де бір жылда жарық дүниеге келіп, бір жылда сталиндік репрессия құрбаны болған Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің әдеби мұраларына арналған. Бұл жобаның мақсаты – әдеби туындыны қылқалам шеберінің көзімен тану, көрнекті ақын-жазушылардың әдеби шығармаларын көркемсурет, кескіндеме өнері арқылы паш ету. Сондай-ақ жобада үш арыс өмір сүрген кезеңдегі тарихи туындылар мен заманауи еңбектерді бір альбомға топтастыру көзделген. Жинаққа өткен ғасырдағы және қазіргі заманғы белгілі отандық қылқалам шеберлерінің аталған ақын-жазушылардың әдеби шығармаларын оқи отырып, дүниеге әкелген көркемсурет туындылары енгізілген. «Үш арыс» жинағы халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының әдебиетіміздің алыптары Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің 125 жылдық мерейтойына дайындаған арнайы сыйы. Альбом халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының тапсырысымен Central Asia Production компаниясы тарапынан қазақ және орыс тілдерінде Германияда басылды. Мұрағаттарды іздеу, архив, музей материалдарын саралау, тарихи көркемсуреттерді жаңғырту және аударма жұмыстарын аталған компания іске асырды.
Шара аясында Ұлттық кітапхананың қорынан Ілияс Жансүгіровтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Халық өмірінің қаһарман жыршысы» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, түркітілдес халықтардың диаспораларының өкілдері, кітапхана оқырмандары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Бұл күні дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай бастаған Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенттері М.Біләшов, Т.Зайсанбаев, А.Мамедов және Л.Мишралар әннен шашу шашты.