Әлия Әбсеметова 2005 жылы «Тұран-Астана» университетін «халықаралық экономист» мамандығы, 2016 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «журналист» мамандығы бойынша бітіріп, екі дипломды да барынша тиімді пайдалануда. Мұнымен шектелмей, «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша магистратурада білім алуда. Балаларын қатарынан қалдырмай бағып-қағып, өсіріп отырған ана алған білімі мен өмірлік тәжірибесін іске асыра отырып, замандастарын, оның ішінде өзі сияқты аналарды қоғам тірлігіне тарту, өз мәселесін өздері шешуге баулу және жергілікті жердегі проблемаларды жоғары жаққа жеткізіп, оларды шешу жолдарын бірлестіре қарастыруды мақсат тұтқандықтан праймеризге қатысқанын айтады. Ең бастысы, білімін іс жүзінде сынап көріп, бағын сынау, мақсатын жүзеге асыруды көздеген. Әлияның айтуынша, дәл осы жолғы жаңаша ұйымдастырылған сынақ өзі сияқты жандардың елге пайдалы әрекет етуі үшін өте қолайлы. Оның пікірінше, праймериз – ел тұрғындарының өмірін жақсы жағына өзгерту үшін жасалған керемет мүмкіндік. Ол қазірдің өзінде көптеген жобаларды жүзеге асыруда. Мәселен, 2018 жылы журналист ретінде UZYN.KZ деп аталатын сайт ашып, бүгінде бас редактор қызметін атқарып келеді. Одан бөлек, республикалық БАҚ-пен тұрақты байланыста. Медиа ерікті ретінде онкологиялық және сал ауруына шалдыққан балалардың еміне қаражат жинауға қатысып, қайырымдылықпен де айналысады. Оның тікелей атсалысуымен 2,5 жылда 60 балаға 45 млн теңге жиналып, олар ем алып, денсаулығын қалпына келтіруден өткен. Әлия Әбсеметова елдегі қиын кезең – әлемді алаңдатқан қауіпті індет таралуы кезінде және соған байланысты төтенше жағдай жарияланған уақытта халықпен бірге болып, көптеген жандарға көмек көрсетті. Меценаттармен бірлесе отырып, Жамбыл ауданында тұратын жағдайы төмен және көпбалалы отбасыларға азық-түлік себетін үлестірді. Әлия өзінің басты жетістігі әрі мақтанышы– үлкен отбасы мен жанашыр жары деп санайды. Ол кез келген уақытта жұбайы мен тоғыз баласын, оның ішінде асырап алған жеті жеткіншегін қолдап, әр бастамасына демеу болады. Өмірлік серігімен бірге балалардың жағдайын жасап, аналық жылуы мен махаббатын сыйлап отыр. Соның арқасы болар, аталған отбасы республикалық «Мерейлі отбасы – 2018» өңірлік байқауының Алматы облысы бойынша жеңімпазы атанған. Әлияның өзі еріктілік қызметі үшін «Шапағат» мемлекеттік медалімен, мейірімді аналық жүрегі үшін Dede Gorgud қоғамдық қорының атынан Mehriban Ana халықаралық орденімен марапатталған. Ауылдағы көшбасшы әйел болып саналатын ол Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжі мен №3 Қарғалы орта мектебінің қамқоршылық кеңесіне басшылық етеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің, Қазақстан Журналистер одағының және «Nur Otan» партиясының мүшесі. Тоғыз баланың анасы өзінің сайлауалды бағдарламасында ауыл тұрғындарының кіріс мөлшерін арттыру және олардың салық төлеу қабілетін күшейту үшін жағдай жасау қажеттілігі туралы толғанады. Кіріс артса, тұрғындардың қаржылық жағдайы жақсарып қана қоймай, бюджетке түсетін салықтың артуына себепкер болатынына дәлел келтіреді. Егер ойға алғандары орындалса, 2025 жылға қарай Жамбыл ауданы тұрғындарына 7 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ұсынуға, ал ауылдағы жалақы мөлшерін 115 мыңнан 190 мыңға дейін арттыруға, сондай-ақ жұмыссыздық деңгейін 4,7%-дан 4,3%-ға дейін азайтуға мүмкіндік туады. Өзге де көптеген әлеуметтік проблемаларды, мәселен балабақшалар мен мектептер салу, жол сапасын жақсарту, қажет аудандарға су және газ тарту сияқты мәселелерді шешуге болады. Ауыл тұрғындарымен кездескенінде тұрғындардың ең негізгі проблемасының бірі – жайылымдық жердің жетіспеуі, соның салдарынан мал шаруашылығында кері кету тіркеліп отырғанына назар аударды. Жамбыл ауданындағы қолданылмай жатқан 76 мың гектар ауылшаруашылық жерді жайылымдық жер ретінде ауыстыру жайлы ойын да ортаға салды. Сонымен бірге ауылдағы өмір сүру сапасын таза ауызсу жүргізіп, жолдар салу, «Ауыл бесігі», «Құтты мекен», «Бақытты отбасы» бағдарламалары аясындағы қолжетімді баспананы дамыту арқылы арттыруды да көздейді. Жоғарыда аталған мәселелер Әлияның бағдарламасында қамтылғандардың аз ғана бөлігі. Ал қоғамды өзгертуге ұмтылған белсенді әйел мұны сіз бен біздің көмегімізбен жүзеге асыруға әзір. Бүгінгі күні ол аудан бойынша праймеризде бақ сынағандардың алғашқы бестігінде. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, сіз болып, біз болып күткен партияішілік сайлау аяқталды. Мен бұл додада азды-көпті 3 267 дауыс жинадым. Маған қолдау көрсетіп, сенім артып, бағдарламама ден қойған жандар 3 мыңға жетіп артылады екен. Бұл – мен үшін үлкен демеу, зор қуаныш. Себебі мен сияқты тоғыз баланың анасы үшін саясатқа араласып, ел мұңын билікке жеткізіп қана қоймай, ел ішіндегі түйткілді шешуге ұмтылудың өзі үлкен жеңіс деп ойлаймын. «Жаяудың шаңы, жалғыздың үні шықпас» демекші, мені қолдайтын жандар болмаса, менің көзқарасым мен ұсыныстарыма сенген азаматтар болмаса, мен қазіргідей нәтижеге қол жеткізе алмас едім. Праймериз аясындағы үгіт-насихат барысында көп дүниеге қанық болдым, елдің шын мәніндегі келбетін таныдым, ауыл тұрғындарының мұңы мен жанын бұрынғыдан да тереңірек түсіне бастадым. Аудандағы ауыл-ауылды аралап, көптеген тұрғындардың сыры мен үніне құлақ астым. Оларды естуге, сезінуге тырыстым. Проблемаларды шешудің қаншалықты маңызды екенін, ауылды көтеру – бүкіл елді көтеру екеніне, менің таңдаған жолымның дұрыс екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздім. Бірақ праймериз әлі аяқталған жоқ. Алда күш сынасулар, дебаттан тұратын екінші кезең күтіп тұр. Менің бағым мен бабым сыналар сәт әлі алда. Осы аралықтағы уақытты пайдалана отырып, мені қолдаған, маған дауыс берген барлық партиялас әріптестеріме, сенімді өкілдеріме, «Nur Otan» партиясы жақтастары лигасына, «Nur Otan» партиясының Жамбыл аудандық, облыстық филиалына, орталық аппаратқа алғысымды айтқым келеді. Бірінші кезекте, өзімнің жан жарыма, отбасыма маған көрсеткен орасан зор қолдауы үшін басымды иіп, рақмет айтқым келеді. Сіздер болмасаңыздар, мен жалғыз бұл жүкті көтере алмас едім! Біз өз мақсатымызға бірге жетеміз. Әділ және қауіпсіз елде өмір сүрейік!», – дейді Әлия Әбсеметова.
Болат АБАҒАН, Алматы облысы