9 қазанда Елбасы ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Төрағасы Алик Шпекбаевпен кездесу барысында Агенттік қызметінің тиімділігін арттыру мәселелері бойынша бірқатар міндеттер қойды.
Ең алдымен, бұл сыбайлас жемқорлықпен күресте халықаралық тәжірибені қолдану, екіншіден, қоғамды жемқорлық көріністерімен күреске тарту қажеттігі.
Бүгін аталған тапсырма аясында Агенттікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша халықаралық сарапшы, Молдова Республикасының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Ұлттық орталығы директорының бұрынғы орынбасары Кристина Цэрненің, «Қазақстандағы парламентаризм қорының» басқарма төрайымы Зауреш Батталованың және Агенттіктің парасаттылық департаментінің директоры Данияр Сабирбаевтың қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Халықаралық сарапшы Молдова Республикасындағы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби сатылмаушылығына тестлеу енгізудің (Integrity check) жағымды жақтары мен заңнамаға сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету туралы айтты.
Integrity check енгізу арқылы мемлекеттік қызметшілердің өздеріне пара ұсыну фактілері орын алғаны туралы өтініштерінің саны 70 есеге артқан. Бұл шараны енгізу қызметкерлердің санасын арттырып, игіліктерді алуға тартымдылықты жойып, сонымен қоса сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарының алдын-алудың тиімділігін жақсартқан.
Сарапшының айтуынша, тәжірибе көрсеткендей, көптеген елдерде сыбайлас жемқорлық жасағаны үшін жауапкершілікке тартады, дұрысында қарапайым шаралардың болмағаны үшін жаза енгізу қажет.
Кристина Цэрнэ өз сөзінде: «Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күресте түбегейлі шаралар қабылдауда, себебі оны жартылай жеңу мүмкін емес. Маған Сіздердің алға ұмтылған ерік-жігерлеріңіз ұнайды. Мұндай қарқынмен Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күресте өңірдегі көшбасшыға айналады», - деп атап өтті.
«Қазақстандағы парламентаризм қорының» басқарма төрайымы Зауреш Батталова өз сөзінде Агенттіктің 2014 жылы жойылған, нормативтік-құқықтық акті жобаларының заңнамаға сәйкестігін тексеру бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптауды жаңғырту туралы бастама көтергеніне назар аударды.
З.Батталова: «Бұл жұмысты бұрын ҚР Әділет министрлігінің жанындағы заңнама институты секілді т.б. мекемелер мемлекеттік сатып алу арқылы жүргізген болатын. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі енді бұл жұмысты тәуелсіз сарапшыларға, азаматтық сектордың өкілдеріне, соның ішінде мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне беруді ұсынып отыр. Заңнамалық актілерді әзірлеу барысында әзірлеуші орган заң жобасының мәтініне сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар нормалар енгізетін ведомстволық мүддені көздеу байқалады» - деп атап өтті. .
Сонымен қоса, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің алаңында Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев Молдова Республикасының сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі Ұлттық орталығы директорының бұрынғы орынбасары Кристина Цэрнемен кездесуі барысында Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының негізгі бағыттары туралы айтты. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қазақстандық заңнаманы жетілдіру бойынша реформалар және жемқорлыққа қарсы күрестегі жетістіктер туралы әңгімеледі.
Кездесу соңында тараптар бірлескен сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралар өткізуде өзара ынтымақтастық және тәжірибе алмасу туралы келісті.