Сирия Араб Республикасындағы жағдайды зерттейтін тәуелсіз халықаралық комиссия мүшелері түрік әскерінің Сирияның солтүстігінде жүргізіп жатқан операциясына алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы БҰҰ сайтында жазылған.
«Сирияда түрік әскері жүргізіп жатқан жаңа әскери науқан бейберекеттікке әкеп, ДАИШ*-тың қызметінің қайта жаңғыруына ықпал етуі мүмкін», - деді сарапшылар.
Өз мәлімдемелерінде сарапшылар әскери қақтығыстың жаңадан пайда болған аймақтарына жақын орналасқан лагерьлерде шамамен жүз мыңға жуық адам тұрады деп жазады. Аталған адамдардың басым көбін балалар мен әйелдер құрап отыр, олар ДАИШ* (ҚР аумағында тыйым салынған лаңкестік ұйым) содырларының отбасы мүшелері болуы ықтимал.
БҰҰ ақпарына сәйкес әскери операция қайтадан қоныс аударуға әкеп соққан. Сирияға гуманитарлық көмек жеткізетін негізгі бағыттардың біріне де қауіп төнген: жүктердің басым көбі түрік шекарасын кесіп өтіп, жеткізіледі.
«Сирияның солтүстігінде мыңдаған тұрғынға қауіп төніп тұр», - деді босқындар ісі бойынша БҰҰ Жоғары комиссары Филиппо Гранди. Ол бейбіт тұрғындар мен азаматтық инфрақұрылымдық нысандарды қорғауға шақырды.