Тоқаев Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің кейбір мәселелері туралы құжатқа қол қойды
Тоқаев Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің кейбір мәселелері туралы құжатқа қол қойды
158
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің кейбір мәселелері туралы құжатқа қол қойды. Құжатта Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі туралы ереже, агенттіктің құрылымы берілген. Сонымен қатар, ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті Агенттіктің Ұлттық статистика бюросы болып қайта құрылады. Еске сала кетсек, 1 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында еліміде Стратегиялық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттік құрылатынын мәлім етті. 9 қыркүйекте Мемлекет басшысы Қазақстанда жаңадан екі агенттік құру туралы жарлыққа қол қойды. 14 қыркүйекте Мемлекет басшысының жарлығымен «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы қызметіне тағайындалды. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі құрылып, оған стратегиялық жоспарлау және мемлекеттік статистикалық қызмет салаларындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің функциялары мен мынадай өкілеттіктері беріледі:
  • реформаларды жүзеге асыру тәсілдерін, реформаларды жүзеге асыруға қажетті, сондай-ақ олардың іске асырылу барысын мониторингтеу мен бағалау  бойынша нормативтік құқықтық актілер жобаларын әзірлеу;
  • мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын дайындау кезінде, сондай-ақ оларды келісу, іске асыру барысын мониторингтеу мен бағалау бойынша мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін үйлестіру;
  • мемлекеттік органдардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған ұсыныстарын келісу;
  • елдің дамуы мен халықаралық ахуалды стратегиялық болжамдау мен  талдау жүргізу;
  • ведомстволық статистика саласындағы жұмысты  үйлестіру;
  • орталық мемлекеттік органдар және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігіне жыл сайынғы бағалау жүргізу бойынша жұмыстарды үйлестіру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктер.