Шүкір, Шымкент қаласы көркейіп, зәулім-зәулім үйлер тұрғызылып, адым сайын кафе мен тойханадан, дүкендерден, басқа да жарқылдаған соңғы үлгідегі заманауи құрылыс материалдарымен салынған кәсіпкерлік нысандардан аяқ алып жүре алмайсыз. Осыған қарап, шаһарымызда қалталылардың көбейгеніне қуанасың. «Елде болса ерінге тиеді» дей ме қазақ, әйтеуір көршіміз байыса пайдасы болмаса зияны тие қоймасы анық.
Дегенмен шымкенттік салықшылар оларға өкпелі. Неге? Кәсіпкерлік нысаны көп болса бюджеттің қоржыны қомпимай ма, дерсіз. Алайда біздің кәсіпкерлер мемлекет игілігін мойындағысы келмейтін, дамығанын қаламайтын сияқты. Егер қаласа мемлекет игілігі үшін тиісті салығын да төлеуі тиіс еді ғой. Ал олар салықтан жалтарып, табысын көрсеткісі келмейді. Мұндай қалталылардың қатарында халық сенім артқан мандат иелері де бар болып шықты. Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Н.Құлымбетов қалалық қоғамдық кеңестің отырысында атап өтті. Алайда халық қалаулылары өздерінің әріптестері туралы айтылған сынды оншалықты қабылдай қоймады. «Мұндай мәселені жеке кабинетке шақырып айтуға болмай ма?» деген сияқты қарсылықтар әр-әр жерден естіліп қалды. Жасыратын несі бар, депутаттардың басым бөлігінің бизнесі бар. Таяқтың бір ұшы өздеріне тиіп кететінін сезді ме екен, әйтеуір шыр ете қалды.
Департамент басшысының орынбасары жалпы рейдтік шара аясында 2 564 кәсіпкердің табысын жасырып келгені анықталғанын жеткізді. Олардан бүгінгі таңда мемлекетке 64 млн 700 мың теңге өндіріліп алынған. Ал 1 055 салық төлеуші қосылған құн салығы бойынша едәуір айналымы бола тұра жеке табыс салығы декларациясын нольдік көрсеткішпен табыс еткен. Әкімшілендіру жұмыстарының арқасында 144 млн теңге өндірілген. Сонымен қатар 24 сауда үйінің мүлкі қайта бағаланып, мемлекетке қосымша 173,6 млн теңге түспек. Бұдан бөлек, тіркелместен кәсібін дөңгелетіп жүрген 154 жеке тұлға анықталып, 6 млн. теңге өндірілген.
Шымкентте тойхана мен базар көп екені айтпаса да белгілі. Салықшылар қаладағы 11 ірі базарды тексеру арқылы 155 млн теңге көлеміндегі резервтерді анықтайды. Ал 118 тойханаға жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде, олардың жылдық табысын көрсетуі 3-4 есеге өскен. Яғни, бұрынғыдан 379 млн теңгеге дейін табыс түсетіні белгілі болған. Ал 32 тойхананың бағалау құны 6,1 млрд теңгеге артыпты.
Бізге аталған мәліметтердің ішінде ең қызықты болғаны тойханаларға жүргізілген тексеру шаралары болды. Қазір тойдың қызған шағы. Әсіресе, Шымкент тойханаларында той болмайды дегенге ешкім сенбейді. Алайда мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері тойхана, мейрамхана мен кафе иелерінің көзге көрініп тұрған миллиондаған табысы бола тұра салықты өте төмен мөлшерде құятынын айтып, қынжылады. Тіпті, арасында «Бізге айына 1-ақ рет той болды деп есеп беріп, артынша той істейтін жеке тұлға ретінде телефон шалсаңыз, демалыс күндері былай тұрсын, жұмыс күндері де 2-3 ай бойы бос болмайтынын естисіз» дейді олар.
Тойхана, мейрамхана, қонақүйлер мен монша кешендері сияқты табысын және жалдамалы жұмысшылар санын төмен көрсеткен салық төлеушілерге жүргізілген 19 хронометраждық зерттеулер нәтижесінде, олардың кірістерінің 5 есеге дейін жоғары екені белгілі болған. Яғни, тексерудің алдында олардың кірістері 208 млн теңге деп көрсетілген болса, зерттеу жүргізілгенде 1 млрд 180 мың теңге анықталған. Ал есепке енгізілмей жүрген 133 жалдамалы жұмысшы бар екен.
Мәселен, танымал «Мұса» тойханасының жартыжылдық табысын 2 млн теңге деп, ал жалдамалы жұмысшысының мүлдем жоқ деп көрсетуі тіпті ұят. Сонда 6 ай бойы 4-5 той болып, оған 1 ғана адам қызмет көрсетті дегенге кім сенеді?!
Салықшылар жүргізген тексеруден соң, тойхананың жартыжылдық табысының 52 млн теңге екені, сонымен қатар 24 жалдамалы жұмысшысы бар екені анықталған. Шынтуайтына келгенде «Мұса» тойханасы үшін мұның өзі де төмен кіріс. Себебі тойханада әрқайсысы 200-400 адамға арналған «Үлкен», «Алтын», «Хрусталь» және «Банкет» залдары адам басына 3000-4500 теңге көлемінде тапсырыс қабылдайды. Жоғарыда атап өткен демалыс күндерінен бөлек, жұмыс күндері де бос болмайтын тойхананың бірі – осы «Мұса». Оған дәлел іздеудің керегі жоқ. Бар болғаны телефонмен хабарласып, тойға тапсырыс бергіңіз келетінін айтсаңыз, өздері-ақ жуық арада бос күндері жоқ екенін жеткізеді.
Сондай-ақ Шымкенттегі «Камшат» кафесінің де аты танымал. 24 сағат бойы дем алмайтын «Камшатта» бар болғаны 17 адам жұмыс істеп, жартыжылдық табыс 53 млн теңге болады дегенге кім сенеді? Тексеру нәтижесінде, мұнда 30 адамның тапсырыс берушілерге қызмет көрсететіні, ал кірістің 160 млн теңге екені анықталған.
«Теріскей» шағынауданындағы чикенге кезекке тұратындардың санында есеп жоқ. Оны шымкенттіктерден бөлек, сырттан келетін қонақтар да біліп алған. Сондықтан салықшылар «Чикен на севере» кафесі 11 жұмысшысымен жарты жылда 6,2 млн теңге табыс түседі дегеніне сенбей, тексеру жүргізіп, 225 млн теңге кірісінің бар екенін білген.
Міне, біздің мемлекеттік мінберлерде отырып, мемлекетке жаны аши сөйлейтін халық қалаулыларының жеке бизнесіне келгенде мемлекетті ұмытып кететіні осыдан-ақ байқалады.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы