Жолаушыға жайлы қызмет көрсетпек
Жолаушыға жайлы қызмет көрсетпек
293
оқылды

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Михаэль Кортюм БАҚ өкілдеріне теміржол арқылы жолаушы тасымалын дамыту жөнінде брифинг өткізді. Айта кетейік, Германиядан арнайы шақырылған М.Кортюм осыдан бір ай бұрын «Жолаушылар тасымалы» компаниясын басқаруға тағайындалған. Сол уақытта оның теміржол саласында, әсіресе, жолаушылар тасымалы ісінде үлкен тәжірибесі бары, сондай-ақ клиентке сапалы қызмет көрсету жөнінен көптеген игі бастамаға мұрындық болғаны айтылды. Айтса айтқандай, Михаэль мырзаның бұл істе тәжірибелі маман екені брифингтегі сөзінен байқалды.

Неміс маман қызметке кірісе сала Нұр-Сұлтан – Алматы және Нұр-Сұл­тан – Павлодар бағытында пойыз­бен жолаушы ретінде жүріп көріпті. Ком­пания басшысының сөзіне сенсек, екі бағытта да теміржол арқылы сапарға шыққан ол «тальго» пойызына да, қарапайым пойыздарға да мінген. «Тальгоның вагондары туралы әсерім, әрине, жағымды. Дегенмен қарапайым пойыздармен де жүрдім, олар да уақытында жеткізді, вагондары таза болды. Жол бойы жолаушылармен әңгімелестім», – деді М.Кортюм.

Әлбетте, Михаэль мырзаны сіз бен біз мініп жүрген өте ескі вагонға мінгізбегені анық. Жолсерігі де жоғары сапада қызмет көрсетті деп ойлаймыз. Дегенмен кәсіби маман саладағы негізгі мәселені біліп, сезіп отырғанға ұқсайды. Компания басшысы брифингте «Жо­лаушылар тасымалы» АҚ-ның алдына екі негізгі міндет қойып отырғанын жет­кізді. М.Кортюм өз сөзінде мұны «жылдам жеңіс» және «ұзақмерзімді стратегиялық жоспар» деп атады.

Әуелгі «жылдам жеңіс» бұл – вагон­дардағы тазалық, тозып кеткен төсек-орын жабдығын ауыстыру. Сондай-ақ вагондарды күрделі жөндеуден өткізу ісін алдағы үш ай ішінде шешу мәселесі. «Мен бұл тұрғыда шағым көп екеніне көзім жетті. Біз қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін жаңа жеткізушілермен жұмысты бастаймыз, яғни бәсекелестік керек. Сонымен қатар жолаушыларды ақпараттандыру ісін жеделдетуді жыл аяғына дейін 100% шешеміз. Екіншіден, вагондардың техникалық тозуы мәсе­лесі күрделі, жөндеу цехтарын аралап, мүмкіндігін қарастырдық. Одан бөлек, жаңа вагондар сатып аламыз. Алғашқы вагондар келесі апта келеді, журналис­терді шақырып көрсетеміз»,– деді бас директор.

Иә, жаңа басшы айтқан жыл аяғына дейін шешілуі тиіс «жылдам жеңіс» –осы. Ал компанияның «ұзақмерзімді стра­тегиялық жоспарына» еліміздің вагон паркін жаңарту, теміржол арқылы жолаушы тасымалы ісінің әлеуетін анық­тау. Сөз жоқ, республикамыздағы ішкі-сыртқы қатынасты реттеуші құрал ретінде пойыздардың мүмкіндігі жо­ғары. «Жолаушылар тасымалы» АҚ 118 бағытта қызмет етеді, бұл ішкі нарықтың 80% көлемі. 2018 жылы 10 ай ішінде теміржол арқылы 13 миллионнан артық жолаушы тасымалданыпты. «Қазақ­станда вагондардың пайдалану мерзімі 30-40 жылдан асып кеткен. Оларды жаңартып, вагон санын көбейтсек, жолаушы тасымалдау көрсеткішін әлі де көбейтуге болады», – деді М.Кортюм.

Компания бас директорының ай­туынша, алдағы уақытта вагондарды көмірсіз жылыту мәселесі ойласты­рылып жатыр. Дегенмен көмірдің ор­нын электр энергиясы баса ма, әлде ди­зель отыны бола ма, ол жағы бола­шақтың еншісіндегі шаруа. Сөз соңын­да, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры М.Кортюм алдағы уақытта да Германияның Deutsche Bahn темір­жол компаниясының өкілдерімен ты­ғыз жұмыс жасап, кадр алмастыру тә­жі­рибесін де қолға алатындарын айтты.