Дүмпу мен дағдару
Елімізде құрылыс дүмпуі 2000 жылдардың ортасына тұс келді. 2004 жылы – 2,6 млн, 2005 жылы – 5 млн, ал 2006 жылы 6,2 млн шаршы метр тұрғын үй салынған екен. Осылайша, Қазақстан 1991 жылғы көрсеткішті қуып жеткен еді. Бірақ аяқталмаған нысандар, алаяқ құрылыс салушылар мен алданған үлескерлер – экономиканың ғана емес, әлеуметтік саясаттың да қордаланып қалған түйнегіне айналды. Дүмпудің дағдаруы да осы кезеңге сәйкес келді. 2008 жылғы мәлімет бойынша, 450 проблемалық нысан мен 60 мыңнан астам зардап шеккен азаматтардың мәселесін шешу үшін мемлекеттің араласуына тура келген екен. Ұлттық қордан 460 млрд теңге қаржы бөлінген. Осыдан соң 2010 жылы заңды қатаңдатып, құрылыс компаниялары лицензия алуға міндеттеліп, үлескерлердің ақшасын тартуға тыйым салынған болатын. Әйтсе де, түрлі схеманы тәсіл еткен алаяқтар заңды айналып өтіп, мұндағы қатынастар жаңаша сипатта өрби бастады. Бұрынғы үлескерлер – инвесторға, олармен әрекет бірлескен қызметке айналып шыға келді. Оның зардабын енді бүгін тартып отырмыз. Қазіргі таңда ІІМ-нің тергеу өндірісінде жатқан 8 қылмыстық іс осы «инвесторлардың бірлескен қызметінің» жемісі. Оның ең ескісі 2015 жылы қозғалған. Әрине, мемлекет тарапынан мұндағы проблеманы реттеу үшін қыруар жұмыс жасалды. 2016 жылы қабылданған соңғы заңда құрылыс компанияларына деген талап күшейе түсті. Бұл арақатынасқа бірыңғай оператор ретінде мемлекеттің өзі араласты, құрылыс компанияларынан үйдің қаңқасын тұрғызып алмай үлескерлерден қаржы тартуға тыйым салынды, қаржы айналымы екінші деңгейлі банктер арқылы жүруі тиіс болды, үлескерлік келісімшартын жергілікті атқарушы органда есепке қою және құрылыстың әр кезеңіне жергілікті әкімдікке есеп беру міндеттелді. Осының арқасында бұл саладағы қарым-қатынас заң аясында реттеліп келеді. Сонда да болса, құрылыс салушылар соңғы өзгерістердің осал тұстарын тіміскілеп іздеуін қояр емес. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс жүргізіп жатқан 28 компания әкімдіктен үлескерлердің ақшасын тартуға рұқсат алмаса да, өз нысандарын жарнамалауға көшкен. Бұл «Тұрғын үй құрылысына үлескерлік қатысу» заңының 23-бабына қайшы. Бұл бұған дейінгі жылдардың тәжірибесі көрсеткендей, мемлекет қанша тырысса да, ең бірінші кезекте сақтық өз қолымызда екеніне меңзейді.Сенделген 8 жыл
Еліміздегі үлескерлік құрылысқа қатысты проблемалардың ішінде ең үлкені деп «Азбука жилья» компаниясының 9 бірдей нысанын айтуға болады. 2004 жылы құрылған компания құрылыс нарығында әжептәуір жұмыс жүргізіп келе жатады да, 2015 жылы оның құрылтайшысы Ерқанат Тайжанов сол уақыттарда салынып жатқан «Жеті-Жол», «Гарант», «Комсомольский», «Садовые кварталы», «Экспо Сити», Expo Town, «Айсанам De Luxe», «Комфорт De Luxe», «Династия» сынды тұрғын үй кешендерінің 3 мыңнан астам үлескерінің жиналып тұрған 14 миллиард теңгеден астам ақшасын алып, Аустрияға қашып кетеді. Оның 10 сыбайласы 2016 жылы түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Ал сол уақыттағы тілмен айтқанда, «инвесторлар» алда не болары белгісіз, тағдыр тауқыметімен бетпе-бет қала береді. Тұрғын үй кешендерінің одан арғы тағдырын анықтау үлескерлердің өздеріне жүктеліп, әр нысан бойынша Тұрғын үй-құрылыс кооперативтері құрылады. Олар 2016 жылы «Орда-Инжиниринг» ЖШС-нің қол астына өтуге тілек білдіргенімен, мұнда да одан сайын талан-таражға түскен соң 2017 жылы компаниямен соттасып тынады. Бұл онсыз да алданып арандап қалған үлескерлерге «жығылған үстіне жұдырық» болып тиеді. Ұзақ жылдар бойы қаңырап тұрған бұл нысандардың тек биыл ғана кейбірінің құрылысы қайта жанданды. Онда да тағы да мемлекеттің араласуына тура келді. Бұл жұмыстарды «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС жүргізуде. Әйтсе де, «Комсомольский» кешенінің тағдыры әлі де түбегейлі шешілмей тұр. Мәселе, 615 үлескердің екі кооператив құрып, екі лагерьге жарылғанында. Нысанның құрылысы бүгінде тек 60 пайыз ғана бітіп тұр. Бір тарап ендігі тізгінді мемлекетке беріп, құрылысты солар аяқтасын десе, екінші тарап өз бетінше әрекет етіп, донор іздеуге шақырады. Жер телімінің құқық белгілеуші мемлекеттік акті де осы екінші тарапта. Ал қала әкімдігі екі тарап келіссе, құрылысты бір жыл ішінде аяқтап беруге кепілдік беріп отыр. Осылайша, 2012 жылы басталған құрылыс нысанының жыры осымен сегізінші жыл әлі де жалғасып жатыр. Бұл жайдың ендігі нүктесін сот қоюы мүмкін.Құрылысы қылмысқа құрам болған нысандар
Бүгінгі таңда Ішкі істер министрлігінің өндірісінде үлескерлік құрылысқа қатысты 8 қылмыстық іс тергелуде. Мұндағы нысанның барлығы да Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан. Бас-аяғы 4 929 үлескер зардап шеккен. Олардың басым бөлігі «ASI» ЖШС-нің «Жағалау-3», «Жағалау-4» және «Шығыс» тұрғын үй кешеніне тиесілі – 3 687 адам. Одан басқа, «Жасыл-Астана НС» ТК - 387 адам, «За рекой» ТК – 171 адам, «Семейный» ТК – 75 адам, Royal EXPO apartments ТК – 314 адам, «Сулейман» ТК – 14 адам, «Ордабасы» ТК – 21 адам және Expo New Life ТК 260 адам бар. Жалпы, 2016-2020 жылдар аралығында Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінде осы салада 24 қылмыстық іс тіркелген екен. Оның 16-сы сотқа өтіп, құрылыс компанияларының 19 басшысы түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Жалпы саны 6 427 үлескер зардап шеккен болса, 31 млрд 200 млн теңге шығын келген. «Үлескерлік әдіспен тұрғызылып жатқан құрылыс нысандарына бөлінген қаражатты жымқыруға қатысты қылмыстық істерді жүргізу кезінде Ішкі істер министрлігі көп ретте екі мәселеде қиындық көрді. Бірі – салынып болмаған нысанның жобалау, рұқсат беру немесе бухгалтерлік құжаттарының түгел еместігі немесе мүлдем жоқтығы болса, екіншісі – құрылысы тұрып қалғаннан кейін нысанның тағайындалу мақсатының өзгеріп кетуі. Құжаттарды түгендеген күнде де штатымызда құрылысы аяқталмаған нысандарға өлшем жүргізіп, техникалық зерттеулер жасайтын мамандарымыз жоқ, ал сырттан маман жалдауға жергілікті департамент бюджетінде ақша қарастырылмаған. Қылмыстық істердің қаралуының ұзаққа созылып кетуінің бір себебі – осы. Оған күдіктілердің бірқатарының қашып кеткенін қосыңыз. Бүгінгі таңда 5 қылмыскерге халықаралық іздеу жарияланған. Олар – Ерқанат Тайжанов, Серікбай Ғабдуллин, Күлзия Ғабдулина, Ербол Алшынбаев, Мадина Сарсенова», – дейді ІІМ Тергеу департаменті Тергеу басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Арман Сайлаубаев. Үлескерлік құрылыстағы қылмыстық істердің келесі бір санаты алаяқтыққа қатысты. Қазір мұндай 27 қылмыстық іс бөлек тергеліп жатыр. Мұнда 305 адам зардап шегіп, жалпы шығын сомасы 3 227 270 603 теңгеге бағаланған. Ең көп сома ExpoNewLife тұрғын үй кешеніне қатысты. «Шанг Хи Групп» ЖШС-нің құрылтайшылары МаМинь Юань, Д.Шалов, А.Нигметовтер 260 үлескерді тақырға отырғызып, 2,79 млрд теңгесін алып кеткен. Алаяқтық деректердің ең жаңасы биыл тамыз айында Маңғыстау облысы Ақтау қаласында анықталды. «Триумф Групп» ЖШС директоры С.Ж.Капетовтың үстінен 21 үлескер шағым түсірген. Ол жаңа 17-шағынауданнан «Махаббат» ТК саламын деп, 252 349 800 теңге жинап алған екен. Алайда ол кешеннің іргетасы да қаланбаған. Бұл іс бойынша тергеу жүріп жатыр.Мемлекет – «сақалды құрылыстардың» ұстарасы
Әрине, мемлекет қоғам өмірінің қай саласында да реттеуші әрі кепілдік беруші рөлге ие. Сондықтан да оның үлескерлер мәселесін әу бастан-ақ өз бетінше жібермесі анық еді. Өйткені Конституциямызда біздің әлеуметтік мемлекет екеніміз жазылған. Тек соңғы екі жылдықта ғана мұндағы жұмыстар бір жүйеге түсе бастағанын аңғаруға болады. Онда да мемлекеттің араласуымен десек қателеспейміз. Мәселен, құрылыс саласының эталоны саналатын Нұр-Сұлтан қаласында үлескерлікке қатысты 52 нысан бар болса, олардың толықтай аяқталып, пайдалануға тапсырылғандары аз. Биыл 20 көппәтерлі тұрғын үй кешені салынып, пайдалануға беріледі деп күтілуде, яки 8 мыңға жуық үлескердің проблемасы шешіледі деген сөз. Бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көп. Мәселен, шілде айының басында 8 жылдық тарихы бар «Столичный-2» тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Ал 2004 жылдан бері тұрған «Территория комфорта-1» нысаны сүріліп, онда үлескерлерге арналған жаңа қауіпсіз үй салынбақ.Нұрлан ҚОСАЙ