Бішкекте тағы да төңкеріс...
Бішкекте тағы да төңкеріс...
4 қазанда өткен парламенттік сайлауға 16 партия қатысты. Пре­зидент Сооронбай Жээнбеков олардың ешбірін ресми түрде қол­дамаса да, президентті жақтай­тындары аз емес. Мәселен, «Бирим­дик» (Бірлік) партиясында прези­денттің інісі бар. Кейбір партия­ларды экс-президент Алмазбек Атамбаевтың социал-демократтар партиясынан бөлініп шығып, жаңа президентті қолдағандары құрды. Оппозиция да, жаңадан құрыл­ғандары да жоқ емес. Сонымен, соң­ғы мәлімет бойынша, қырғыз парламентіне додаға түскен 16 пар­тиядан 4-і ғана өткен. Олар «Бирим­дик» (24%), «Мекеним Кыргызстан» (23%), «Бутун Кыргызстан» (7%) және «Кыргызстан» (9%). Сарап­шылар алғашқы үшеуі Сооронбай Жээнбековті жақтаушылар деген пікір айтады. Яғни, президент соңғы жылдары билік олимпін қарсы­ластарынан тазалап болған соң пар­ламентті өзіне қарасты етпек болға­­ны көрініп тұр. Бірақ енді «жоспар» да, сайлаудың нәтижесі де жарамсыз болып қалды. Неге? Сайлаудың алғашқы нәти­желері жарияланған соң 7 пайыз­дық ме­же­ні аттай алмаған пар­тиялар оппо­зициялық блокқа бірігуді жөн са­нап, жақтастарын Бішкек алаңы­на шығуға үгіттеді. Олар нәтиже бұр­маланған деп есеп­тейді. Наразы электорат мили­циямен қақты­ғысты. Ереуіл­шілерді басу үшін көзден жас ағызатын газ, су, резина оқтар, ды­быс шашкалары қолда­нылды. Соған қарамай мили­ция­ның бірне­­­­­ше көлігі өртенді. Жедел жәр­дем көліктеріне де ша­буыл жа­салған. Жараланғандар да же­терлік, 160-тан астам адам ауру­ханаға жет­кізілген, бір адам көз жұмды. Оған қоса, саны көп наразы топ бірнеше мемлекеттік ғимаратқа басып кірді. Азамат Атамбаев. Олардың қа­тарында парламент, президент рези­денциясы, ұлттық қауіпсіздік коми­тетінің ғимараты бар. Жинал­ған жұрт соңғысынан экс-прези­дент Атам­баевты, экс-премьер Сапар Иса­ков және басқа да түр­медегі шенеуніктерді босатты. Осы әрекет­тен-ақ екі нәрсені түсі­нуге болады. Біріншісі, ереуіл­шілердің басым бөлігі Атам­баевтың жақ­тастары, олар о бастан оны ер­кіндікке шыға­руды жоспар­лаған болуы ғажап емес. Екіншісі, бұл кек қайтару акті­сіне ұқсас жағдай. Яғни, сайлаудағы заңсыздыққа қарсы шыққан оппо­зиция сот­талғандарды түрмеден шы­­­ға­рып, өздері басқа заңсыздыққа барып отыр. Осы тұста ереуілшілер қа­лай­ша ғимараттарды оңай басып алды деген сауал туын­дайды. Бір­ден-бір себеп – милиция ғима­ратты қор­­ғауда жиналған жұрт­қа аса қатты қарсылық көр­сетпеген. Тіпті, кей­бір видеоға қа­расақ, бір­шама құқық қорғау орган­дарының өкіл­дері наразы топтың қатарына қосылып кеткен. Жалпы, Қырғыз Респуб­ли­ка­сының тарихында 2000 жыл­дан бері ешбір сайлау тыныш өт­пеген. Бұрынғы төңкерістер де сайлаудан кейін басталды. Бұл жо­лы пар­ламентке кіре алмай қал­ған оппо­зициялық партиялар жеңіске жет­кен билікшіл партия­лардың дауыс­ты сатып алуға кіріскеніне наразы болды. Әлеу­меттік желі, интернетте әр дауыс 1500-5000 сом аралығында баға­ланғаны жазыл­ған. 6 млн халқы бар елде 1,5 млн тұрғын кедей сана­лады. Яғни, әлеу­меттік жағдайы төмен қоғамда мұндай заңсыз әдістің жеміс беруі әбден мүмкін. kirgisdar ereyil Бұдан бөлек, коронавирус пан­де­миясында қырғыз елі қатты зар­дап шекті. Науқастардың ви­рустан қайтыс болу фактісі жоғары болды. Шарасыз қалған медицина саласын волонтерлер алмастырып жатты. Карантин бизнестің ісін тоқтатып, елдегі  ІЖӨ-нің  бестен  бірі қыс­қар­ды. Мұның барлығы президент Соорон­бай Жээн­бековтің халық ара­сын­дағы абы­ройын түсірген. Осы факторлар наразы жұрттың қатарын қалың­датқан сыңайлы. Алма-кезек ауыс-түйіс. Сырт­тай қарасақ, бұл кезекті қырғыз елінің мемлекеттік төңкерісі се­кілді. Өйт­кені бүгін Қырғыз Рес­пуб­ли­ка­сының заңды сайлан­ған, та­ғайын­далған көпшілік лауа­зымды тұл­ғалары (премьер-ми­нистр, үкімет мүшелері, Бішкек қала­­сының бас­шысы, бас про­курор) қызметінен кетіп, олардың орнына уақытша міндетті атқару үшін жаңа азаматтар тағайын­далуда. Мәселен, үкіметті түрмеде отырған экс-де­путат Садыр Жа­паров басқаруы мүмкін. Ал бұған дейін істі болып, үйқамақта жатқан Құрсан Асанов Бішкектің жаңа ком­менданты атанды. Елдегі жағдайды бақылау үшін оппозиция үйлестіру кеңесін құр­ды. Оның құрамына ҚСДП, «Ата Ме­­кен», «Республика», «Бир бол», «За­мандаш», «Бутун Кыр­гызстан», «Реформа» және «Ордо» секілді пар­­тиялар кірген. Төрағасы «Бутун Кыргызстан» партиясының төра­ғасы Адахан Мадумаров. Коми­тет өкілі, Жогаргу кенеш депутаты Ал­тынбек Сулайманов қазіргі үкі­мет тарап, жаңасына қазіргі ешбір ми­­нистр кірмейтінін мә­лімдеді. Ал өз кезегінде президент пен үкімет мәлімде жасап, азаматтарды заңды сақтауға шақырды. Әзірге С.Жээнбековтің қайда екені бел­гісіз. Баспасөз хатшысы ол Біш­кекте, елдегі жағдайды бақы­лауда ұстап отыр деп хабар таратты. Ал растал­­­маған мәлімет бойынша, ол Ош өңіріне аттанған. Қысқасы, респуб­ликадағы билікті оппозиция өкілдері ақырын қолына ала бас­тады. Егер жағдай осылай өрби берсе, Жээн­бековтің орнынан ке­туі ғажап емес. Егер ондай сце­нарий жүзеге асса, қыр­ғыз саяси өмірінің ең әлсіз тұ­сы – саяси эли­таның оң­түстік және солтүстік болып бө­лінуі тағы да көрініс табады. Себебі бұған дейінгі қақтығыс, төңке­рістерде де бар­рика­даның қос тара­бында сол оң­түстік және сол­түстік өкілдері бол­ған еді. Бәрі қайта басталмақ. Бас про­курордың міндетін атқарушы Ал­мамбет Шыкмаматов 4 қазан күні өткен парламенттік сайлаудың нә­тижесін жоққа шығарды. Оған қоса, заң бұзған лауазымды тұлға­лар жауап­қа тартылады деді. Сәй­ке­сінше, жа­қын­да жаңа сайлау та­ғайындалады. Ал егер заң бұзған­дарды жазалау опе­рациясы бас­талса, онда Жээн­бековті қолдаушы талай азамат түр­ме­ге тоғытылуы мүмкін деген сөз. Себебі 2018-2019 жылдары қазіргі пре­зидент Ал­мазбек Атам­баевтың жақ­таушы­ларын біртіндеп қызметтен қуып, абақтыға апарған еді. Жағдайға қарасақ, кезек Атам­­баевқа келген сыңайлы. Өкініштісі, әр төңкеріс сайын қа­тардағы азаматтар, бизнес, ел бюд­жеті зардап шегеді. Саяси сер­келер­дің мүддесін қорғаймын деп талай қыр­ғыз оққа ұшты, жара­ланды. Жаппай тәртіпсіздікті пай­даланып, кәсіп­керлердің дүкен­дері­не шабуыл жаса­лады. Бұл жолы ондай бас­сыздық болмаған. Есе­сіне, Талас облысында ереуіл­шілер бір­неше алтын қазушы компанияға шабуыл жасап, олар­дың меке­ме­лерін, ғима­ратын тар­тып ала баст­аған. Аузы күйген үрлеп ішеді. Ал­дыңғы төңкерісте билік қолынан сытылып бара жатқан шенеуніктер қашып бара жатып, мемлекет қазы­насын талай тонаған. Осы жо­лы қаржы министрлігі жүзеге асы­ратын қаржы операциялары тоқ­тапты. Банкоматтар жұмыс істемей тұр.  

БайғараНұрмұхамед БАЙҒАРА