Қателіктің қай-қайсысы да жақсы емес. Ол оқулықта орын алса, тіпті сорақылық. Өкінішке қарай, он жылдан бері осыны айтып келеміз. Ащы айтып алаңдағандардың да айтқаны далада қалып, мәселеге жауапты жалғыз министрлік міз бағар емес. Сонда бұл қалай?
«ҚОЙШЫ КAП БОЛСА, ҚОЙ АРАМ AЛЕДІ»
Оқулық дайындау барысы жеңіл-желпі жүре салмайды. Оқулықтың әдістемелік жағын Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы дайындаса, баспалар оқулық жазатын авторларды министрлікке ұсынады. Министрліктің келісімімен авторлар оқулық жазуға кіріседі. Жазылған оқулыққа баспаның сарапшылары, қоғамдық сарапшылар тосын көзбен қарайды. Қателерін түзетеді. Одан кейін «Оқулық» орталығы оқулықтарды әр пән бойынша сараптайды. Орталықтан өткен оқулық министрліктің жанындағы республикалық комиссияға беріледі. Олар тағы қарайды. Осындай жолдан өткен оқулықтарымызда олқылық қалайша орын алады? Осы сұраққа келгенде ғана тосылып тұрмыз. Дегенмен саралап көрелік. Ұзақ жылдар білім саласында еңбек еткен ұстаз Закира Ералиева мұның бірінші себебін кітап дайындау барысында оқулыққа жауапты бірде-бір мекеменің жоғымен байланыстырады. «Бір оқулықтың айналасында алты-жеті орган бар. Олар қателікке келгенде бір-біріне сілтей салып, отыра береді. Меніңше, оқулық жазатын авторларды тұрақты жұмыспен қамтып, олар бұл іспен уақытша ғана айналыспауы керек. Жыл бойына осы мәселені елеп-екшеп, бұрынғы қателіктерді түзеп, сапалы оқулықтың басылып отыруына атсалысу керек. Сонда ғана бұл мәселе шешімін табады. Әйтпесе, оқулықта сапа болмайды. Оқулық біреудің бизнесіне айналмау керек. Оқулықтың айналасындағы мүдделі топтармен қош айтысып, жүйелі жұмысқа көшетін уақыт келді. «Қойшы көп болса, қой арам өледі» деген» дейді Нұр-Сұлтан қаласындағы №65 мектеп-гимназиясының мұғалімі.
ТІЗЕ БЕРСЕҢ, СОҢЫ КAРІНБЕЙДІ...
Оқулықтағы қателерді тізе берсең, таусылмайды. 1-сыныптан бастап, 11-сыныптың оқулықтарының денінде дерлік қате бар. Қысқасы, мектеп оқулықтарының қазіргі ахуалы тым мүшкіл. Бірі – баланың жас ерекшелігіне сай келмейтін тапсырмалар мен тақырыптардан құралса, енді бірінде бала түгілі, ересектерді жаңылыстырар тарихи деректер мен өзге де түрлі қателер толып жүр. Соңғы жылдары сынға ұшырамаған тарих оқулығы қалмады. Түзетіліп, қайта басылса да, сандардан қате жіберу дәстүрге айналғандай.
«4-сыныптың әдебиеті кейбір тапсырмаларын YouTube-тан көр деп береді. «Есеп құрастыр» деген тапсырмасында шаңғышы мен велосипедшінің ұшу жылдамдығын анықта дейді. О заманда бұ заман велосипедші мен шаңғышының ұшқанын көрген жоқпыз», – дейді Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл.
Осыған дейін де министрлік басшылығы 30-ға жуық баспа қызметкерін шақыртып, 100 кітаптың әр кітабынан 200-300 қате тапқаны бар еді. Оқулықтағы көз сүрінетін қателерден орфографиялық емес, саяси қатенің де кететін кездері көп. Бір оқулықта Украинаның аннексияланған Қырым аймағы Ресейдің бір бөлігі деп жазылыпты. Қазақстандағы Украина елшілігі кітаптағы олқылық қалай жіберілгенін түсіндіріп беруді талап еткені де есімізде. Кезінде тест сұрақтарының жауап нұсқаларында көрсетілген Баян Есентаева мен Нұртас Адамбайдың есімін көрген көпшілік білім министрін қатты сынап еді. Ал жақында 4-сыныпқа арналған «Өзін-өзі тану» оқулығына ресейлік әнші Шураның «Твори добро!» деген әнінің енгізілгені белгілі болды.
Бір ғана баспаның кітабын оқып-өскен ата-аналарымыздың уақытында бұл мәселе болмап еді. Қазір мектеп оқулықтарын шығаратын баспалардың саны тым көп-ақ. «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы директорының орынбасары Әділхан Дүйсебек: «Оқулықтарды 20 баспа әзірлейді. Олардың арасында «Атамұра», «Мектеп», «Көкжиек», «Келешек», денсаулығында ақауы бар балаларға кітап шығаратын «САТР» секілді ірі-ірі баспалар бар» дейді.
Осыған дейін де министрлік басшылығы 30-ға жуық баспа қызметкерлерін шақыртып 100 кітаптың әр кітабынан 200-300 қате тапқаны бар еді. Оқулықтағы көз сүрінетін қателерден орфографиялық емес, саяси қатенің де кететін кездері көп.
«ҚҰЛАН ҚҰДЫҚҚА ҚҰЛАСА, ҚҰЛАҒЫНДА ҚҰРБАҚА ОЙНАЙДЫ»
Иә, солай. Құланымыз – Білім және ғылым министрлігі. Олар оқулыққа келгендегі олқылықты осынша жыл бойы жөндей, реттей алмай келе жатса, білім саласына қатысты басқа мамандардан не күтуге болады?
Қазір қоғам оқулықтың қателіктерін теруден, айтудан шаршай бастады. Ет үйренді, сүйекке сіңді. Ол аздай, жақында ғана министр Асхат Аймағамбетов айдан түскендей жаңалық ашты. Оқулықтардан қателік тапқан ол, жұрттың жарасын тырнап «Әдейілеп оқулықтарды қарап шығып, қателіктер таптым. Біреулер мұны жаңылыс басылған немесе техникалық қате деп түсіндіреді. Қалай болғанда да, қатенің аты – қате. Қарапайым қателер. Мәселен, жауабы шешіміне сәйкес келмейтін тапсырмалар бар. Аудармада қателіктер өріп жүр. Мұндайға мүлдем жол беруге болмайды. Бұл жыл сайын қайталанып келеді. Қашанға дейін бұлай жалғаспақ?!» деді. Біздіңше, бұл біздің бірінші мұғалімімізден еститін сөзіміз емес еді. Кітаптар қатемен шығып, оның 40 пайызы еліміздің түкпір-түкіпіріне таралып кетті. Ендеше, осы оқулықтардың олқылығына жауапты бірінші адамның атына сын емес пе бұл? Қалай болған күнде де, ақсақ қойдың артқы аяғындай аяңдап, болған істен басын алып қашу білім саласына абырой әпермесі анық. Әйтпесе, министрдің өзі айтқандай «жыл сайын қайталанатын қателікті» қайталамауға әбден болады.
АЙМАНОВТАЙ АҒАЙ ҚАЙДА?
Көзі ашық, көкірегі ояу әрбір адам бүгінде 1960 жылдары Білім министрі болған Кенжалы Аймановтай азаматты жиі ауызға алады. Қарапайым ұстаздықтан бастап, білім саласының тізгінін ұстаған білікті басшы өз заманында осы оқу жүйесіне оң өзгерістер әкелген екен. Оқулықтарды парақтап отырып, тұтас оқып жүріпті. Оқулық жазатын ғалымдармен сөйлесіп, тапсырма беруден де жалықпаған. «Баланың миына салмақ салмау үшін оқулықтарда негізгі құндылықтарды ғана сақтау керек» деп ескерте береді екен. Тіпті баланың бел омыртқасы майысып кетпеу үшін кітаптың мұқабасы мен парақтарының салмағын есептетіп шығартқан деседі. Білімге жауапты бірінші ұстаздың бойындағы жауапкершілік бүгінгі бас ұстаздың бойында болса, білім саласы неге сонша жүйесізденіп кетті?! Біздегі білім саласының басшылары осындай министрдің болғанын біле ме екен?