Күні кеше Әзербайжан елшісі Рашад Мамедов Қазақстанды дос және бауырлас деп атап, рухани әрі саяси көмек сұрады. Әзірге Ақорда таразы басын тең ұстап, тараптарды қайта-қайта татуласуға шақырып отыр. Неге? Өйткені армян-әзербайжан кикілжіңі Қазақстанға тиімсіз. Сарапшылардың пікірінше, бұл еліміздің дипломатиялық қарым-қатынастарын мүлде басқа бағытқа бұрып жіберуі ғажап емес. Ресей мен Армения – Қазақстанның ҰҚШҰ-дағы және Еуразиялық экономикалық одақтағы әріптесі. Түркия мен Әзербайжан – түбі бір түркі мемлекеттері. Шекара шебіндегі қақтығыстар кең көлемді соғысқа ұласса, көпвекторлы саясатымыздың күл-талқаны шығып, біржақты таңдау жасауға мәжбүр боламыз.
Оңтүстік Кавказ – мұнай мен газды халықаралық нарыққа асыратын дәліз саналады. Сондықтан аймақтағы ахуалға дүниежүзі қатты алаңдаулы. Бізге де тыныштық керек. Мәселен, Әзербайжан – Қазақстанға аса қажет транзиттік бағыт. Энергетикалық қауіпсіздік тұрғысынан да Каспий маңының тұрақтылығы маңызды. Қазақстан мен Әзербайжан арасында сауатты саяси диалог орнаған. Екі елдің халықаралық өзекті мәселелерге қатысты ұстанымы бірдей. Қазақстан Ақтау мен Құрық порттары, Баку – Тбилиси – Карс бағыты арқылы транзиттік мүмкіндігін нығайтуды көздейді. Былтыр Ресей мен Түркия арасындағы сауда соғысы басталғанда Түркия мен Қытай жүк тасымалын Қазақстан, Әзербайжан, Грузия арқылы жүргізуге келіскен. Жағдай ушықса, армян әскерилері Әзербайжанның стратегиялық нысандарын атқылайтынын да жасырмайды. Әсіресе, ірі теміржол магистральдары, Баку – Тбилиси – Жейхан мұнай құбыры, Баку – Тбилиси – Эрзурум газ құбыры нысанада тұр.
Қазақстан Армениямен де тату. Тәуелсіздік жылдары екіжақты қарым-қатынас өзара серіктестік және сауда-экономикалық, гуманитарлық сипатта дамыды. ҰҚШҰ аясында сенімді диалогке негізделген одақтастығымыз тағы бар. Екі ел арасында ешқандай келіспеушілік жоқ.
Жалпы, бұрынғы Кеңес Одағы құрамындағы республикалардың шекарасы әртүрлі ұлт қоныстанған аумақтармен сәйкесе бермейді. Шекаралар көбінесе коммунистік режимнің мүддесіне қарай жүргізілетін. Коммунистер үшін бұл шекаралар мемлекеттерді бөлетін шартты сызықтар ғана еді. Одақ тараған соң Таулы Қарабақ, Среднеостровье, Абхазия, Өзбекстан мен Қырғызстанның шекаралас аудандары сынды ұлтаралық тайталас ошағына айналған аймақтар қалыптасты. Таулы Қарабақта 30 жыл бойы жалғасқан жанжалда 30 мың адам қаза тауып, миллионнан аса тұрғын босып кетті. Кеңес Одағының тікелей мұрагеріміз дейтін Ресей өзі өршіткен өртті біржола өшіруге құлықсыз. Шын мәнінде, Арменияның туын тігіп қойып, Әзербайжан жерінің 20 пайызын билеп отырған – Ресей, осы проблеманың шешімін табуға кедергі келтіріп отырған да – Ресей.
Әдетте халықаралық дау-дамайларда Кремльдің қас-қабағына қарайлайтын Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа Арменияның кіруіне үзілді-кесілді қарсы болған. Нұрсұлтан Назарбаевтың «ЕАЭО-ға Қарабақсыз кіресіңдер» деген сөзіне армяндар ұлардай шулап, наразылық танытса, Әзербайжан қызу қолдаған. Ақыры Армения амалсыз Қазақстан талабына мойынсұнып, одаққа Таулы Қарабақсыз өткен.
2016 жылы Армения Қазақстанды ЕАЭО-ның Ереванда өтеді деп жоспарланған саммитіне Әзербайжанды қолдау ниетімен қатыспады деп айыптады. Ресей, Қазақстан, Беларусь, Армения мен Қырғызстан премьер-министрлері Ереванда Еуразия экономика одағының үкіметаралық кеңесіне жиналуы керек еді. Кездесуге сол кездегі Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов бармағандықтан, басқосу кейінге шегерілді. Мәсімов кеңесті басқа жерде ұйымдастыруды ұсынған.
Сонымен, соғысқа Түркия мен Ресей килігуі әбден ықтимал. Себебі Ресей Армениямен, ал Түркия Әзербайжанмен өзара әскери жәрдем туралы шартқа қол қойған. Сирия шекарасында Ресей ұшағын Түркия атып құлатқалы Мәскеу мен Анкара дүрдараз. Әзербайжан мен НАТО-ға мүше Түркия арасында 2010 жылдан бері стратегиялық әріптестік және өзара көмек жөніндегі келісім бар. Бір тарапқа әскери агрессия жасалса, екіншісі сөзсіз қол ұшын созуға уағдаласқан. Дәл осындай келісімді 1992 жылы Армения мен Ресей де жасасқан. Демек, екі державаның геосаяси мүддесі қарама-қайшы.
Таулы Қарабақ жанжалы Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына (ҰҚШҰ) үлкен сын болатын сияқты. ҰҚШҰ-ның 4-бабына сәйкес, мүше мемлекеттердің қайсыбірі агрессияға ұшыраса, барлық басқа мүше мемлекеттер әскери көмек беруге міндетті. Яғни, аталмыш бап бойынша Армения Әзербайжаннан тікелей қауіп-қатер төнген жағдайда Ресейдің жәрдеміне сүйене алады. Ресей Арменияның солтүстігіндегі Гюмри қаласында 102-ші әскери базасын және Ереван маңындағы Эребуни әуежайында 3 624-ші әуе базасын құрған. Сондай-ақ орыстардың Арменияда бес мың сарбазы, әуе және зымыран қорғаныс жүйелері жұмыс істейді. Алайда 2016 жылғы қақтығыста Ресей ҰҚШҰ аясында стратегиялық одақтас болудың орнына ЕҚЫҰ Минск тобы аясында делдал болуды жөн көрді. Мамандардың пайымынша, Ресей қазір де қақтығыстың қасап қырғынға айналуына мүдделі емес. Оның Сирия, Украина сияқты өз проблемасы жетеді.
Айтпақшы, ҰҚШҰ жауапкершілігі халықаралық қауымдастық заңды деп таныған аумақтарда ғана таралады. Ал Таулы Қарабақтың мойындалмағаны белгілі. Яғни, қағаз жүзінде бұл соғысқа ҰҚШҰ-ның қатысы шамалы. Сондай-ақ ҰҚШҰ-ның бір елге әскер енгізуіне ұйымға мүше бес мемлекет ортақ келісуі керек. Тіпті, Ресей Арменияны жақтаймын дегеннің өзінде оны өзгелердің қолдауы екіталай.
Жалпы, осы ҰҚШҰ мақсаты күмәнді. Ұйым ішінде жүйелік кемшіліктер жоқ емес. Былтыр Армения қарулы күштері бас штабының бастығы Юрий Хачатуров ҰҚШҰ атынан сөйлеп, ұйымға мүше елдер Ресейдің Сириядағы әскери қимылдарын қолдайтынын, ал ресейлік әскери ұшақты атып түсірген Түркия тарапын ашық айыптайтынын айтқан. Бұл мәлімдеме Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь үкіметтерінің наразылығын туғызды. Өйткені бәрінің атынан сөйлеу құқығы ешкімге берілмеген. Осы соңғы қақтығыста да ҰҚШҰ біртүрлі мәлімдемелер жасап жатыр. Ұйымның баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдинов түйткілді шешу міндетін Бакуге арта салды. Ұйымның бас хатшысы Николай Бордюжа кейінгі кезде ресейшіл ұстанымын ашық аңғартып жүр. Мысалы, оның «Еуроодақ пен НАТО тек Ресейге ғана емес, ҰҚШҰ-ға да дұшпандық ойлайды» деген пікірі Қазақстанның көпвекторлы саясатымен қабыспайды.
Қалай десек те, мәселе бейбіт жолмен шешілуге тиіс. ҰҚШҰ-ның, Шанхай ынтымақтастық ұйымының, Еуразиялық экономикалық одақтың, ТМД құжаттары бар. Қарулы қақтығысты қантөгіссіз реттеу шарттары жазылған сол құжаттарды басшылыққа алған дұрыс. Қазақстан екі ортада өгізді өлтірмей, арбаны сындырмай, екі оттың ортасынан аман шығуға талпынатыны мәлім.