The Guardian әлемдегі ең көне романның жалғасы табылғанын жазды. Романның жалғасы Жапониядағы феодал отбасының ескі сандығынан шыққан. Бұл «Гэндзи жайлы ертегінің» бесінші бөлімі екені анықталды.
«Гэндзи жайлы ертегіде» император баласының қиын да қызықты тағдыры бейнеленген. Шығарма ХІ ғасыр басындағы Хэйан дәуірінде жазылған. Романның авторы кім екені нақты емес. Бірақ көпшілігі Мурасаки Сикибу есімді ханым болуы мүмкін дейді. Түпнұсқасы сақталмаған. Романның ең танымал нұсқасын Тэйк есімді ақын жазып қалдырған.
Мурасаки Сикибу жазған «Гэндзи жайлы ертегі» – Хэйан әдебиеттің шыңы. Шығармадағы ерекшелік – адамдардың жеке өмірі туралы, оның эстетикалық мәнін ашып көрсету. Гэндзи жыры сезім, махаббат, отбасы мен өмірдің үйлесімін танытады. Мурасаки психологиялық параллелизмді шебер суреттейді. Адамның жан толқынысы мен табиғат тылсымын қатар береді.
«Жалпы, романның 54 бөлімі бар. Осыған дейін төрт бөлімі көшірме нұсқа санатында еді. Жаңа табылған бөлік бесінші бөлімі екені дәлелденді. Мұнда Гэндзи Мурасаки есімді қыз кездескенін, отбасын құрғаны баяндалады. Бұл бөлікті де Тэйки жазып қалдырғаны анықталған. Әлем әдебиеті үшін құнды дүние. Мәтінді тереңірек зерттеу үшін ғалымдар барын салып жатыр, – дейді Киото университетінің профессоры Джанко Ямамото.
Джанко Ямамотоның айтуынша, бесінші бөлім басқаларына қарағанда ертерек жазылған. Сондай-ақ бесінші тараудағы мәліметтер кейінгі қолжазбаларға негізделгенін түсіндірді.
Бұдан бөлек Хэйан дәуірінде әйелдер қауымы қоғамдық іске қатыспады. Олар өлең жазумен, поэзиямен айналысқан. Тарихшылар ерлер мен әйелдердің әдеби суреттеуіне талдама жасаған. Нәтижесінде, жапон поэзиясындағы ерекше эстетикалық талғамның қалыптасу тұсын анықтаған. X ғасырдың аяғы мен XI ғасырдың басы жапон прозасының даму кезеңін көрсетеді. Мұндағы ерекшелік – әйелдердің поэзияның қозғаушы күшіне айналғаны. Кезінде ерлер әйелдің лақап атымен өлеңдерін жариялаған. Тіпті «Тоса никкидің» авторы Ки-но Цураюкиге әйел есімімен өлең жазуына тура келген.
Айбике ЖАНАСЫЛ