«Абай әлемі» байқауының жеңімпаздары белгілі болды
«Абай әлемі»  байқауының жеңімпаздары белгілі болды
223
оқылды
 Бұл туралы Елбасы қорының баспасөз қызметі хабарлады.
Ақын, композитор және ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған байқауда еліміздің әр өңірінен келген 100-ден астам ғылыми жұмыс іріктеліп алынған. Ол жұмыстар ақын шығармашылығының әдеби дәстүрлер мен қазақ әдебиетіне әсері қатысындағы зерттеулерді қамтиды. Еңбектердің арасында Абай шығармаларындағы рухани құндылықтардың көрінісі мен өлеңдерінің текстологиясына арналған. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланның айтуынша, байқау арқылы қоғамда халық дәстүрін, адамгершілік құндылықтарын және олардың бірегей шығармашылығын нығайту мақсат етілген. Белгілі қоғам қайраткерлері, абайтанушы ғалымдар мен ақындар енген қазылар алқасының мүшелеріне байқау жеңімпаздарын анықтау оңай болған жоқ.
– студенттер арасында I орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ 2 курс студенті Әзімбек Қойлыбай жеңіп алды. Ол арнайы диплом мен 300 000 теңге көлеміндегі сыйлықтың иегері атанды. Еуразия гуманитарлық институтының 4 курс студенті Атабай Қуанышов пен Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің 2 курс студенті Нұрай Ғазизовқа II орын үшін арнайы диплом мен 200 000 теңге сыйақы берілді. III орынды Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-дің 4 курс студенті Назгүл Айсенова, Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-дің 3 курс студенті Гүлсімай Сайрамбек, Назарбаев Университетінің 2 курс студенті Мөлдір Бижанова өзара бөлісіп, әрқайсысы 100 000 теңге көлеміндегі сыйақыға ие болды. – магистранттар арасында I орын иеленген Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің 1 курс магистрі Мұстафа Шохаевқа диплом мен 400 000 теңге көлеміндегі сыйақы табыс етілді. II орынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс магистрлері Абай Мырзағали мен Шерхан Мұхамбетжанов иеленді. Жас ғалымдар 300 000 теңгеден сыйақы алды. ІІІ орын үш қатысушыға бұйырды: Тұран–Астана университетінің 1 курс магистрі Қалиакбар Үсемханұлы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 2 курс магистрі Ақбота Қажыбекова мен 1 курс магистрі Зейнегүл Жұмабекова 200 000 теңге сыйақы алды. Нұрсұлтан Назарбаев Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры ұйымдастырған байқаудың үздік ғылыми жұмыстары Abaialemi.kz порталында жарияланады. Тұмар МЫРЗА