Қайта оралған «Дон Карлос»
Қайта оралған «Дон Карлос»
384
оқылды

Таразы басында махаббат пен халық игілігі тұрса, қай­­сы­сын таңдайсыз? Өз қара басының қамын емес, досының күйін, елінің жайын биік қойған кейіпкерді таны­ғы­ңыз келе ме? Верди операсы көрерменін ойландырады. Оның әр шығармасы толқы­ныс­қа толы. Ал «Дон Карлос» – ішіндегі бірегейі. Опера 11-13 қазан күндері Нұр-Сұлтандағы «Астана Опера» театрының үлкен залында қойылады.

Бұл – «Астана Опера» театры­ның репертуарындағы Джузеппе Вердидің үшінші әрі шоқтығы биік туындысы. Қойылымы жағынан күрделі, бірақ қабылдануы жеңіл туындыны маэстро Алан Бөрібаев пен итальян режиссері Давиде Ливермор қояды.

«Дон Карлос» опе­ра­сы ком­по­зитор шығармашылығын­да­ғы орны бөлек туынды, ол саз­гер­дің қаламынан туған ұлы шы­­­ғармалардың бірі болып қала бермек. Ол – композитордың көр­кемдік шығармашылығындағы бетбұрыс. Бүгінгі таңда операның фран­цуздық, итальяндық нұс­қа­лары әлемнің жетекші театр­ла­ры­ның сахнасынан түскен емес.

– «Дон Карлосты» театрлар жиі сахналай бермейді, себебі опера жоғары кәсіби әншілердің үлкен құрамын талап етеді. «Астана Опера» труппасында жетекші соп­рано, тенор, баритон және бас дауысты мықты солистер бар. Оның бәрі қызу дайындық жасай­ды. Спектакльдің барынша қызықты болатынына күмәніміз жоқ, себебі музыкасының өзі – керемет және тарихи бейнелерге толы», – дейді «Астана Опера» МОБТ директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.   

Оның айтуынша, Джузеппе Вердидің әйгілі операсының тарихы 1865 жылдан басталады. Ол – әлемдегі ең ұзақ опералар­дың бірі. Ең алғаш рет 1867 жылы 11 наурызда Парижде қойылды. Мамандар үлкен тәуекел жа­сап отырғанын мойындады. Себе­бі, бұл қойылым бірнеше жыл­дан бері әлем сахнасында орын­далмаған. Қазақ сахнасы­ның өзіне 40 жылдан кейін ғана қойылуда.


– «Дон Карлос» – өте ауқымды шығарма. Ол алғашында француз оркестріне арналған. Верди бұл туындысын 7 нұсқада жазды. «Аста­на Операда» 1884 жылы Ми­лан­да қойылған соңғы нұсқасы ұсынылмақшы. Біздің сахнаның мүмкіндігі зор. Хорымыздың өзі қандай?! Оркестрімізге қызыға қарайтындар көп. Сондықтан әлемдік театрлар тәуекел ете бер­мей­тін қойылымды көрерменге ұсынып отырмыз, – деді қоюшы дирижер Алан Бөрібаев.

Дирижердің айтуынша, ком­по­зитор алдымен II Филипп пат­ша­ның қайғы-қасіретін көрсет­кісі келген. Өйт­кені патша жеке басының бақы­тынан айырылған, оның үстіне ұлы­мен ортақ тіл табы­са алмауы, әйелінің сүймейтіні тағы бар. Міне, басынан өткерген ауыртпалықты халыққа жеткізгісі келген. Өйткені жас кезінде Вер­ди өзі екі баласы мен әйелінен айы­рыл­ған. Әке ретінде де, жар ретінде де бақытсыз болғаны бел­гілі.

Шынымен, оқиға 1556 жылы император V Карл тақтан бас тар­тып, билікті II Филиппке өткі­зуінен басталады. Тарихи драма. Тақ таласы. Үлкен саяси ойындар. Қол жетпес арман. Баянсыз ма­хаб­бат. Барлығы бір операның бойынан табылады.

Бас кейіпкер Дон Карлосты Медет Шотабаев, Елизаветаны Жан­нат Бақтай, Родригоның рө­лін Сүндет Байғожин мен Тал­ғат Мұсабаев сияқты опера майтал­ман­дары сомдап, өнер көрсетеді.

https://youtu.be/TU2GDn-fsIY