WBO International титулының иегері Қанат Ислам жеңістерін 14 нокаутпен жеңген мексикалықпен кездеседі. Бұл туралы Aikyn.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтей отырып хабарлайды.
Бокс инсайдерлерінің хабарлауынша, Қанат Исламның қарсыласы мексикалық Хессус Гуррола атанды. Тәжірибелі боксшының есебінде 45 жекпе-жек бар. Олардың 27 кездесуінде жеңіске жетіп (14 нокаутпен), үш жекпе-жегін тең өткізіп, 15 рет жеңіліс тапқан. Қанат Ислам рингке 27 рет шығып, барлығында жеңімпаз атанды. Ал 21 кездесуін нокаутпен жеңді.
BoxRec-тің хабарлауынша, Қанат Исламның жекпе-жегі 16 қазанда Флорида штатындағы Плант-Сити қаласында өтеді. Бұл жекпе-жек боксшы үшін осы жылдағы алғашқы текетіресі болады. Былтыр 26 қазанда Алматыда өткен WBO International титулы үшін соңғы жекпе-жекте төрешілер шешімі бойынша намибиялық Вальтер Каутондокваны жеңді.
Пантера деген лақап атқа ие 32 жастағы Гуррола жекпе-жектің көп бөлігін өз елінде өткізген. Бірақ Румыния, Германия, Испания, Канада, Оңтүстік Африка елдеріндегі жекпе-жектерге барған.
Өткен жылдың қарашасындағы соңғы жекпе-жегінде Гуррола марокколық Мохаммед Рабиядан жеңіліп қалды.