«Сонда қалай етеміз, суға батырасың ба?»: Атыраудағы бас дәрігердің телефондағы жазбасы жарияланды
«Сонда қалай етеміз, суға батырасың ба?»: Атыраудағы бас дәрігердің телефондағы жазбасы жарияланды
237
оқылды

Атырау облысында дәрігерлер тірідей тоңазытқышқа салып, шетінеген сәбидің өліміне не себеп болғаны анықталып жатыр. 31 арнаның хабарлауынша, Перинаталды орталық басшысы мен сол күнгі кезекші дәрігердің телефондағы әңгімесін сәбидің әжесі естіген екен.

Әженің айтуынша, кезекші «мен өлді деп тіркеп қойдым» десе, Қуаныш Нысанбаев «Сонда қалай етеміз, суға батырасың ба?» — деп жауап берген. Телефондағы әңгіме былай жалғасқан: 

Кезекші дәрігер:

— Моргке апарайық десек, бала тірі жыбырлап жатыр. Моргке апаруға келген кісі  «мына бала тірі апара алмаймын», — дейді.

Қуаныш Нысанбаев: 

— Онда сен оның уақытын өзгерт.

Кезекші дәрігер: 

— Уақытын өзгерте алмаймын. Мен оны өлді деп тіркеп қойдым.

Қуаныш Нысанбаев: 

— Сонда қалай етеміз? Суға батырасың ба?

Кезекші дәрігер: 

— Суға батырсам, ертең неге барғанда білініп қалса, қайтеміз? Ағайындары ма, біреулер сұрап, келіп кетті. Мен баланы моргтен аласың дедім. Моргке барса, моргте бала жоқ қой. Шу шығарса, қайтем?

Немересінің тағдырын телефон арқылы шеше салған екі дәрігердің әңгімесін естігелі әжейдің ұйқысы қашқан. 

Келіні босанған кезде серіктес болуға кіремін деп үлгермей қалған әпкесі перзентханаға барған кезімде сәби тірі болған екен деп ашынады. Өйткені, екі дәрігердің әңгімесінде туыстары келіп кетті деген сөз бар. Сол келген туысы менмін дейді Нұржамалдың қайын әпкесі.