Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ ұлтының тарпаң тарихындағы тұтас бір дәуірдің есігін ашып берген данышпан – Абай Құнанбайұлының рухына бағышталған «Абай аманаты» атты мақаласы жарық көрді. Осы жылы барша бүкіл республика бойынша және ТМД, ЮНЕСКО және ТҮРКСОЙ көлемінде ұлы ойшылдың 175 жылдығын атап өттік. Жыл бойы Абайдың даналық тұнған жырлары мен қара сөздері жатқа айтылды, талқыланды, әндері тек қазақ жерінде ғана емес, барша әлем сахналарында шарықтады. Мақала талайды толғантып, көптің көкейінде жүрген түйткілді сауалдарға берілген жауап қана емес, Абай жылын қорытындылайтын ғибратты ғақлия деуге негіз бар. Абай қазақпен қашан да бірге, онымен үндес, онымен сырлас.
Елбасы мақаласының басында ұлы тұлғалардың тарихтың аумалы-төкпелі кезеңінде, қарама-қайшылықтар шарпысқан тұста дүниеге келіп, сондай аласапыран уақытта ұлтын өрге тартатын көреген көшбасшыларға айналатынын жазады. «Ұлы ақын, дана ойшыл Абай ХІХ және ХХ ғасырлар тоғысындағы Ағартушылық немесе Ояну дәуірінің көшбасшысына, елдің болашақ бағдарын айқындап берген рухани темірқазығына айналды», - деп жазады ол. Расында Абай өмір сүрген дәуір қазақ тарихындағы дүрбелеңі көп, ызы-қиғы кезең еді. Сол заманда Ұлы дала төскейінің мұңы мен зарын, аз ғана қуанышы мен назын Абайша ұғып, Абайша жырлаған пенде болмады. Кезінде итальялық ақын Данте Алигьери тек ақын ғана емес, қазіргі итальян тілінің қалыптасуына елеулі үлес қосқан, оған дәл осы атауды берген лингвист, тіл арқылы ұлтын дүниеге дәріптеп кеткен реформатор болған, ал Шекспир ағылшын әдебиетінің негізін қалаған, Ұлыбританияны бүкіл әлемге танытқан жазушы еді. Абай да қазақ үшін бірегей тұлғаға айналды. Абайдың ерекшелігі - ол өз халқының болмысын, ділін ғажап түсіне алды. Абай шындықты шырылдатып айта алатын, қайсар мінезді, терең ойлы философ. Әлем итальялықтарды Данте, ағылшындарды Шекспир, орыстарды Пушкин арқылы таныды. Ал қазақ Абай арқылы танылды. Елбасы өз мақаласына арқау еткен өзекті ой осы.
Абайды оқып, жүрегімен ұғынып, зердесіне тоқыған кез келген адам өзіне «менің Абаймен таныстығым қалай басталып еді?» деген сауал қоятыны заңдылық. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің өткен балалық шағын еске алып, әжесі Мырзабала мен анасы Әлжанның берген тәлім-тәрбиесі арқылы халық ауыз әдебиетінің кәусар бұлағына қанып, осылайша Абай әлеміне құлай енгенін әсерлі жеткізеді. Ұлтын мұратқа жеткізер жол іздеуден шаршамаған, атаның ғана емес халқының ұлы болған Елбасы ананың қастерлі тәрбиесінен бастау алған Абай даналығын өмір бойы бойына серік етіпті. Білім-ғылымға бойласа да, алғаш еңбекке араласқанда да ұлы Абайдың «Талапты ерге нұр жауар» деген ғибратты сөзін үнемі жадында ұстаған екен.
Елбасы талайлы тағдырды өткерген қазақтың тарих көшіне көз жүгіртіп, әр заманның зарын айтып, жоғын жоқтаған небір жыраулары мен Абай өмір сүрген кезеңнің айырмашылығын зерделейді. Абай қазақ елтұтқасыз қалған, жатқа телміріп, жалтақтаған заманда өмір сүргеніне, кезінде «алаш жұртының айбарлы астанасына айналған кіндік шаһар – Түркістанның өткен тарихта өз мәртебесінен айрылып», Абайдың сол заматта иек артып, тәу етіп баратын елордасының болмағанына егіледі. Ал бүгін Абайдың Отаны гүлденіп, әлемнің алпауыт мемлекеттерімен Жер атты ғаламшарда татулық пен бірлік те өмір сүріп қана қоймай, иық теңестіретін деңгейге жеткендігіне шүкіршілік айтады.
Тәуелсіздіктің ақ таңы енді атып, елең-алаң шақта тәуекелмен күн кешкеніміз рас. Шүкір, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының саяси көрегендігі мен көшбасшылық дарындылығының арқасында еңсемізді тіктеп, дүйім елге танылдық, әлем назарын аудартқан игілікті істер тындырылды. Соның бірі – азат елдің айбарына айналған жаңа елорданың бой көтеруі еді. Бүгінде Абай ұрпақтары осынау елордада білім алып, өсіп-өркендеуде. Барша қазақстандықтың сүйікті астанасына айналған әсем шаһар жылдан жылға талайлардың үміт отын лаулатып, арман-мұраттарының орындалуына себепкер болып келеді. Барша түркі жұрты үшін киелі шаһар Түркістанға 2018 жылы Елбасының жарлығымен облыс мәртебесі беріліп, бүгінде Түркістан қайта түлеп, Көк түрктің айбынын асқақтатуда.
Тарихымыздың ақтаңдақ беттердің бірі – ұлы ақын дүниеге келген өңір Семейдегі ядролық сынақ полигоны еді. Тәуелсіздікті жарияламас бұрын Н.Ә.Назарбаевтың тікелей бастамасымен Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім қабылданып, туған жердің топырағы кең тыныс алды. Елбасының ядролық қарусыз әлем құру туралы бастамасы жаһан тарапынан қолдау тапты. Бүгінде киелі Семей өңірі еліміздің гүлденген аймақтарының қатарында. Ұлы ақынның жаны мәңгілік дамыл тапқан аймаққа жыл сайын Абайды «іздеп» мыңдаған қазақстандық жол тартады. Себебі Абай әр қазақтың жүрегінде, санасында, тілінде, ділінде.
Н.Ә. Назарбаев өз мақаласында Абайдың қазақ халқына аманат еткен басты өсиеті – бірлік пен береке, шын жанашырлық пен мейірім, ұлт тұтастығы мен бірін-бірі қолдау екенін тілге тиек етеді. Ойшылдың «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең – істің бәрі бос» деген өсиеті бүгінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Жылдар жылнамадан сырғып жылжып жатыр, заман күн сайын тың сипат алып келеді. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтқан білімнің салтанат құруы, ғылымның құлашын кең жаюы, прагматизм, бәсекеге қабілет қазіргі заманның шындығы. Абайдың шығармашылығы да барша қазаққа білім мен ғылымды игеріп, надандықтан бойды ада ұстап, бірлік пен берекеге иек артудан тұрады емес пе?
Қазақстан бүгінде тұрақты даму жолына түсіп, өзінің Елбасы бастап, негізін қалаған, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жалғап келе жатқан стратегиялық жоспарымен болашаққа нық қадамдап келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы Қасым-Жомарт Кемелұлының іскерлігіне, кәсібилігіне сүйсініп, мемлекет басшысының Қазақстанды саяси сарабдал жолмен бастап келе жатқанына қуанып, еліміздің ертеңіне сенеді. Елін сүйер Ері барда, Ерін қолдайтын халқы барда, Қазақстанымыздың келешегі кемел, мемлекеттілігіміз баянды болмақ.
Бізге Абайдай ойшылдың өсиеті мен даналығынан сусындау бақыты бұйырды. Абай ұлт темірқазығына айналды. Иә, Абайдың 175 жылдығы осы жылы барша әлемді жаулаған коронавирус індетімен тұспа-тұс келіп қалса да, бұл біздің қайсар мінезді халқымыздың көңіліне қаяу түсіріп, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуге тұсау сала алған жоқ. Елбасы сөз соңында Абайдың «...Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» деген үмітті ұштайтын, асыл пікіріне жүгініп, ұлы ғұламаның сөздері біздің игі ұмтылыстарымыз мен ізгі істерімізден қашан да бой көрсететініне сенеді. Біз әр қазақ баласының көкірегінде Абайдың даналығы сайрап тұрса, адаспайды деген ойға келдік. Жүректегі сенім, бойдағы рух мықты болса, алар асулар мен шығар белестерге даналықтың сәулесін шашып тұрмай ма?
Әмірхан Рахымжанов,
ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директоры, саяси ғылымдар докторы., профессор