Жемқорды неге қолдайды?
Бұл ойдан шығарылған ақпарат емес, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің дерегі. «Бүгінде жемқорлар жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің (ҚАЖ) қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде, яғни қоныс-колонияларда өтей алады. Ал бұл олар жасаған әрекеттің ауырлығына, қылмыстық қудалау қағидатына сәйкес келмейді. Өйткені Қылмыстық кодекс бойынша қоныс-колонияларда тек қылмысты абайсызда жасаған адамдар, сондай-ақ күш қолданумен байланысты емес қылмыстар үшін сотталғандар, келтірген залалын толық өтегендер және 2 жылдан аспайтын мерзімге бас бостандығынан айырылғандар ғана отыра алады», – дейді агенттік. Сарапшылар жазаны өтеу орны мәселесін қарағанда депутаттар және судьялар жемқорлық қылмыс жасаған адамдарға «артықшылық» бергеніне назар аудартады. Бұл сөз бос байбалам болмауы үшін антикоррупциялық орган ұсынған мына мәліметке жүгінген жөн: «Сыбайлас жемқорлық үшін сотталғандардың едәуір бөлігі қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде, яғни қоныс-колонияларда жазасын өтеп жатыр. Ең сорақысы сол, бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде: егер 2016 жылы жемқорлардың небәрі 16%-ы қоныс-колониясына жіберілсе, 2017 жылы бұл көрсеткіш – 25%, 2018 жылы – 46%, 2019 жылы 65% болды». Қоныс-колониясы не ұсынады? Ондағылар тіпті түрме киімін кимеуге құқылы көрінеді. Қылмыстық-атқару кодексінде қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде сотталғандар үлгісін Үкімет бекітетін нысандағы киімді (тюремная роба) кимеуіне болатыны көрсетілген. Мына «қызықты» қараңыз: «қоныс-колонияда ұсталатын сотталғандар ақшалай аударымдарды шектеусіз алуға және жіберуге құқылы». Олар «жыл сайынғы ақылы демалыс уақытына шығуға құқығы бар». Бұдан бөлек, оларға «демалыс және мереке күндерiн сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін мекеменің шегінен тыс жерде өткiзуге рұқсат беріледі». Қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жемқорларға камера және жатақханадан тыс жерде тұруына, сондай-ақ ұялы телефон, бомба, есірткі, ішімдік және әскери үлгідегі киімнен басқа кез келген затты түрме аумағына әкелуіне, пайдалануына рұқсат етіледі.Президент пәрмен берді
Бір қуантарлығы сол, беті ашылып отырған осы жөнсіздікті жою үшін ең жоғары деңгейде саяси ерік-жігер бар екен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 27 мамырда №20-439-7 қарарымен «пара алғаны, пара бергені, парақорлыққа делдал болғаны, ауыр және аса ауыр коррупциялық қылмыс жасағаны үшін сотталғандарға жазасын бірден қоныс-колониясында өтеуге мүмкіндік беру тәжірибесін жою» туралы бастаманы қолдады. Аталған бастама Мемлекет басшысының қарауына биылғы 14 мамырда Үкімет басшысы Асқар Маминнің хатымен қоса енгізілген болатын. Идея о баста жемқорлыққа қарсы агенттіктің, Бас прокуратураның және Әділет министрлігінің келісімін алды. Енді Үкімет пен Парламент сыбайлас жемқорлардың жазасын өтеу шарттарын қайта қарайтын заң жобасын қабылдауы керек. Содан кейін коррупционерлер адам өлтірушілермен, зорлықшылармен, қарақшылармен бірге қамалуы ықтимал. Бұл оларға сабақ болады.Толқынды толқын қуады
Ел Үкіметі сарапшылармен бірлесіп, Президенттің жемқорлыққа қарсы күресті өрістету тапсырмасымен байланысты түзетулердің келесі толқынын түзуге кірісті. Бұл пакеттің жаңашылдықтарына тоқталсақ, біріншіден, 2021 жылдан бастап мемқызметшілерге, Парламент депутаттарына, судьяларға шетелдік банктерде шоттар ашуына, өзге елдердің банк ұяшықтарында қолма-қол ақша мен құндылықтарды сақтауына тыйым салынады. Екіншіден, жемқорларды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға жол берілмейді. Үшіншіден, Қылмыстық кодексте құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, судьялардың, пара берушілер мен пара алудағы делдалдардың сыбайлас жемқорлық үшін жазасы қатайтылады. Төртіншіден, пара алғаны не бергені, осы жолда делдал болғаны үшін сотталғандар, ауыр және аса ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандар жазасын бірден қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде (қоныс-колонияда) өтеу мүмкіндігінен айырылмақ. Бұл тетіктердің бәрі тек заң жобасындағы тиісті ұсыныстарды Парламент өзгеріссіз, өңдеусіз, жонусыз қабылдаса ғана іске қосылмақ. Әйтпесе, жемқорлар әрі қарай да көз қылып түрмеге отырғызылып, шынында бостандық пен той-думанда талтаңдап жүре бермек. Жасыратыны жоқ, халық жемқорлықпен күреске сенбейді, күреске үлес қосудан қорқады, коррупционерлердің жоғарыда достары көп деп санайды. Былтыр желтоқсан айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен қазақстандықтар арасында әлеуметтік зерттеу жүргізіліпті. Сонда азаматтардың көпшілігі – 63%-ы «кінәлілер қолға түскеннің өзінде бәрібір сот пен тергеуден құтылып кетеді немесе судья арқылы үкімді жеңілдете алады» деп сенетінін мәлімдеген. Зерттеу Қазақстанда «сыбайлас жемқорлардың әділ жазаланатынына жұртшылықтың күмәнданатынын» көрсетті.Айхан ШӘРІП