Әлеуметтік тәжірибе оқу жылы басталып кеткендіктен, қазақ тобын табу қиынға соғарын көрсетті. Топты былай қойғанда, балабақшаға орналасудың өзі әжептәуір шаруа. Өйткені жартылай мемлекетке қарайтын балабақшаларда орын саны толып кеткен. Мәселен, Aruna Club бөбекжайында 50 мемлекеттік орынның бәрі бос емес. Сол үшін айына 95 мың теңге төлейсіз. Мемлекеттік жеңілдікті алу үшін Indigo сайтына тіркелуіңіз шарт. Бірақ бақшаға қоңырау шалғанымызда олар мемлекеттік жеңілдік, яғни айына 65 мың теңгелік орын мәселесін офиске келіп шешуге болатынын айтты. Алдымен, Indigo сайтының құрылымымен танысып, бос орын санын қарадық. Сайтта қазақ, орыс топтарының бөлінісі жазылған екен. Кейбір бақшаларда 176 топтың 128-і қазақша жұмыс істейді делінген. Алайда біз қоңырау шалған балабақшалардың атын тергенімізде қазақ тобы барын көрсетті. Іс жүзінде онда қазақ тобы жоқ. Мәселен, Indigo сайтында Көктал-1 ауданындағы «Балажан» бақшасында 3-4 жас аралығындағы 8 топтың бәрі қазақ тобы екені жазылған. Ал бөбекжай методисі топтың барлығы аралас тілде оқитынын атап өткен-ді. Бұдан шығатын қорытынды, сайттағы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша ақпарат жаңармаған. Сондықтан бақшаның қазіргі халі туралы қоңырау шалғанда ғана біле аласыз.
Ата-ананың ықпалы зор
Қош, енді негізгі мәселеге көшелік. Құнттап отырғанымыз – тілдің жайы. Жоғарыда жазғанымыздай, балабақшадағы тіл тобын білмек болып, Алматы, Көктал, Сарыарқа ауданындағы бірнеше балабақшаға қоңырау шалдық. Меңгерушілер балабақшадағы топқа қарағанда ата-ананың баламен үйде қай тілде сөйлесетіні маңызды деп отыр. Алайда олар бақшадағы атмосфераның да әсері барын жоққа шығармады.«Әзірге балабақшадағы кезекші топтар сабақты аралас тілде өтеді. Тәрбиешілердің дені – қазақ. Егер де сіз үйде баламен қазақша сөйлессеңіз, қазақ тілін ұмытпайды. Керісінше, балабақшада қазақ тілімен қатар орыс тілін меңгереді. Өйткені үйде қазақ тілінде сөйлеген баланың түсінігі қалыптасады. Ал балабақшаға келіп, қазақ тобына барған күннің өзінде орысша сөйлейтін балалар бар. Тәжірибемде үйінде орысша сөйлейтін балалардың қазақ тобында оқығанын көрдім. Бірақ бәрібір бала ойын барысында өзіне ыңғайлы тілде сөйлейді. Себебі оған ойын орысша жеткізген оңай», – дейді Aruna Club балабақшасының меңгерушісі Айжан Әбділбекқызы.Ал қазақ тобын қашан ашатыны жайында сұрағанымызда «қазақ тобына баратын бала саны көбейіп, бізге еркін жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, қазақ тобын ашамыз» деп жауап берді. Келесі кезекте Көктал-1 ауданындағы «Балажан» балабақшасына хабарластық. Олар бақша аралас тілде тәрбие беретінін бірден айтты.
«Балабақшада негізінен аралас топ жұмыс істейді. Тәрбиешілердің барлығы қазақ тілін жетік меңгерген. Егер сіз «менің баламмен қазақ тілінде сөйлесіңіз» десеңіз, тәрбиеші айтқаныңызды орындайды. Біздің аралас тілде жұмыс істеуіміздің себебі – Көктал орыс, украин сияқты бірнеше ұлты бар аудан. Сондықтан бізге аралас тілде білім беру ыңғайлы», – деді «Балажан» балабақшасының методисі Айзат.Елордадағы балабақшаны өзге тілдің алдында құрмет көрсетіп, алдыңғы орынға қойғанына таңдандық. Артынша Алматы ауданындағы атақты балабақшаның бірі Brilliant club-қа қоңырау шалып, қазақша жөн сұрап бастағанымызда-ақ қазақ тобы жоқ екенін хабарлағанда есеңгіреп қалдық. Бұл бөбекжайда да білім беру аралас тілде жүреді. Бірақ тәрбиешілердің ойын қазақша жеткізе алмай тұрғанына қарасаңыз, аралас тіл дегеннің астарында «орысша тәрбиелейміз» деп тұрғанын айтқызбай-ақ түсінесіз.
Бұл ‒ гендік комплекс
Сайып келгенде, балабақша тәрбиешілері қазақ тіліне сұраныс жоғымен түсіндірді. Көбінесе, ата-аналар баласының қазақ тобынан гөрі орыс тобында оқығанын қалайды екен. Содан 5-6 баламен қазақ тобын аша алмайтындықтан, оларды аралас топта оқытуға мәжбүр. Сөйтіп, орыс тобында тәрбие алған бала артынша мектепке орыс сыныбына барады. Тәрбиешілер тізе берсе мұндай мысалдың көп екенін алға тартты. Ал ата-ананың мұндай шешімге келуіне психология мен көрген-білгені әсер етеді. Психолог мұның астарында отарлық саясаттан қалған гендік тұрғыдағы комплекс жатқанын айтады. Оның сөзінше, 70 жыл бойы санамызда қалған «орысша білмесең, білімсізсің» дейтін стереотиптің де ықпалы бар. Елімізде ісқағаздың, алыс-берістің орыс тілінде жүретінінен ата-аналар баласының бәсекеге қабілетті болғанын қалайды екен. Әсіресе, тілдің қиындығын көріп, енді ғана еңсесін түзеген ата-ана саналы түрде баласын орыс тобына береді. Өйткені ол ұл мен қызының өзі сияқты қиналып, именгенін көргісі келмейді.«Білуімше, Балтық елдері жастары орыс тілінен бас тартқан. Ол жақта өз тілі мен ағылшын тіліне басымдық береді. Көрші тұрған Өзбекстанда тіл туралы мәселе жоқ. Ашық айту керек, қоғамда 100% қазақша сөйлейтін адам жоқ. Қазір қазақтар – қазақтілді қазақ, орыстілді қазақ деп бөлінеді. Әдетте, орыстілді қазақтар қазақтілді қазақтарды менсінбейді. Бұл – факт. Санамызда «орыс тілін білсем, биікте боламын, өсемін» деген пікір қалыптасып қалған. Осындай оймен интуитивті түрде балаларын орыс тобына береді. Астарында «Бәрі алға ұмтылып жатқанда, балам қазақша сөйлесе, басқадан кем болып қалады» деген түсінік бар. Екіншіден, мемлекетіміз қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін жұмыс істемейді. Орыс тілін білсең жетіп жатыр. Қазір ағылшын тілінің қажеттігін қолдан жасап жатыр. Сондықтан мемлекет ана тілдің қадірін көтеруге шындап кіріспесе, орыс тобында оқитын қазақ балалары көбейе береді», – дейді психолог, С.Асфендияров атындағы университеттің лекторы Рауан Нұрғалиқызы.Бұл мәселе Нұр-Сұлтан қаласы Алматы ауданындағы балабақшаларда көбірек байқалады. Ата-аналардың шағымы да аз емес. Айта кетерлігі, қазақ тобының жайы тек балабақшада ғана емес, үйірмеде де күн тәртібіндегі мәселе. Себебі ата-аналардың сөзінше, көркем гимнастика, суда жүзу, аэробика сияқты үйірмелерде қазақ тілінде сөйлейтін кәсіби маман жоқ. Мәселен, елорда тұрғыны Жомарт Айтқазы қызын көркем гимнастика үйірмесіне апарған. Бірақ қазақ тілінде жаттығу мәнін еркін түсіндіретін маман таппаған. Ол тіл комитетінің негізгі қызметі осы тұрғыдан жұмыс жүргізуі керек екенін айтады. Оның айтуынша, бұл проблеманы депутаттық сауал ретінде көтерсе де құба-құп.