Үш кезеңде жүргізілген «Жусан» операциясы адасқандарды жусан исі аңқыған Отанына қайтарып, уланған сананы тазартуды мақсат етеді. Жақынын жоғалтқандарға жақсы жаңалық жеткізуді көздеді. 2019 жылдың 28-31 мамырында гуманитарлық акцияның соңғы кезеңі өткен болатын. Қақтығыс аймағынан Қазақстанға 520 бала мен 142 әйел оралған. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтқан. «Жусан» операциясы бірнеше рет жүргізілгенін жақсы білесіздер. Жүздеген бала елге оралды. Олардың дені мектеп, тіпті мектепке дейінгі жастағы балалар. Қазір педагогтерді, психологтер мен басқа да мамандарды тарту арқылы ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Нәтижесі де жаман емес» деген еді. Елге қайтарылған соң балалар оңалтудан өтіп, арнайы бейімдеу орталығына орналастырылған. Бас қалада өткен баспасөз отырысының бірінде Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері Сирияда әлі 300 қазақстандық қалғанын айтқан. Оның жартысына жуығы балалар деседі. Жалпы, ЮНИСЕФ халықаралық ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, ДАИШ және басқа да террористік ұйымдардың құрамындағы отбасылардың 29 000 баласы әке-шешесінің кесірінен жазықсыз жапа шегіп отыр. Олардың дені – 12 жастағылар. Бұл балалардың 70 пайызы Ирактан болса, қалған 30 пайызы әлемнің алпыс елінен деген дерек бар. Атыс-шабыстан көз ашпайтын жерде жүру бала тұрмақ, ересекке оңай емес. Соғыс аймағында жас буынның санасын улайтын түрлі әдісті қолданып, жауыздыққа тәрбиелейтіні тағы бар. Өйткені ДАИШ ұйымының балаларды соғыс тәсіліне баулитыны бұрыннан белгілі. Қолға қару алып, адамды қалай өлтіру керегін үйрететін арнайы сабақтар өткізіледі. Ең қиыны, ата-анасының келісім берген-бермегенімен ешкімнің шаруасы жоқ. Кәмелетке толмаған балалардың құқығын қорғайтын әлеуметтік психологиялық «Шанс» орталығының жетекшісі Ольга Рыль – «Жусан» гуманитарлық акциясының басы-қасында жүргендердің бірі. «Шанс» орталығы Сириядан оралған әйелдер мен балалармен тығыз жұмыс істеп, оңалтуға ат салысып келеді. «2019 жылдың қаңтарынан бері «Жусанның» аясында жұмыс істеп келеміз. Бірінші кезеңде 11 әйел, 30 бала оралды. Әлеуметтік, медициналық тексерістен өтіп, Ақтауда карантиннен соң кейбірі біздің орталыққа келді. Өйткені бәрі бірдей үйіне орала алмады. Кетерінде мал-мүлкін түгел сатып кеткендер, үйсіз-күйсіз қалғандары болды. «Жусан-2» шеңберінде 150 әйел, 407 бала келді. Бұл жолы алдыңғысына қарағанда едәуір көп жұмыс күтіп тұрды. Әр аймақтағы психолог, әлеуметтік қызметкерлер Сириядан оралған әйелдермен, балалармен тығыз байланыста болып, орталықта жұмыс істеді. Ішкі істер министрлігінің арқасында құжаттар тез дайындалды. Тағы бір айта кетерлігі, геномдық экспертиза жасауды сұрадық. Өйткені басқа жақта босанған әйелдерде құжат болмады. Ең ауыры, жетім балалардың туыстық байланысын анықтау болды. Қамқоршы органдар мен білім басқармалары бұл балаларды енді кім жауапкершілігіне алатынын білуі керек болды. Міне, осы сынды көптеген мәселені шештік», – дейді Ольга Владимировна. Педагогтер балалардың сауатын ашып, құрдастарымен қатарластыру үшін жұмыс істеген. Яғни, тек білім деңгейін ғана емес, эмоционал жай-күйін де реттеу мақсатында көп жұмыс атқарылады. Әр баламен жеке жұмыс істегеннің арқасында олардың әдеттегі мектепке не балабақшаға баруға әзірлігі, қандай орта қажет екені – бәрі ескеріледі. Олай дейтіні, жасы мектепке баруға жетіп тұрғанымен, ақыл-есі оған жетпеуі мүмкін. Ольга Рыльдің айтуынша, балалар тіпті мектеп туралы ұмытып қалған, кейбірі оқу ордасы туралы мүлдем бейхабар. «Біз балалармен жұмысты музейге апарып, Қазақстан тарихын оқытудан бастадық. Мемлекеттік билік, жергілікті атқарушы органдарды таныстырдық. Бұрын мектеп көрмегендерге сыныпқа кіру, тақта мен парта, қоңырау даусы қызық болды. Жаңа өмірдің бастауы іспеттес көрінді. Олардың бұрын көрген өмірінен мүлдем басқаша. Көпшілігі – сол жақта өмірге келгендер немесе елде алғашқы сыныптарда оқып, кейін ұмытып қалғандар. Қиыны сол, бұл балалар өте радикалданған. Себебі көргені – соғыс, қирату, мәйіт, азап. Көз алдында ата-анасы мен бауырларының өлгенін көргендер бар. Бұл әрине, психикаға ауыр. Әрі болашақта бәрібір ойға оралады. Дегенмен жүйелі жұмыс керек». Қарағанды облысының конфессияаралық қатынастарының проблемаларын зерттеу және талдау орталығының басшысы Дулат Төлегенов «Жусаннан» кейінгі жұмыстарға тоқталып, балалардың қазіргі жағдайы жайлы әңгімелеп берді. «Балалар әр аймақтағы орталықтарға бөлінген соң олардың жеке басына арналған жұмыс жоспары құрылды. Енді бүгінде жан-жақты атқарылған жұмыстың арқасында қоғамға толықтай бейімделіп келеді. Мәселен, біздегі балалардың ішінде өзін ортадан шеттететін, кем санайтыны жоқ. Шыны керек, оңалту жұмыстарын ересектерге қарағанда балалармен атқарған әлдеқайда оңай екен. Әрине, бір жыл бұрын, елге енді келгенде өте қарқынды жұмыс істедік. Қазір сәл бәсеңдедік. Өйткені оған аса үлкен қажеттілік жоқ», – дейді Дулат Рашидұлы. Балалар әлеуметтік оңалту орталығына енді орналастырылғанда психологтер мынадай тапсырма беріпті: қазіргі көңіл күй, ой-армандарын бейнелеу. Содан әркім көргенін, ойындағысын салады. Сөйтсе, көпшілігі жарылыс, қара түнек, күнсіз аспан, қашып бара жатқан, көзінде қорқынышы бар адамдар, күңгірт құбылыстарды салыпты. Демек, олардың көзін ашқаннан бергі көргені сол ғана болғаны. Ал енді арада бір жыл өткен соң әлгі тәжірибені қайта қайталағанда, балалардың ойнап жүргенін, ашық аспанды, қуанышты сәттерді бейнелегенін байқапты. Арнайылап тапсырма бермесе де, салған суреттеріне қарап, ішкі жан дүниеде оң өзгеріс барын осыдан білсек болады. Десек те, ауыр күндердің ізі лезде өше қоймайды. Түбегейлі санадан жойылып кетпеуі де мүмкін. Сондықтан «адасқанның айыбы жоқ» демекші, қайта үйірін тапқандарды өзектен теппей, бауырға басу – міндетіміз.
Жадыра АҚҚАЙЫР