Шымкент әуежайын кім алмақ?

Шымкент әуежайын кім алмақ?

Осыдан біршама уақыт бұрын «Шымкент қаласының билігі қаладағы ипподром аумағын BI Group құрылыс компаниясына сатпақшы екен» деген сыбыс шығып, билік дәлізінде қабыл­данған бұл шешім қоғамда қызу талқыға түсіп, мемлекет мен­шігіндегі жерді сатуға қарсылық білдіргендердің қарасы күн са­нап артты. Шымкенттіктердің шамына тиген бұл бастаманың шаңы ба­сылмай жатып, тағы бір сау­даның ұшы қылаң берді. Бұл жолы Шым­кент қаласының халық­аралық әуежайы сатылымға түсіп отыр. Шымкент қаласының Жо­лау­шылар көлігі және авто­мобиль жолдары басқар­масы­ның теңгеріміндегі әуе­жайды сатып алу құқығымен сенім­герлік басқаруға беру үшін жа­рия­ланған тендер талаптары эл­ек­тронды сауда-саттық алаңы­на орналастырылған. Бастап­қы құны 5,2 млрд теңге деп жария­ланған нысанның кепілдік жар­насы 785,1 млн теңге болып бекітіліп отыр. Сауда 8 қазанда бас­талды. Тендерге қатысушыларға бірқатар талап қойылған. Атап айтқанда, әуежайдың болашақ иесі сенімгерлік басқару кезеңін­де нысанның негізгі профилін, яғни ұшақтарды қабылдап-жөнелту, ұшу алдындағы дайын­дық және тағы басқа міндеттерді атқаруы тиіс. Сенімгерлік бас­қару кезеңіне кем дегенде 6,0 млрд теңге инвестиция тартуға дайын болуы керек. 2021 жылдан бас­тап ең кемі 150 млн теңге бо­латын жылдық таза табыс кө­­лемін ұлғайтуды, әуежай мін­деттемелері бойынша қарыз­дарын жабу сияқты талаптарды мойнына алады. Шымкентте жарияланған сауданың жаңғырығы елордаға да жетсе керек, Парламент Мә­жілісінің депутаты Аманжан Жама­лов «Қазақ телеграф агент­тігінде»  Шымкент әуежайына қатысты сауда-саттық әлде­біреулерге тиімді екенін, сон­дық­тан оны қысқа уақыт ішінде, тез арада у-шусыз өткізіп жатыр деген пікір білдірді. «Қазіргі уақытта Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бас­қар­масы «Шымкент әуежайы» АҚ сатып алу құқығымен сенім­герлік басқаруға беру бойынша тендер жариялады. Сенімгерлік басқару мерзімі – 10 жыл, ал өтінімдер үш апта ішінде: 2020 жылдың 18 қыркүйегі мен 8 қа­зан аралығында қабылданады. Мұндай қысқа мерзім көптеген стратегиялық инвесторды кон­курс­тан шығарады», – дейді А.Жамалов. Ол сондай-ақ әуежай құны небәрі 5,2 миллиард теңгеге баға­ланып отырғанына наразылығын білдіріп, төмен баға қойылған деп есептейді. Парламент Мә­жілісінің депутаты тендерге қа­ты­суға өтінім беру мерзімін ұзар­туды ұсынып отыр. Бұл өз кезегінде тендерге қатысуға ниет білдірген қатысушылар санының артуына себепші болып, Шым­кент әуежайын сатудан мемле­кет көретін пайда көлемі есе­лене түседі деген көзқарасын жеткіз­ген. Айта кету керек, бүгінде Шым­кент қаласында  «SCAT» әуе­компаниясы» АҚ жолаушыларға арналған жаңа терминалдың құрылысын жүргізуде. Жалпы құны 21,5 млрд теңге болатын бұл нысанның құрылысына аталмыш әуекомпания күні бүгінге дейін 4,8 млрд теңге жұм­саған. Алғашқы қазығы 2019 жылдың наурыз айында қаланған жаңа терминал биылғы қазан айында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Бірақ коронавирус пан­демиясына байланысты әуе­компания биылғы жылдың нау­рыз-сәуір айларында әуе­рейстердің тоқтатылуы себепті 6 млрд теңгеге жуық шығынға ұшырағанына қарамастан, ком­пания жоба құрылысының тоқ­тауына жол бермей келеді. Жаңа терминал іске қосылған жағдайда мұнда бір мезетте 16 ұшаққа қызмет көрсетіліп, ұшу алдындағы тіркеуден сағатына екі мың адам өткізілетін болады. Сатылымға шығарылып отырған бүгінгі терминал сағатына небәрі 100 адамға ғана қызмет көрсетіп, жолаушылар ағынының жылдық көрсеткіші 800 мың адам болса, жаңа терминалда жолаушылар ағынының жылдық көрсеткіші 3,5 млн адамды құрамақ. Vera.kz ақпарат порталына түсініктеме берген «SCAT» әуе­компаниясы» АҚ қоғаммен бай­­ланыс бөлімінің жетекшісі Виктория Старожилованың мәлімдеуінше, Шымкент қала­сындағы ескі терминалды сатып алуға шарттарын компания ай­тар­лықтай қосымша шығын деп са­найды.Сондықтан оны алуға құлықты емес «Шымкент әуежайын сатып алу конкурсына қатысу туралы жарияланған шарттар жиынтығы 700 млн теңгеден асатын қар­жы­лық жарна төлеуді талап ете­ді. Бүгінгідей әуе қатынасы тұ­рақ­сыз болып тұрған шақта жаңа терминал құрылысын жүр­гізу, әуемаршруттар желісін да­мыту, компания өнімін ұлғайту мін­деттерімен қоса, мұндай қар­жыны біржолғы тәртіппен тө­леуді айтарлықтай қосымша шығын деп есептейміз. Дегенмен «SCAT» әуекомпаниясы» АҚ бар­­лық амалды қарастыра­ды», – деді В.Старожилова. Осы тұста айта кетер бір жайт, 1963 жылы салынған әуе­жай ғимараты күні бүгінге дейін бірнеше рет жөнделіп, жаңар­тылды. Әуежайдың ұшып-қону жо­ла­ғынан бастап ғимараттың сыртқы келбетіне дейін өзгер­тіліп, заман талабына сай жаң­ғыр­тылып отырды. Демек, 5,2 тең­геге бағаланған нысанның құны әдеттегідей арзан тәрізді  кө­рі­нетіні рас. Сауданы бір кісідей білетін шымкенттіктер тарапынан қа­зір­ше әуежай сатылымына бай­ланысты байламды пікірлер ай­тыла қойған жоқ.  «Сауда әділ болмаса, нарық бұзылады» де­мекші, бұл жолғы сауда нарық­қа дөп келген сыңайлы. Дей тұр­ғанмен сауданың көрігіне қы­зық­қан дөкейлеріміз мемлекет мүл­кін саудаға салар тұста «Құ­нық­қан саудагер сақалын күзеп сатады» дейтін халық тәмсіліне ой жүгіртіп, әбден таразылаған ше­шім қабылдайды деген ойда­мыз.  

Назгүл НАЗАРБЕК,  Шымкент қаласы