Иә, қазір рекорд күн сайын жаңарып, нәтиже өзгеріп сала береді. Әлем мен Азия чемпионаты, Олимпиада ойындары жетістіктерін бақыласаңыз, таңдай қағарыңыз анық. Мәселен, Лондон Олимпиадасында Рыпаковаға 14,98 метрге қарғуы алтын әкелді. Ал Рио Олимпиадасында дәл осындай нәтиже Венесуэла қызына қола медаль сыйлады. Риода алтын алған Ибаргуэн 15,17 метрге үш қарғып секірді. Демек, Лондон мен Рио-де-Жанейро арасы – 4 жыл. Сол аралықта алтынның «бағасы» + 0,19 см-ге өскен. Жалпы алғанда, әйелдер арасындағы үш қарғып секіруде алғашқы олимпиадалық нәтиже Инесса Кравецке (15,33) тиесілі. Атланта Олимпиадасынан кейін түрлі сайыс өтті. Сондай жарыстың бірінде Венесуэла қызы Юлимар Рохас үш қарғып секіру арқылы 15,41 метрді (2019 жылы) бағындырды. Аталған нәтижеге жету үшін күшпен қатар физиотерапияның әсері болғаны ма? Әрине, өйткені әдіс-тәсілді, технологияны пайдалану арқылы спортшы көрсеткішін арттыруға болады. Бастапқыда жеңіл атлетиканы мысалға келтірдік. Сол сүрлеуді жалғастырып көрелік. Мәселен, жеңіл атлет Усейн Болт қысқа қашықтыққа жүгіруден 8 дүркін Олимпиада, 11 рет әлем чемпионы атанған. Атап өтерлігі, спорт дәрігері Азамат Нұрматовтың айтуынша, Олимпиада ойындарына қарағанда, әлем чемпионатында спортшы көбірек маңдай терін төгеді. Аталған чемпионатта ойын саны да, жарақат алу қаупі де жоғары екен. Енді Усейн Болттың бір ғана олимпиадада 3 алтын алғанын ой елегінен өткізіңіз. Ол 100 метрге қысқа қашықтықты 9,58 секундта жүгіріп өткен. Бұл – әлемдік рекорд. Байқасаңыз, Болт Пекин, Лондон мен Рио-де-Жанейро Олимпиадасы алтынына жеке-дара иелік еткен. Жоғарыда аталған Рыпакова мен Болт 3 Олимпида ойындарының жүлдегері атанған. Оған Болттың 2004 жылғы Афина Олимпиадасына қатысқанын қосыңыз. Аралығы – 16 жыл. Ал спортшы 16 жыл бойы бабын жоғалтпай, саңлақтардың көшін бастауы үшін қандай жағдай жасау керек?
Бапты сақтау басшыға байланысты
Осы сұрақты тікелей спорт дәрігері Азамат Нұрматовқа қойдық. Оның айтуынша, барлығы басшылықтың құзырында екен. Ұзақ жылдар бойы бапты сақтау алдымен басшының спортшыға қандай жағдай жасайтынына байланысты. Спорт түріне қаншалықты көңіл бөліп, бақылауға алуында екен. Керек-жарақпен қамту да негізгі рөл ойнайды. Екіншіден, бапкердің жауапкершілігі. Спортшының деңгейін біліп, қай кезде қандай жаттығу жасауын міндеттеу де маңызды. Мүмкіндігін бағалап, қарқынын біліп, қанаттандыра алуы – бапкердің шеберлігі болмақ. Үшіншіден, дәрігердің спортшы денсаулығын уақытылы қадағалауында. «Егер спортшы жаттығу кезінде зорықса, қалпына келтіру шарасын жасап, тыңғылықты қадағаласа – дәрігердің жеңісі», – дейді волейбол командасының спорт дәрігері. Ал содан кейін ғана спортшыға артылар салмақ көрінеді. Азамат Нұрматовтың айтуынша, жөн-жосықты біліп, күшін сарқымай, ұрымтал тұсты пайдалана алатын спортшы ұзаққа барады. Ойыншы демалыс пен жаттығу режимі аралығын сақтап, берілген тапсырманы бұлжытпай орындаса жетіп жатыр. Ал командада, ұлттық құрамада осындай атмосфера қалыптастыру тікелей басшыға байланысты екенін қайталап жазғанымыз жөн болар.Осы тұста бұрындары Ұлттық олимпиада комитетінде, кейірінек волейбол командасында спорт дәрігері қызметінде жүрген Азамат Нұрматовтан ойыншылар матчқа қатысып, араға 2-3 күн салып, алаңға қалай қайта ораларын сұрадық.
«Кәсіби спортшы күніне 6-7 сағат жаттығу жасайды. Қалыптасқан режим бар. Сондықтан оған алаңға шығу қиын емес. Таңертеңнен ұйқыға жатар уақытқа дейін не істейтінін белгілеп қоямыз. Таңғы ас, түскі ас пен кешкі тамақ та біздің бақылауымызда. Арнайы дәрумен қабылдайтын болса да алдымыздан өтеді. Түскі уақытта әрбір спортшы массаж алады. Одан кейін ұйықтауы керек. Жаттығу жиынында сылбыр нәтиже көрсеткен спортшыны кешке физиожаттығу күтіп тұрады. Оны алаңда бапкермен қатар дәрігер де бақылайды. Өйткені кімнің қарым-қабілеті қандай екенін білу, бойы мен салмақ дәрежесіне қарай жіктеу, жеке физиожоспар құру – міндетіміз», – дейді Азамат Нұрматов.Жоғарыда спорт медицинасының жеке ғылым екенін жаздық. Бұлай деуімізге спорт дәрігерінің сөзі әсер етті. Өйткені қолданатын әдіс-тәсілдерін құпияда ұстайды. Елімізде спорт медицинасы кейінгі 10 жылдықта дамыған. Шетелдік конференцияға қатысып, біліктілікті арттыру курстарынан өтетін спорт дәрігері кейінгі 4 жыл ішінде плазмолифтинг әдісін тиімді пайдаланып жүргенін айтты. Дәрігердің сөзінше, бұл тәсіл жарақаттан тезірек айығуға көмектеседі. Сондай-ақ ол мануалды терапия мен кинезитерапия әдісі де спортшыға әжептәуір көмектесетінін атап өтті. Аталғандар жаңа технология мен ғылыми жаңалықтардың спортқа кірігуінің әсерінен туындаған.
Жаңа технология – қуат көзі
«Оқжетпес» клубының дәрігері Еркебұлан Қожахметұлы әріптесінің сөзін растап отыр. PRP-терапия, яғни плазмолифтинг емдеу әдісін футболда қолдану кеңінен таралған. «Қазір барлық футбол клубтары аталған ем түрін қолданады. Ойыншыдан қан алып, плазмасын тазалап, ондағы тромбоциттерге бай плазманы жарақаттанған жерге енгіземіз. Бұл жарақаттан тез айығуға, бұлшық еттің орнына келуіне әсер етеді. Қалпына келу уақытын 1,5-2 есе уақытқа жылдамдатады», – дейді ол.Ақыры жарақат жайында әңгіме қозғалған соң дәрігерден қалпына келтіру шаралары жайында сұрадық. Өйткені бір ойыншының жарақат алғаны туралы хабар шығысымен, қашан қатарға қосылатыны жайында ақпарат қатар жүреді. Осы процесс барысы бізді қызықтырды. Әрі 1 апта ішінде 2 матчқа қатысудың сыры мен қалыпқа келудің «құпиясымен» қанық болдық.
«Жарақаттың түрі көп. Мәселен, бұлшық еттің созылуы, жыртылуы немесе сіңір созылуы, микрожыртылу бар. Соған байланысты емнің түрлері әртүрлі. Осыған орай, қайта қалпына келтіру уақытын білеміз. Матч барысында ауырсыну, соқтығу әсерінен алған жарақаттың жазылуы 2-3 күн алады. Ондайда төреші дәрігерге белгі береді. Біз алаңға шығып, ауырсынған жерге мұздатқыш спрей себеміз. Бұл – ауырсынуды басып, бұлшық етті бекітеді. Ал микрожыртылуды емдеу 3 күннен 10 күнге дейін созылады. Егер аяқ, қол сыну жағдайы тіркелсе, емделу 1-2 айға жалғасады», – дейді «Оқжетпес» клубының дәрігері.Ал матчтан кейін қалпына келу турасында Instagram желісінде Криштиану Роналдудың мұз толы ваннада ем қабылдап жатқанын көрген боларсыз. Ел футболшылары да осындай әдісті қолданады. Еркебұлан Қожахметұлының айтуынша, ойыншы аяғын мұздай суда ұстайды. Бұл тамырлардың жиырылып, денедегі зиян заттардың сыртқа шығуына көмектеседі. Сондай-ақ бұлшық еттің қалпына келуіне септігі тиеді. Одан кейін футболшыға керегі массаж екен. Мәселен, «Оқжетпес» клубында екі массажист жұмыс істейді. Содан кейін дәрігерлер ойыншыға аминқышқылын тағайындап, жүрекке медициналық демеу көрсетеді. Түрлі витамин мен протеин қабылдауға да рұқсат. Айта кетерлігі, аталғандар допингке жатпайды. Еркебұлан Қожахметұлы 4 жылға жуық «Қайрат» футбол клубының дәрігері болған. Ол «Қайратта» әлемдік футбол клубтарының денінде қолданатын технологияның бар екенін растады. Еліміздегі бюджеті аз командаларға қарағанда «Қайратта» ойыншыны медициналық тексеруден өткізудің өзі бірнеше кезеңнен тұрады. Әрі «Краснодар», «Зенит» академияларындағы ем-шараны көзбен көріп, тәжірибе алмасқан дәрігер әдіс-тәсілдің бірқатарын ел футболшыларына қолданып жүр.
«Кез келген ойында микрожарақаттар болады. Сол кезде физиоқұралдар ойыншының қалпына келуіне жағдай жасайды. Осындайда «Қайратта» әлемдік клубтар мен Ресейде бар физиоаппараттың біршамасы бар. Мысалы, криосауна жайында көпшілік біле бермейді. Ол – -80,-110, -130 градусы бар бөлме. Мұздай ауада 3-5 минут болған футболшы өзін жақсы сезінеді. Мұндай сауна әлемнің бірқатар стадионында бар. Өз басым криосаунаны «Краснодар» стадионынан көрдім. Ал бұл «Қайраттың» базасында бар дүние. Одан кейін барокамера деген бар. Аталған камерада жатқан ойыншының бұлшық етіне, ми, өкпе мен жүрекке қажетті мөлшерде оттегі беріледі», – дейді Еркебұлан Қожахметұлы. Әрине, дәрігер ненің пайдалы, зиян екенін жақсы біледі. Алайда емнің әсері жайлы футболшыдан артық айта алмасы аны қ. «Негізінен, жаттығу мен ойында алған ауыр соққы 4-5 күнде жазылады. Ал криосаунада терапия қабылдасаңыз, 2-3 күнде айығасыз. Мамандардың айтқанындай, криосаунада қалпына келу 30 есе тез жүреді. Барокамера мұндай әсер қалдырған жоқ. Бірақ әріптестерімнің арасында аталған терапия түрін ұнататындар бар. Алайда мұндай аппараттар «Қайратта» ғана бар. Одан бөлек , ESWT терапиясын да айта кету керек. Яғни, соққы тербелісіне арналған терапияның да пайдасы орасан зор», – дейді «Тараз» клубының футболшысы Бауыржан Тұрысбек.Спорт медицинасындағы ньюанстар мұнымен бітпейді. Өйткені Еркебұлан Қожахметұлы плазмосорбция сияқты шетелде ғана қолданатын бірнеше әдіс-тәсіл түрін айтып берді. Спорт дәрігері алдағы уақытта аталған әдістің елге келетініне сенімді. Тек ол клубтың бюджеті мен медициналық аппараттың қауқарына байланысты екен. Демек, спортшы жетістігінің кілті – басшы, бапкер мен дәрігердің қолында. Ал дәрігердің қуаты – заманға лайықты жаңа технологияда. Әрине, технология сырына қанығып, шетел тәжірибесін үйрену федерация мен комитет бөлген қаржыға келіп тіреледі.