Теңіз тұңғиығында сексен кеме жатыр немесе Каспийді құртып алмайық!
Теңіз тұңғиығында сексен кеме жатыр немесе Каспийді құртып алмайық!
185
оқылды

Бұл шытырман оқиға­лы туындыларда немесе ба­йыр­ғының жасырулы қа­зы­­наларын іздеуші­лер үшін әлдебір тыл­сым, ро­ман­тикалық реңк­­ке бөлен­ген көрініс бо­луы мүмкін. Ал шы­найы өмірде ол – эко­ло­гия, әсіресе, Каспий­дей тұйықталған теңіз үшін залал мен қасірет. Бұған тос­қауыл қою мақса­тын­да, елімізде тұтас заң қабыл­данбақ.

2015 жылдың қарашасында Каспий теңізінің қазақстандық секторында «Тиба» атты ирандық кеме қайраңға шығып қалды. Сонда Қазақстан Үкіметі иран­дық сақтандыру компания­сына өтемақы беру туралы өтініш біл­ді­реді. Алайда көршінің ком­паниясы қазақ тарапының заңды талабын орындаудан бас тартқан. Ирандық компанияға ықпал етер тетігі болмаған Қазақстан амал­сыз­дан 2 жыл бойы ол кеменің теңізді мекендеушілерге зиян келтіруінің алдын алу шараларына бюджеттен қыруар шығын шы­ғар­ды. Сақтандыру төлемін төлеу секілді қалыпты істі мемле­кета­ра­лық келіссөздер нәтижесінде шешуге тура келген.  

Мамандардың айтуынша, қазіргі уақытта Каспий түбінде «жер­ленген» кемелер мен конс­трукциялар саны 80-нен асып ке­тіпті. ЮНЕСКО дерегінше, әлем­­де бүгінде мұхиттар мен те­ңіз­­дер астында кемелердің ша­ма­­мен 3 миллион бөлігі жатыр. Алайда өзгелерден айырма­шылығы сол, біздің Каспий суы ащы болғанымен, өзі тектес алып мұхиттарға қосылмайды, құрлық ортасында қысылған. Тиісінше, зиянды заттар ұлан-байтақ мұхит­тар­ға әкетіліп, тазартылмайды.

– Каспий теңізі Жер ғалам­ша­рын­дағы аса ірі ішкі су қоймасы саналады. Дерекке жүгінсек, Каспий теңізінде 80-нен астам бат­қан және иесіз тасталған кеме­лер мен металл конструкция­лар бар. Алайда бұл мәлімет нақты емес. Осы теңіз түбінде қандай тари­хи-мәдени ескерткіштер жатқаны да беймәлім. Каспийде археология­лық зерттеулер жүргізу ісі жеткілікті дәрежеде дамыма­ған. Салдарынан, суасты мәдени мұрасын зерттеулер және олар туралы мәліметтер өте аз, – дейді Суасты мәдени мұраны қорғау жөніндегі конвенцияның бағдар­ла­­ма­лық маманы Чихиро Ни­шикаева.

Батқан кемелер мұнда жүзетін өзге кемелерге қауіп тудырады. Сарапшылар кемелердің біразы кеңес кезінде апатқа ұшырағаны­на назар аудартады. Мұнда тіпті өз заманында соғыс болған.

Соның ішіндегі ең ірісі тарих­шы­ларға «Түпқараған шығана­ғын­дағы шайқас» деген атпен бел­гілі. 1919 жылғы 21 мамырда, Маң­­ғышлақ түбегінің солтүстік-батыс жағалауында, Форт-Алек­сан­дровск (қазіргі Форт-Шевчен­ко қаласы) маңында жүрген сол шайқаста бір тараптан – әскери флот қызметшісі А.Сабыров қол­бас­шылық еткен большевик­тер­дің «Жұмысшы-крестьяндық қы­зыл флотының» Астрахан- Кас­пий флотилиясы және қарсы тараптан – коммодор Д.Норрис бас­қарған патшаның ақ гвар­дия­сы мен британдық Корольдік флоттың Каспий флотилиясының кемелері сұрапыл ұрысқа килігіп, қанды қырғынға түсті. Каспий теңізіндегі ең ірі соғысқа он шақты крейсер, қаптаған торпе­да­лық катер, танкер, эсминец, қарулы пароходтар, «Минога», «Мак­рель» секілді сүңгуір қайық­тар, әр­­түрлі үлгідегі көлік кеме­ле­рі, «Демосфен» мина бөгеуші кемесі, қалқымалы батареялар және бас­қа­сы тартылған, оның біразы өрт­ке оранып, бұзылып, суға батып­ты.

Одан бертінде, 1957 жылы «Ашхабад» атты кеңестік алып корабль Каспий теңізінде қайраң­ға ұрынып, апатқа ұшырап, батып кетті. Ресми мәлімет бойынша, 270 адам қаза тапты деп танылды. Кей­бір мәліметтер онда шамамен екі мыңға жуық адам болғанын нұс­қайды. Қалғандары «із-түзсіз кет­кендер» қатарына жатқызы­лып­ты.

Ол аз болса, теңіздің Қазақ­стан­ға тиесілі бөлігінде тіпті «кеме­лер моласының» барлығы туралы дерек ақпарат құралда­рын­да жазылып, көрсетіліп жүр. Онда жатқан су көліктерінің ба­сым көпшілігінің нақты қо­жайы­ны жоқ. Өйткені Кеңес Одағы ке­зінде есептен шығарылған жә­не сол тұста әртүрлі қару-жа­рақ­­­ты сынауға пайдаланылған кө­­рінеді. Каспийдегі қырық жыл­дай уақыт бойы қалыптасқан ке­­мелер «зираты» ауданы жаны­нан бүгінде азаматтық та, әскери де кемелер жүзбейді, айналып өте­­ді.

Шекарашылар «200-аудан» деп атайтын жерде, су астында тау-тау болып үйілген қалқымалы понтондар, баржалар, катерлер және өзгелері тот басып, шіруде. Ол жақта КСРО Қарулы күштері ондаған жыл бойы зымыранды кемелерін сынап, жаттығулар өткі­зген деседі. Ал есептен шыға­рыл­ған кемелер нысана рөлін атқарған. Қиратылған кемелер сол бойы қалды. Бірі қалқиып су бетіне шығып жатыр, алайда ең қауіптісі – теңіз түбінде жатқаны.

ҰҚК Шекара қызметінің «Жаға­лау күзеті» өңірлік басқар­ма­сы темір кедергілерге жолығып, қатерге душар болмас үшін өз­де­рінің кемелері мен катерлері­не ол ауданға кіруге шектеу қо­йыл­­ғанын журналистерге растады. Бұл шара шекарашылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндір­меу үшін жасалыпты.


Кеңестік кемелер калдығы 1 шаршы шақырымда шашылып жатыр. Алайда ол аудан 200 шаршы шақырымға дейін жауып тасталған. Бұдан алты жылдай бұрын сол аумақта қайғылы оқиға бола жаздады. Браконьерлерді қуғын­даған шекарашылар кате­рінің астыңғы жағын тосыннан теңіз түбіндегі кемелердің қаңқа­сы тіліп өткен. Экипаж әзер де­ген­де аман қалып, құтқарылды. Жалпы, браконьерлер бұл аумақ­ты «жерұйыққа» айнал­ды­рып алған деседі. Бір жағынан, қашып құтылуға оңай. Екінші жағынан, ол жақта бекіре балықтарының уылдырық шашу ауданы орналас­қан, сондықтан отандық және ше­телдік заңсыз балық аулаушы­лар сонда қаптатып тор тастайды.

Қазақстан бюджет қаржы­сы­на, сонымен қатар инвесторлар есебінен кеңестік «зиянды» ми­рас­тан құтылуға қам қылуда. Бір­не­ше кеме судан шығарылып, утилизацияланған. Бұл іс ары қарай жалғаспақ.

Үлкен проблемалардың бір парасы қожайыны бар кемелерге қа­тысты. Ол түйткілдің түйіні кү­ні бүгінге дейін тарқатылмай ке­леді. Енді мемлекет халықара­лық тетіктерге жүгінбек. Осы мақсатта «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» заңына өзгеріс пен то­лық­тырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасы әзірленді.

Иесіз тасталған су астындағы ке­мелер саны әлемде барған са­йын көбейіп келеді. Ал жаға­лау­да­ғы елдер үшін оларды шы­ға­рып, кәдеге жарату құны қым­бат­тау­да. Бұл Қазақстанды қоса ал­ған­да, жағалаудағы барлық мем­лекеттер үшін салмағы зілбат­пан ауыр­тпалық. Қауіп-қатердің ар­тып бара жатқанын түсінген көп­теген елдер халықара­лық те­ңіз ұйы­мының (ХТҰ) конвен­ция­сы­на қосы­луда. Олар­дың саны 46-ға жет­ті, ара­сын­да Германия, Маль­та, Пана­ма, Сингапур, Ұлыбрита­ния сияқ­ты теңіз державалары, ал Кас­­пий бассейні елдерінен тек Иран бар.

Осы салаға жауапты Индус­трия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Қа­зақстанның аумақтық сула­рын­­да теңізге батқан кемелердің екеуі – әлгінде айтылған ирандық «Тиба» кемесі және ресейлік «Аракс» танкері теңіз дәліздеріне жақын жерде апатқа душар бол­ды. «Аракс» 2016 жылғы қара­ша­­да Каспий теңізінің қазақ­стан­дық бөлігіндегі «Песчаный» мүйісі ауда­­нында қайырлап қалды. Со­дан бері бұл танкер қолдан-қолға өтіп, бірнеше рет сатылған. Ақы­ры 2018 жылғы сәуірде Denal Metal Group компаниясы оны кө­те­руге кірісті. Бірнеше бөл­шек­ке бөліп, әуе жастықшаларының көме­гімен құрлыққа шығарды.

«Тибадан» аузы күйген Қазақ­стан Үкіметі енді тек «үрлеп іше­ді». «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» заңына өзгеріс пен толық­тырулар енгізу туралы» заң жоба­сында көзделгендей, кеме­лер иелерінен оның халықаралық қорғау және өтемақы клубтары тобында (Рrotection and indemnity club, P&I club) сақтандыры­луын талап етпек.

Егер заңды Парламент қабыл­да­са, Каспийдің қазақстандық айдынына кіретін барлық кеме­лер­ге шекарашылар көтеріліп, онда суға батқан кемелерді жою туралы сақтандыру куәлігінің немесе шет мемлекеттің өзге де қаржылық кепілдемесінің болуын тек­сере алады. Мәселен, аталған конвен­ция­ға мүше көрші Иран­ның заңнамасына сәйкес, бұл ел­дің аумақтық суларына енетін кез келген кемеде P&I club клуб­та­ры­ның тобы беретін blue card атты сақтандыру полисі болуы тиіс.

Алайда сарапшылардың тү­сін­­­діруінше, бұл тетік толық кү­ші­не енуі үшін еліміз ХТҰ-ның тиісті конвенциясын да ратифи­ка­­циялауы керек. Билік бұдан «ке­т ә­рі» емес. Құжатқа қосылу туралы 2017 жылы шешім қабыл­дан­ған. Бірақ шенеуніктер ара­сын­да белең алған жаман әдет ке­­сірінен оны Парламентке ен­гі­зу ісі соз­ба­лаңға салынып кет­­кен. Ал тиіс­ті заң жобасы екі-ақ бап­­тан тұрады.

Қазақ елі бұл істе АҚШ-тан үлгі алғаны жөн. Америкада тұң­ғиық­­қа жол тартқан кеме қо­жа­йы­­нына қойылар талап кон­вен­циядағыдан да қатал. Қожайыны өз бетінше, өз қаржысына кемені дереу судан алып шығуға міндетті. Егер одан бас тартса, құзырлы органдар іс-қимылға кірісіп, кеме иесін қылмыстық және әкімшілік жазаға тартқызады.

Біз бодан шақта бір теңізі­міз­ден айырылып қалдық. Бостан шақ­та болбырлық пен босаңдық та­нытып, Каспийді құртып ал­майық.