Жуырда журналист Гүлбану Әбенова Facebook парақшасында Nomad City Hall мемлекеттік қазынашылық коммуналдық кәсіпорны тарапынан «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның бұзылғаны туралы мәліметті жариялады.
Иә, «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды кім бұзбай жатыр дерсіз, бірақ бұл жолы заң бұзушы – бірнеше жылдан бері теледидарымыздың төрінен түспей жүрген Тұрсынбек Қабатов болып шықты. Экранның арғы жағында елді қыран-топан күлкіге көміп жүрген Қабатов қалайша заң бұзды деп елең еткеніміз рас. Биліктің кемшілігін астарлы әзілімен түйреп өтетін өнерпаздың бюджет қаржысына қол салғаны қалай деп әріптесіміздің зерттеуін індетіп көрдік. Сөйтсек, әртісіміз «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 6-бабын аттап өткен екен. Қабатов дегенде бірінші кезекте әзілкеш Тұрсынбек, сосын асаба Тұрсынбек елестейді. Қара халық оны танымал әзілкеш ретінде жақсы біледі, жақсы көреді, концертінен қалмауға тырысады, залда ине шаншар орын болмайтыны да рас. Ал оның елорда әкімдігінің қолдауымен ашылған Nomad City Hall мемлекеттік кәсіпорнының директоры әрі көркемдік жетекшісі екенін екінің бірі біле бермеуі мүмкін. Қабатов 2 жылдан бері құрамына Астана комедия театры, Назар аудар театры, Әзіл әлемі театры кіретін Nomad City Hall мемлекеттік кәсіпорнын басқарады. Аталған мекеме формасы жағынан квазимемлекеттік секторға жатады.Nomad City Hall-дың концерт залында кезінде «Қазақстан» ұлттық арнасының «Қайырлы кеш, Қазақстан» жобасы түсірілген. «Әзіл әлемінің» жаңа бағдарламалары, талантты жастардың басын қосқан КТА ойындары, түрлі сала бойынша концерттер мен іс-шаралар да осы залда өтеді. Міне, осы іс-шараларды өткізуге қажет қызметтер мен жұмыстар, тауарлар мемлекеттік сатып алу порталы арқылы сатып алынады. Себебі мекеме Нұр-Сұлтан қаласының бюджеті арқылы қаржыландырылады. Т.Қабатов мекеме басшысы ретінде қазына қаржысын заңға сай жұмсауы керек болатын. Ол үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңдағы түрлі шектеуді білуі тиіс еді. Мысалы, 6-баптың 1-бөлімінде әлеуетті өнім беруші жақын туыстары, жұбайы (зайыбы) немесе жегжаттары басқаратын мекеме өткізетін мемлекеттік сатып алуға қатыса алмайтынын тайға таңба басқандай етіп жазылғанымен, Қабатов осы бапты аттап өткен. Сөйтіп, Nomad City Hall МҚКМ директоры ретінде мемлекеттік сатып алу порталында әйелімен (Әйелі «Алтын бала ТМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін басқарады) бір көзден ( шарт сомасы – 500 мың теңге) шарт жасаған. Бұл – «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңды бұзу. Мемлекеттік сатып алу порталында бұл шарттың мәртебесі «орындалған» деп тұр. Яғни, «Алтын бала ТМ» ЖШС шарт бойынша өз міндетін орындап, қызметі үшін қаржысын алған.Егер журналист Гүлбану Әбенова жарияламаса, бұл дерек елеусіз қалуы мүмкін еді. Себебі біз хабарласқан мекемелерден осы дерек бойынша қандай бір шара қабылданбағанын білдік.
«Мұндай заңбұзушылыққа жаза қаралмаған»
Бұл дерек бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын бақылайтын құзырлы мекемелер назарынан тыс қалғаны таңғалдырып отыр. Осы сұрақтың жауабын білу мақсатында бірнеше мекемеге хабарластық. Ә дегеннен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен осы агенттіктің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментінің баспасөз қызметтеріне сауал жолдадық. Агенттіктің баспасөз қызметі көп күттірмеді: «Бұл мәселе Қаржы министрлігінің құзырында, мемлекеттік сатып алулардағы бұзушылықтарды солар анықтайды. Біздің қызметкерлер жоспарлы сатып алуларға мониторинг жүргізеді және бағадан ауытқу бойынша рекомендация енгізеді» деп жауап берді. Агенттіктің айтқанын тыңдап, Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитетіне қоңырау шалдық. Ол мекеме бұл мәселе мемлекеттік сатып алу саласына жауапты Қазынашылық комитетке қатысты екенін айтып жөн сілтеді. Ал Қазынашылық комитет республикалық деңгейдегі мекемелерге ғана жауапты екенін, сондықтан бізге қалалық деңгейдегі басқармаға хабарласуға кеңес берді.Нұр-Сұлтан қаласының активтер және Мемлекеттік сатып алу басқармасының міндетін атқарушы Дулат Ашкенов біз айтқан мәселеден хабардар болып шықты.
«Бұл оқиғаны естідік, тікелей келісімшартқа отырған екен. Біз мұндай жағдайды болдырмау үшін, алдын алу үшін осы деректі басқа ұйымдарға таратамыз, осындай заңбұзушылық анықталды, мұндайға жол берілмесін деп. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің мемлекеттік сатып алуға қатысты 207-бабында дәл осы жағдайға қатысты нақты жаза көрсетілмеген. Егер бір көзден сатып алу дұрыс өткізілмесе, оған жауапкершілік бар, ал бұл жағдайда бір көзден алу тәсілінің қолданылуы дұрыс, бірақ «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның 6-бабындағы нормалар бұзылып отыр. Бірақ бұл нормаға Әкімшілік құқықбұзушылық кодексте жаза көрсетілмеген», – дейді ол. Сондықтан бұл жағдайда тәртіптік жауапкершілік қана қолданылуы мүмкін екенін айтады. Ал тәртіптік жауапкершілікке тартылған адамға ары кетсе сөгіс береді. Дулат Кәрімұлының айтуынша, басқарма әкімдікке қарасты квазимемлекеттік ұйымдардағы сатып алуларға жалпы мониторинг жүргізеді. Ол мониторинг кезінде негізінен сатып алудың үлесі қай тәсілмен өткенін ғана анықтайды. Ал қаладағы 340-тан астам ұйымның сатып алуларын жеке-жеке бақылап отыру мүмкін емес деп отыр. Осы мүмкіндікті бюджет қаржысын білдірмей жымқырып қалушылар пайдаланып жатқан жоқ па екен? Себебі Нұр-Сұлтан қаласының Активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы Nomad City Hall-ға қатысты аукцион тәсілімен өтетін сатып алуларды ғана өткізеді екен. Ал бір көзден және баға ұсынысы бойынша сатып алу түрлерін Nomad City Hall мемлекеттік кәсіпорны өзі өткізеді.
Қабатов қателесуі мүмкін бе?
Туысымен сатып алу шартын жасаған Тұрсынбектің әрекетіне қатысты түсініктеме сұрағымыз келген мекеменің бірі – Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Ішкі аудит департаменті еді. Алайда бұл департаменттің қабылдау бөлмесіне күні бойы қоңырау шалғанымызбен, тұтқаны көтерген адам болмады. Бір апта бойы бірнеше мекеменің телефонын шырылдата жүргендіктен, бұл департаменттің де жауабы қалай болатынын түсінетін деңгейге жеткен едік. Себебі аталған департамент елордадағы мекемелердің мемлекеттік сатып алу саласындағы жұмыстарына екі жылда бір рет тексеру жүргізіп, кемшілікті анықтайды және оны жоюға ұсыным берумен шектеледі. Ал біздің мысалымызда шарт орындалып, қаржы аударылып, жетер жеріне жетіп қойды. Мұндайда ары кетсе, тәртіптік жауапкершілікке ғана тартылатынын жоғарыда жаздық. Себебі квазимемлекеттік секторды басқаратын лауазым иесі мемлекеттік қызметкер болып саналмайды. Демек, оны «Мемлекеттік қызмет туралы» заңда көзделген жауапкершілікке тарту мүмкін емес. Ол мемлекеттік қызметті орындау үшін тағайындалған өкілетті тұлға ғана. Бірақ солай екен деп мұндай лауазымдағы адамдар заң бұза беруі керек пе?Біз өнер адамы заңнан бейхабар болған шығар, сатып алу өткізуге жауапты кадрлары біліксіз шығар деген пікірлерді де естідік. Бір айтарымыз, Қабатов болсын, басқа болсын, бұл қызметке Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 70 «Мемлекеттік кәсіпорынның басшысын тағайындау және аттестаттау жүргізу, сондай-ақ оның кандидатурасын келісу қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының талабына сәйкес конкурс арқылы тағайындалады. Мұны Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет басқармасының баспасөз қызметі де растап отыр. Басқарма берген деректе «Т. Қабатов 01.11.2018 жылы ҚР Еңбек кодексінің 38-бабының 1-тармағы 1) тармақшасына сәйкес Астана қаласы әкімдігінің «Қуыршақ театры» МКҚК-нан Астана қаласы әкімдігінің Nomad City Hall МКҚК-ның директорлық лауазымына ауыстыру тәртібі бойынша тағайындалды» делінген. Демек, конкурс арқылы тағайындалған директор мырза заңнан хабарсыз деуге кім сенеді?Мәселе Nomad City Hall басшысы Тұрсынбек Қабатовқа да қатысты емес, бұл шартты оның орнындағы басқа басшы өз әйелімен жасаса да, осы мәселе талқылауға тұздық болуы тиіс. Бізді бұл мәселеде заңбұзушылықты журналист анықтап, атап берсе де, дәлелді деректерін жарияласа да, құзырлы орындардың қамсыз отырғаны алаңдатады. Себебі күні кеше ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев жұмыс сапарымен Алматы облысына барып, қоғаммен, блогерлермен, бизнес-қоғамдастықпен және БАҚ өкілдерімен ашық диалогқа негізделген кездесу өткізді. Сол кездесуде қоғамның белсенді қатысуынсыз сыбайлас жемқорлықты азайту, жою мүмкін емес екенін айтты. Ендеше жемқорлыққа қарсы күрес саласының өкілдері журналист жариялаған жемқорлық дерегін негізге алып неге тексеру жүргізбейді? Айтқандай, қалалық антикорға жолдаған сұрағымыз сол күйі жауапсыз қалды. Осылайша, жемқорлық дерегі бойынша күн құрғатпай ақпарат таратудан бір талмайтын құрылым сұрағымызға жауап бере алмады.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ