Мәскеудегі «Қазақстан»: Ресейге 1,7 млрд теңгелік сыйлық

Мәскеудегі «Қазақстан»: Ресейге 1,7 млрд теңгелік сыйлық

 

Аты – қазақтікі, заты – арабтікі

Былтырғы жыл аяқталар тұста елді тіксінткен хабар тарады. Сол кезде Қаржы министрі қызметін қоса атқарған бірінші вице-премьер Әли­хан Смайылов Дубайдағы Expo көрмесінде Қазақстанның уақытша павильонын салып, жа­сақтау үшін еліміз шамамен 9 мил­лиард теңге жұмсайтынын мә­лімдеді. Оның сен­діруінше, бұл салым өзін ақтайды.
– Біз 10 миллиард доллар инвес­тиция тартуды қалаймыз. Бұл үшін Дубайдағы ЕХРО көрмесіне қаты­суымыз қажет. Көрме жарты жыл бойы – 2020 жылғы 20 қазаннан 2021 жылғы 10 сәуір аралығында өтеді. Сонда Қазақстанның павильонын әртүрлі елден көптеген инвестор ара­­лайды. ЭКСПО-да уақытша құрылыстарды тұрғызу үшін 8,8 мил­лиард теңге бөлінді. Егер қазақ­стан­дық павильонға бас сұққан ин­вес­торлар біздің экономикаға қо­сым­ша шетелдік инвестиция құйса, көрмеге бөлінген ақша өзін әлде­неше есе өтейді, – деді 24 желтоқ­санда Үкімет отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген Ә.Смайы­­­лов.
Содан бері көп нәрсе өзгерді. Дубайдағы ЭКСПО-ның уақыты ауысып, 2021 жылғы 1 қазаннан 2022 жылғы 31 наурыз аралығында өтетін болды. Әлихан Асханұлы қаржыға қатысты өкілеттігінен айырылып қалды. Елдің ендігі бас қаржыгері – Ерұлан Жамаубаев. Бюджет те қырық-жамау: мұнай бағасының күрт құлдырауы, коронавирус пан­демиясы, жаһандық дағдарыс экономикаға соққы жасады. Осыған орай, Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Дубай ЭКСПО-сына Қазақстан жұмсайтын қаражат көлемі қайта қаралуы мүмкін депті. Бірақ экономистердің байла­мынша, ол мүмкін емес. Өйткені содан бері республиканың ұлттық валютасы қатты құнсызданып, дол­лар құны 2019 жылғы 24 жел­тоқсандағы 378 теңгеден 2020 жылғы 9 қазанда 430 теңгеге дейін қым­баттады. Ал Дубайдағы шығындар теңгемен емес, доллармен есеп­телетіндіктен, көрме керісінше, бұрынғыдан да көп шығын қажет етуі мүмкін. Екіншіден, арабтар қа­зақстандық павильонға анау-мынау емес, 3 мың 420 шаршы метр бөлген, бұл Expo-2021-дегі ең үлкен те­лімдердің бірі. Осынша аумақта құрылыс салып, ондағы кешенді жабдықтау көп қаражатты қажет етеді, ақша үнемдеуге мүмкіндік қалдырмайды. Айтқандай, ол па­вильон көрме біткен соң Дубайдың иелігіне өтеді. Арабтар оны сүріп тастаймын десе де өз еркі.  

Мәскеудің болашақ меншігі

Қазақстан шетелде тағы бір ірі павильонның құрылысын қарқынды жүргізуде. Оның шығыны да алапат.
2019 жылғы 7 қыркүйекте ре­сей­лік ақпарат құралдары Мәс­кеудегі ВДНХ (Халық шаруа­шылығы же­тістіктерінің көрмесі) аясындағы «Қазақстан» павильо­нын Елбасы Н.Назарбаев, Ресей президенті В.Пу­­тин және Мәскеу мэрі С.Собянин аралағанын жария етті. Бұған қоса, ВДНХ-да Қа­зақстан мәдениетінің күндері өтті. Осыған қарап, павильон жақын арада ашылады деген сенім туған. Дегенмен 2020 жыл аяқталуға таяу. «Қазақстанның» жыры бітер емес. Жуырда нөкерлерімен бірге өз мегаполисін аралаған Мәскеу әкімі Сергей Собянин сөз арасында: «қа­зақ жағының кесірінен павильон ашылмай тұр» деп қалды. Басқа сыры мен себебін ашпады. Енді міне, Сауда және интеграция министрлігі «Үкімет резервінен қаражат бөлу туралы» Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын жария­лап отыр. «Сауда және интеграция ми­нистрлігіне Мәскеу қаласындағы Халық шаруашылығы жетістік­терінің көрмесі аумағындағы «Қа­зақстан» сауда-көрме орталығын қайта жаңартуды уақытылы аяқтау үшін 2020 жылға арналған респуб­ликалық бюджетте шұғыл шығын­дарға көзделген Үкімет резервінен 1 751 000 000 (бір миллиард жеті жүз елу бір миллион) теңге сомасында қаражат бөлінсін» делінген құжатта.
Осы қыруар қаражат Қазақ­станның Ресейдегі Сауда өкілдігінің есепшотына аударылады. Бұл сомаға қандай шаруалар атқарылатыны, ел қаржысының қайда жұмсалатыны туралы Сауда және интеграция министрлігі түсініктеме бермеді.
«Қазақстан» павильонын қайта жаңғыртып жатқан «МАРСС» ефирмасының реставрация бойын­ша ғылыми-жобалау ұйы­мының бас архитекторы Григорий Мудров құрылыс және қалпына келтіру жобалары аяқталып қалғанын мәлім етті. Ал бұған дейін павильонның жағдайы адам шошырлық жағдайда болыпты. Тарихқа шамалы шолу жасай кетсек, 1937 жылы алғаш рет ВДНХ аумағында «Қазақстан» павильоны пайда болғаны мәлім. Әйтсе де, ол ағаштан тұрғызылған. Ұлы Отан соғысынан кейін оны бұзып, жаңа ғимарат тұрғызу туралы шешім қабылданады. 1954 жылы бой кө­терген жаңа нысанда металлургия саласының табысын дәріптейтін экспозициялар қойылғандықтан, мәскеуліктер оны «Металлургия павильоны» деп атайтын. Бертінде ол жер қараусыз қалды. 90-жылдары онда дәмхана, дүкендер жұмыс істеді. Мәскеу мэриясының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2011 жылы Қазақстан мен Ресей үкіметтері мәдени-іскерлік ықпалдастықты өрістету үшін сол орында «Қа­­­зақ­стан» павильонын ашу туралы мә­міле бекітеді. Осы үкіметаралық ке­лісімге сәйкес, павильон рес­пуб­­ликамызға 50 жылға жалға бе­рілді. Яғни, қазақ қаржысына қайта салынған кешен 2061 жылы (келісім ұзартылмаса) толығымен Мәскеудің меншігіне өтеді. Кең ауқымды реставрация жұ­мыстары 2017 жылы басталды. Үкіметтің жоспарынша, оны екі жылда, 2018 жылы аяқтау көзделді. Бүкіл жұмыстар толығымен Қазақ­станның қаражатына жүргізілуде. Мәскеу бюджеті «1 копейка» да бермеген.
 

Қазақы нақыш «варварлықтан» арылды

Қазақстан жалдаған ресейлік фирмалар мен олардың мамандары ғимараттың бастапқы, яғни кеңестік архитектуралық бейнесін қалпына келтіруге мән берді. Ұлттық құн­дылықтарымыз қалыс қалмады: бір қуантарлығы, Кеңес заманында павильонды салуға тартылған қазақ шеберлері оны барынша ұлттық нақышқа бөлеуге жан салыпты. 90-жылдары мәскеулік биз­­­­несмендер ұлттық колоритті жоюға тырысып, нысанның ішкі қабыр­­ғаларын және еденін өз білгенінше қыштақталармен қаптап тастаған. Кеңес билігінің бүлдіргені де бар. Реставраторлар солардың бәрін абайлап аршып жібергенде астынан көз жауын алар, аса көркем көрініс шыға келіпті. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі ғажайып әрі қайта­­­ланбас ою-өрнектер үлгісіндегі, небір символдық мағынаға ие бе­­­зендіру элементтері жарыққа шық­қан. Сәулетшілер 1960 жылға дейін болған, салмағы 1,5 тонна тартатын, бес ұшты жұлдызы бар сүмбі-шпиль­ді күмбез төбесіне қайтарды. Сүмбі гүлдер және масақтар бейнесі­мен зерленген. Реставраторларға ресейлік ком­мерсанттар жапсарлас тұрғызған құрылыс-конструкцияларды да бұ­зуға тура келіпті. Бұдан бөлек, ғи­мараттың қасбетіндегі тарихи ба­рельефтер тазартылып, қалпына кел­­тірілді. Сонымен қатар жыр алы­­­бы Жамбыл Жабаев пен «ақ тарының атасы», рекордшы Шыға­­нақ Берсиевтің скульптуралары қайтадан орнына – павильонның қасбетіне қойылды. Жаңарған, құлпыра түскен па­вильонда Қазақстанның сауда-көрме орталығы жұмыс істемек. Қажетті экспозициялар дайын­­далуда. Аталған қаражаттың бір бөлігі соған бағытталады деген дерек бар. Мұның сыртында ұлттық ас мә­зірін ұсынатын мейрамхана ашыл­мақ. Тұрақты және көшпелі көр­мелер мен жәрмеңкелерге арналған алаңдар, конференц-залдар, кеңсе-офистер болады деп күтілуде. Республика павильоны 2019 жылдың соңында өз есігін келуші­лерге айқара ашады деп жарияланған болатын. Десек те, ВДНХ әкім­шілігінің дерегінше, «Қазақстан» павильоны келушілерді қабыл­дамайды: уақытша жабық. Бүгінде мәскеуліктер мен қала қонақтары «Ғарыш», славян жазуының орта­лығы (бұрынғы «Украина КСР-і»), «Ресей – менің тарихым», «Москва­риум» океанография және теңіз биологиясы орталығы секілді па­вильон­дарға билет ала алады.  

Қазақтың өнеріне тамсанады

Сәулетші-реставратор Г.Мудров «Қазақстан» павильонын ең бірегейі деп атады.
– Бұл – осындағы ең бірегей объект. Оны қалпына келтіру және тұрғызу кезінде өзге нысандарға қолданылған үлгілі жобалар жара­майтынын ұғындық. Әр сүйем жер жылжыған сайын қазақтың ұлттық нақышына жолығасың. Әрбір эле­мент қазақ халқының ақыл-ойынан, көне сәулет техноло­гияларынан сыр шертеді. Ұлттың фантастикасы мен қиял-ғажайыбынан тамыр жаяды. Біз бұл жерде бұрын кездеспеген жұмыс ауқымына кезіктік. Менің де, әріптестерімнің де тәжірибесінде мұндай тым сирек. Басқа павильон­дарды реставрациялау жұмыста­рымен таныспыз. Соның ішінде Қазақстан павильонындағы сәулет өнері, конструктивті шешімдер бәрі­нен мойны озық тұр! Тіпті, Ресейде еш жерде қайталанбайды. Біз өзімізді әлдебір құнды жәдігерді аршып алып жатқан археологтердей сезіндік. Оны реставрациялау бірегей инже­нерлік, конструктивті, техноло­гия­лық тың шешімдерді талап етті, – деп тамсанады Григорий Мудров.
Оның айтуынша, Кеңес кезінде, 60-жылдары Қазақ КСР-інің ға­жайып павильоны күмбезінен айы­рылып қалған. Ал сыртқы қа­быр­ғалары тұрпайы металл панель­дер­мен қапталды. Салдары­нан ол өзге сұрықсыз, сүрең павильондардан дараланбай қалды.
«Енді мұның барлығы ашылуда. Көрінісі мүлдем өзгеруде. Дөрекі па­­нельдер жасырып келген бүкіл әсем жасауы көз алдымызда құлпыра түсті. Әрбір элементі – сәулет туын­дысы! Сапасы қандай керемет. Та­маша сақталған. Әйткенмен кейбір тұсы қиратылған, сүрілген. 2017 жы­лы объектіні реставра­циялауды қолға алғанда бір қазақ сайтында осы павильонды 1954 жылы ашылғанда көрген адамның естелігін оқыдым. Ол түрлі-түсті, көз жауын алар алып күмбез көл-көсір әсер қалдырғанын еске түсіреді. Оның көркемдігі сонша, көз тойдыру үшін төбеге тым ұзақ қарағандықтан, басы айналып, талып құлағандар болыпты. Сол күмбез қайта жасалды. Әрине, енді келушілер естен танып қалады деу әбестік болар. Бірақ мол әсерге бөлейді деп сендіре аламын. Бұл конструкцияны қайта қалпына келтіруге өте мұқият, жан-жақты келдік», – деді реставратор.
Ол павильонның кейбір ішкі әрлендіру жұмыстарын аяқтау, сон­дай-ақ экспозициялармен тол­тыру қалғанын жеткізді. Ең күрделі жұ­мыстар толығымен аяқталған. Сырт­қы қасбеті жасалды. Көк күмбезі төбесіне орнатылды, оған сүмбісі қадалды. Қабырғаларындағы ба­рельефтер қалпына келтірілді. Оюлы тас-мәрмәр едені төселді. Ішкі бөлігі негізінен безендірілді. Кей тұсын бояу қажет. Қазақстан Үкіметі реставрациямен айналысқан компа­ниялардың, мамандардың қызмет ақысын өтеуі керек. Жақында павильон келушілерді қайта қабылдай бастауы мүмкін. «Қазақстан» көрме кешені – Ресей астанасы Мәскеудің ең кө­рікті, туристер үшін тартымды ны­сандарының біріне айналады. Бір қарағанда, қазіргідей күй­зелісті шақта жат елдегі әсем ғи­маратқа миллиардтаған қаражат жұмсау әбестік көрінер. Шынында, ұлтының ұлық, мемлекеттілігінің мәңгілік болуын ойлаған кез келген белді ел өз аумағымен шектелмей, әлемнің әр бұрышында төл нысанын ашуға тырысады. Кезінде орыс императорларының бүкіл Еуропада сән-салтанатты сарайлар мен қамал­­дар салдырып, сыйлауы да содан. Мұны ұлтты әлемге мойындатудың «жұмсақ күші» (мягкая сила) деп атайды. Елбасының сонау Африка құрлығындағы Мысырда Сұлтан әз-Заһир Бейбарыс бабамыздың мешіті мен кесенесін, ал соғыс жағдайындағы Сирия астанасы Дамаскіде әл-Фарабидің кесенесін қайта қалпына келтіруінің, сонда әл-Фараби бабамыздың этномәдени орталығын салғызуының да сим­волдық мәні бар. «Қазақстан» павильонын да осы қатарда қарастырған жөн. Тек Ре­сейдің келесі басшыларының сая­саты күрт өзгеріп, Мәскеудегі қазақ иісі аңқыған нысанды бұзып, бүл­дірмесін делік.  

Айхан ШӘРІП