2018 жылы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы Анарбек Қарашевтің ірі көлемде пара алғанын әшкерелеген.
«Ол лауазымды қызмет атқарған кезінде Сәкенова, Нұрекенов, Жұмасанова сияқты министрлікке қарасты мекеме басшыларының заңға қайшы әрекеттерін жасырған. Аталған үштік халықаралық деңгейдегі шараларды ұйымдастырған кәсіпкерлерден 29 млн теңгедей пара бопсалаған. Қарашев сол үшін олардан жүйелі түрде 10 миллион теңгеден асатын заңсыз сыйақы алып отырған», – дейді агенттік өкілдері.Тергеу хаттамасына сенсек, шенеунік 18 түрлі мейрамхана мен саунада демалып, 7,5 млн теңге қазына қаржысын оңды-солды шашқан. Ал Ерік Өтембаев бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. Экс-дипломат Өзбекстанда Қазақстан елшілігінің әкімшілік ғимаратын жөндедім деп құрылыс жұмыстары бойынша жалған актілер толтырып, мемлекетті 140 миллион теңге шығынға батырған. Қылмысқа Анарбек Қарашевтің де қатысы бар деседі. Алайда прокурор сот процесі барысында Анарбек Қарашевтің жемқорлығын жоққа шығарып, айыптаудың жаңа тұжырымдамасын ұсынды. Сөйтіп, сот күдіктінің іс-әрекетін лауазымдық өкілетін теріс пайдалану бабымен саралады. Заң өкілдері Қарашев пен Өтембаевтың алғаш рет жауапқа тартылғанын және кәмелетке толмаған балалары барын ескеріпті. Ерік Өтембаевтың былтыр кепілақымен босатылғаны да есімізде.
Айтпақшы, Анарбек Қарашевтің сейфінен 1,5 млн доллар табылып, тәркіленгені мәлім. Сот сол ақшаны түгелге жуық «иесіне» қайтарып берді. Осы орайда, PROTENGE Telegram-арнасы: «Егер тінту кезінде үйіңізден жарты миллион еуро табылса және сіз оны мемлекеттік қызметтегі 20 жылдық жалақым деп айтсаңыз, ақша өзіңізге қайтарылады. Сыртқы істер министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысы солай істеді» деп мысқылдай жазыпты.Сонда дейміз-ау, бір шенеуніктің үйінен қара қазақтың өңі түгіл түсіне кірмейтін орасан сома шығады екен, құқық қорғау органдары оны жаһанға жар салып жариялайды екен, бірақ екі жылдан соң ақшаның адал жолмен табылғанына көз жеткізеді екен. Қиыннан қиыстырса да, қисынсыздау әңгіме сияқты ма, қалай? Жалпы, Қазақстанда жоғары лауазымды шенеуніктердің жеңіл-желпі жазамен сытылып кететіні бесенеден белгілі. Заң алдында бәрі бірдей деген қағида «ірі жайындарға» келгенде жайына қалады. Ресми дерекке жүгінсек, бүгінге дейін ел қаржысын талан-таражға салған 30 мыңнан астам шенеунік ішкен-жегенін кері құсып, жазадан оңай құтылыпты. Біздің сот шенділерге үкім шығарарда қандай негізге сүйенетіні түсініксіз. Қылмыстың салмағын таразылай ма, әлде айыптының биліктегі биік мәртебесіне қарай ма, оны өздері ғана біледі. Сот жүйесінің тәуелсіздігі жөнінен әлемде 71-орында тұрғанымыз да біраз жайтты аңғартады.
– Заң баршаға ортақ. Заңды бұзса, жемқорлыққа ұрынса, министр ме, әкім бе, бірдей жазалануы керек. Амал қанша, бізде керісінше. Адамның неғұрлым мансабы жоғары, байлығы мол болса, жазадан оңай құтылатыны, темір торға емес, үйқамаққа алынатыны жасырын емес. Тіпті, 1 млн доллармен ұсталған Ким секілді сот залынан босағандарды да көзіміз көрді. Сөз жүзінде заң бәріне тең, ал шын мәнінде бұл механизм жұмыс істемейді, – дейді саясаттанушы.Мемлекет басшысы сенім артып жіберген сырттағы қызметкерлер кейде сол сенімді ақтамай жатады. Дипломатиялық миссиямен шетелге аттанғандардың біразы өзін де, Отанын да масқаралап үлгерді. Қазақстандық шенеуніктердің мас күйде жүргенін, тәртіп бұзғанын, біреулермен төбелескенін, контрабандамен айналысқанын естігенбіз. Мысалы, 2011 жылы Германияның Франкфурт қаласында жергілікті полиция қазақстандық бас консулды тұтқындады. Дипломатымыз контрабандамен шұғылданып, заңсыз темекі сатыпты. Дипломатиялық поштаның салықтан босатылғанын пайдаланған елшілік қызметкері Германияға контрабандалық шылым апарып саудалаған. Неміс полициясы оның үстінен қылмыстық іс қозғады. 2018 жылғы ақпарат бойынша, Лондон полициясы көлікті тыйым салынған жерге қойғаны үшін дипломатиялық миссияларға 1 миллион фунт стерлинг айыппұл салса, оның 187 мың фунт стерлингке пара-пар 1 700 айыппұлы Қазақстан елшілігіне тиесілі екен. «Әсіресе, қара түсті BMW 318 көлігі рекорд жасап, 471 рет тәртіп бұзған. Осы көлікке салынған айыппұл көлемі – 53 800 фунт стерлинг» деп жазады Ұлыбританияның The Telegraph басылымы. Айыппұлды өз қалтасынан емес, мемлекет есебінен төлейтіндіктен бе, қазақстандық дипломаттар қарапайым жол ережесін де сақтай бермейді.
– Елшілерді еркінсіткен кім? Бірінші кезекте – заң. Елшілік қызметтің Вена конвенциясы арқылы бақыланатын өз басымдықтары бар. Олар дипломатиялық иммунитетке ие, полицияның оны беталды жауапқа тартып, түрмеге қамауға құқығы жоқ. Дипломаттар өзіне қажет тауарды ешқандай қосымша құн салығын төлемей-ақ арнайы дүкеннен сатып ала алады, – дейді саясаттанушы Қазыбек Бейсебаев.Отандық дипломаттардың қаржылық махинациялары да талай ашылған. Мамандардың сөзінше, дипломатиялық миссияны атқарушыларға ақшаны есепсіз жұмсауға қолайлы жағдай жасалған. «Ең жоғарғы деңгейдегі қабылдау жүргізілді», «ел имиджін арттыруға бағытталған іс-шара өткізілді», «жұмыс сапарымен шетелдік қалаларды аралады» деген желеумен миллиондаған қаражат желге ұшады. Ондай іс-шаралардың көбі қағаз жүзінде атқарылатын формалды жиындар екені анық. 2015 жылы Сыртқы істер министрі болған Ерлан Ыдырысов: «Хаттамалық, имидждік және басқа да іс-шараларды өткізу тұрғысынан алғанда елшіліктердің қызметі едәуір оңтайландырылды. Соның есебінен бюджет шығындары анағұрлым қысқарды» деп еді. Демек, қажетсіз шаралардың барын министр де мойындаған. Дипломатиялық қызметте ұйымдасқан қылмыстық топтың белгілері де жоқ емес. Қайбір жылы Алматыдағы консулдық қызметтегі департамент директорының орынбасары Қайсар Арқабаев пен оның 7 сыбайласы тұтылды. Олар Қазақстанға кіру визалары мен рұқсат қағаздарын сатуды жолға қойып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Жылдар бойы жүргізген «бизнесі» аяқ астынан әйгіленген Арқабаев абақтыға жабылды. Әрине, өзге мекемелермен салыстырғанда Сыртқы істер министрлігінде жемқорлық дерегі сирек кездесетінін мойындаймыз. Төбедегі төрелерге қоңырау шалу, соғым сыйлау, өтініш айту, ағасына-көкесіне арқа сүйеу, тамыр-таныстықпен жұмысқа орналасу секілді кеселдер бүкіл мемлекеттік басқару жүйесіне тән. Дипломаттар – осы жүйенің бір бөлігі. Олар да қалыптасқан ойын ережесімен ойнайды.
– Дипломатияда жемқорлық атымен жоқ деп айта алмаймыз. Бірақ, меніңше Сыртқы істер министрлігінде «жеуге» мүмкіндік аз. Өйткені СІМ – ақшамен жұмыс істемейтін орта. Біреуге лицензия беретін, экономикалық тетіктерді шешетін құзыреті кем. Жемқор мекемелердің рейтингі бар. Сол рейтингке көз жүгіртсек, негізінен заңдылықты қамтамасыз етуге тиіс құқық қорғау орындары, тексеруші органдар, қаржы мен саудаға жақын мекемелер көш бастайды. Ал СІМ халықаралық қатынастарды реттеумен, келіссөздер өткізумен, ақпараттық-сараптамалық материалдар жинаумен айналысады. Қысқасы, дипломаттардың жемқорлыққа ұрынуына алғышарттар шамалы, – дейді Расул Жұмалы.Тағы бір экс-дипломат Қазыбек Бейсебаевтың ойы да осы ауқымнан ауа жайылмайды.
– Сыртқы істер министрлігі Үкіметтің органы ғой. Онда да жемқорлық бар. Өйткені оларға бюджеттің ақшасы бөлінеді. Содан кейін олар бөлінген ақшаны өзара бөлісіп алады. Бірақ дипломаттардың заңбұзушылықтарынан жалпақ жұрт бейхабар. Мысалы, шетелдегі шенеунікті сіз қалай тексерер едіңіз? Оған бару керек, келу керек, қаншама шығын. Беларусь пен Өзбекстандағы жемқорлық қалай әшкереленді? Өйткені біз ТМД аумағында құрылыс материалдары қанша тұратынын білеміз. Аудан, облыс әкімдері бірдеңе бүлдірсе де, көзге бірден көрінеді. Шетелдегі жемқорлардың әрекеті онша байқалмайды. Дипломаттар жол салмайды, мектеп салмайды. Олардың жалақысы да өте жақсы. Ұлттық компания қызметкерлерімен бірдей табатын шығар. Сондай-ақ шеттегі елшіліктерге аз қаржы бөлінеді. Жалақыға, коммуналдық төлемдерге тағы басқа шығындарға аса көп ақша жұмсалмайды. Сонымен, қорытынды мынадай: Сыртқы істер министрлігінде де жемқорлық бар. Тек өзге салалармен салыстырғанда оның масштабы кішкентай, – дейді сарапшы.Дипломатиялық миссия – Қазақстанның әлемдегі бет-бейнесі, ел имиджіне тікелей ықпал ететін сала. Сондықтан отандық дипломаттардың әр қадамы әрқашан көптің назарында. Қалай десек те, осындай оқиғалардан кейін елшілік қызметке үміткерлерді қатаң сұрыптан өткізу қажет деп санаймыз.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ