Мақсатқа жету – басқару тиімділігіне байланысты
Мақсатқа жету – басқару тиімділігіне байланысты
284
оқылды
– Ғалымқайыр Мұтанұлы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті елімізде ЖОО арасында көшбасшы екенін жылдар бойы дәлелдеп келеді. Таяуда әлемнің ең үздік 200 университетінің бірі атанып, жаһандық танымал университеттер қатарынан көрінді. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы кемінде 2 қазақстандық ЖОО-ның әлемнің үздік 200 универ­ситетінің қатарына кіру міндетін қойды. Дәл сол жылы университетке ректор болып келуім осы страте­гиялық мақсатты жүзеге асыру мін­детімен тұспа-тұс келді. Ол кезде ҚазҰУ классикалық университет бол­ған еді. Мақсатқа жету басқару тиімділігіне байланысты екені бел­гілі. Стратегиялық мақсатқа сәйкес бірінші міндетіміз – класси­калық университетті әлемдік деңгей­дегі зерттеу университетіне айнал­дыру. Оқу орнының әлемдік дең­гейдегі зерттеу университетіне ай­налуы нәтижеге және индика­тивтік көрсет­кіштерге бағытталған қайта құры­лымдау, кластерлеу және тиімді про­­цесс менеджментіне негізделген өзін­дік бағдарлама не­гізінде жүзеге асырылуда. ҚазҰУ – QS WUR жаһандық рейтингінде әлемдегі үз­дік 200 университеттің қатарына ен­ген алғашқы қазақ­стандық ЖОО. Он жыл ішінде 436 орынға көтеріліп, 165-орынға ие болдық. Мұндай динамиканы әлемде бұрын-соңды ешбір университет көрсетпеген және оны әділетті түрде ҚазҰУ феномені деп атайды. Осы және тағы да басқа жоғары халықаралық жетістіктер университетте енгізілген тиімді бас­қарудың нәтижесі. Айтып өтерлік жайт, QS рейтингінде ҚазҰУ-мен қатар тұрған университеттер біздің оқу орнымызға қарағанда 100 есе көп бюджетке ие. – Microsoft компаниясы ҚазҰУ-дің цифрлы моделін ең озық тәжіри­белердің бірі ретінде таныды. Мұның сыры неде? Мұндай жағдайда ҚазҰУ пандемия салдарынан дәстүрлі білім беруден онлайн оқуға көшкен кезде қиындық тумаған болар? – Еш қиындық болған жоқ. Коронавирусқа байланысты ка­ран­тин басталады деп айтылған кезде университет бірден қалып­тас­қан сабақ кестесіне сәйкес то­лығы­мен қашықтан білім беру жүйесіне көшті. Оған негіз болған соңғы жылдары университетте «ақылды» ақпа­рат­тық-комму­­ника­циялық инфра­құрылым және smart-кампус құры­лып, бұлтты және мо­бильді техно­логиялардың енгі­зілуі. ІТ қыз­мет­терді дамыту ЖОО-ны сапалы жаңа сандық деңгейге шы­ғарды. Бұл оқу үдерісін қазіргі сабақ кестесі бойын­ша қашықтан оқыту түріне жедел ауыстыруға мүмкіндік берді. Университеттің заманауи және дамыған IT инфрақұрылымы барлық студентті қашықтан оқытумен қам­туға мүмкіндік береді. Бұл үшін «Универ 2.0», Jinalys Room, Moodle ақпараттық-білім беру платфор­малары пайдаланылуда. «Универ 2.0» және Jinalys Room – ҚазҰУ-дің инновациялық жобалары. Программистеріміз «Универ 2.0» жүйесінің әлемдегі ең танымал Moodle қашықтан оқыту жүйесінің бірегей интеграциясын жүзеге асыр­ды. Онлайн тыңдаушылардың үлкен ағынын қолдау мақсатында оның ауқымын жылдам кеңейтіп, оқыту­шымен жеке ақпар алмасу құрал­дарын қолдану, топта талқылау, кез келген форматтағы файлдармен ал­­масу – жүйенің артықшылығы. Студенттер үйлерінде барлық шәкір­тімізге жоғары жылдамдықты интер­нетке тегін қол жеткізу қамта­масыз етілген. Жағдаяттық басқару орталығы қашықтан білім беру үдерісін ба­қылау мен мониторингті жүзеге асы­руда. Қашықтан оқыту мүм­кіндіктері – ҚазҰУ мен Microsoft арасында орнаған ынтымақ­тас­тықтың жемісті нәтижесі. Әлем­дік танымал IT компаниямен бір­лескен жұмыстың және «Office 365» бағдар­ламалық өнімін енгізудің арқасында студенттер мен оқыту­шылар білім алу үшін Microsoft Teams сервисін пайдалана алады. Әлемге әйгілі Hewlett-Packard, Cisco, Intel, Konica Мinolta, Microsoft, Huawei және басқа да жоғары технологиялы компаниялар ҚазҰУ-де өздерінің оқу орталықтары мен зертханаларын ашты. Осындай ор­талықтар мен зертханалардың ашы­луы оқытудың жаңа техно­логия­ларын оқу бағдарламаларына одан әрі енгізуге, ғылым мен бизнес­­тің әлемдік деңгейдегі коопе­рация­сына қуатты серпін береді. Әлемдегі жетекші Microsoft ком­­паниясымен ынтымақтас­ты­­ғымыз ІТ инфрақұрылымды техно­­логиялық жаңғырту мәселе­лерінен бастап, кәсіби табысқа жету үшін қажетті білім алушылар мен оқытушылардың құзыреттілігін қалыптастыруға және сертифи­каттауға бағытталған ака­демияны құруға дейін өте кең ау­қымды және алуан түрлі болып ке­леді. Біздің тәжірибеміз өзге отан­­дық және шетелдік жоғары оқу орын­­­­дарында белсенді қабылданып, та­ратылуда. – ҚазҰУ тарихында өзіндік орны бар академик Өмірбек Жолдасбеков «Ғылым – өмірге» атты ұстанымы арқылы теория мен тәжірибені ұш­тастыруды мақсат тұтты. Жас зерт­теушілердің ғылыми әлеуетін көтеруге, оның әрі қарай дамуына және жаңа белестерге қол жеткізуіне қаншалықты қолдау көрсетіліп келеді? – ҚазҰУ – дамыған ғылыми-инновациялық инфрақұрылымы бар зияткерлік корпорация. Әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналу бағытын ала отырып, білімге негізделген елдің инновациялық эко­­­номикасын дамытудың драй­веріне айналуды мақсат тұтамыз. Университетте 13 ғылыми-зерттеу институты, 30-дан астам ғылыми орталық, бизнес-инкубаторлар, коммерцияландыру кеңселері және шағын инновациялық кәсіпорындар жұмыс істейді. Кластерлік тәсіл не­гізінде «идеяны генерациялаудан бастап оны коммерцияландыруға дейінгі» тиімді технологиялық дәліз құрылды. Бұл ғалымдардың әзір­лемелерін нақты өндіріске енгізуге мүмкіндік береді. Жыл сайын уни­верситет ғалымдары іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша 500-ге жуық ғылыми жобаны орын­дайды. Сондай-ақ олар шетелдік серіктестермен 200-ден астам жоба­ны жүзеге асыруға қатысады. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-де ғы­лыми-технологиялық парк, техно­логиялық инновациялар орталығы мен «Жасыл технологиялар» орта­лығын қамтитын инжиниринг және ғылымды қажетсінетін техноло­гия­лар кластері құрылып, жұмыс істеу­де. Шағын сериялы өнім шы­ғару бойынша 10-нан астам ғы­лымды қажетсінетін өндіріс іске қосылды. Scopus және Web of Science ха­лықаралық базаларында индекс­телген қазақстандық авторлардың әрбір бесінші ғылыми жарияланы­мы – ҚазҰУ ғалымдарының үлесі. Айта кету керек, жарияланымдардың 60 пайызға жуығы шетелдік ғалым­дармен бірлесіп дайындалған. Мұн­дай ғылымометриялық базалардағы дәйексөздер бойынша біздің универ­ситет елдегі абсолютті көшбасшы. Осы көрсеткіштердің барлығы бойын­ша біз әлемдік жетекші зерт­теу университеттерінің деңгейіне жақындадық. Біз студенттерді белсенді түрде ғылымға тартамыз. Осы мақсатта студенттердің оқу-зерттеу және ғы­лыми-зерттеу жұмыстарының ин­­тегративті жүйесі жасалды. Зерт­теулерді қаржыландырудың жалпы көлемінің 10 пайызын студенттік ғы­лымды қолдауға бөлу – жақсы ынта­ландыру. Нәтижесінде, сту­денттеріміз елеулі ғылыми жобаларға белсенді атсалысуда. Мысалы, олар­дың қатысуымен алғашқы қазақ­стандық «Аl-Farabi-1» және «Аl-Farabi-2» наноспутниктері жиналып, іске қосылды. Универ­ситетте 20-дан астам студенттік бизнес-инкубатор жұмыс істейді. Онда 75 студенттік стартап пен инновациялық жоба жүзеге асырылады. Университетті бітіргеннен кейін түлектердің жұмыс іздемей, шағын инновациялық кә­сіпорындар ашу арқылы өздері жаңа жұмыс орындарын құруы өте маңыз­ды. Сонымен қатар ғылыми кадр­лардың сабақтастығын қалып­тас­тыру және ғылыми мектептерді зерттеуді жалғастыру мақсатында ҚазҰУ елімізде алғаш рет уни­вер­ситеттің өз есебінен қаржы­ланды­рылатын постдок­торантура бағдар­ламасын ашты. ҚазҰУ ұлы ойшыл әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойында «әл-Фарабидің ғылыми-технологиялық алқабын» құруға бастама жасады.  Университет кампусының аумағында НТҚ құрудың алғашқы қадамы әлем­нің 130-дан астам жетекші уни­верситетін біріктіретін «Жаңа жібек жолы университеттері альян­сы­ның» халықаралық IT кластерін іске қосу болады. Оның негізін Silicon Valley моделі бойынша IT тех­нопарк және ҚХР үкіметінің гранты бойынша ҚазҰУ-ге ұсы­нылатын супер­­компью­­тер құрайды. Бұл туралы уағ­­­­даластыққа өткен жылдың қыр­­күйек айында Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаевтың Қытайға сапары бары­­сында қол жеткізілді. Бұл жоба әлемнің түкпір-түкпірінен кәсіп­керлер мен инвесторларды тарту платформасы мен IT техно­логия­ларды дамыту драйверлерінің бірі болуға арналған. – Жақында тағы бір студенттер үйінің іргетасын қалағандарыңыздан хабарымыз бар. Студенттер дәстүрлі оқуға оралғанда «Жатақхана – өз үйім» деп емін-еркін қоныстана ала ма? – Университетте 14 студенттер үйі мен жас ғалымдар үйі бар, онда 6 мыңнан астам адам тұрады. Сту­дент­терді тұрғын үймен қам­тамасыз ету мәселесін шешуге мем­лекет ерек­­ше көңіл бөлуде. Бұл маңызды міндетті бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру аясында Тұңғыш Пре­зидент Н.Назарбаев қойған болатын. Уни­­вер­ситет осы бағытта дәйекті жұ­мыс істеуде. Астана күні қар­­­саңын­­да ҚазҰУ қалашығында 1 250 орындық жайлылығы жоғары жаңа Студенттер үйі құрылысы басталды. Бұл нысанды бір жылда аяқтау жос­­­парланған. Университетке түсуге ниет біл­дірушілер саны да артуда, олардың қатарында шетел азаматтары да бар. Көптеген студент тұрғын үйге мұқ­таж, ал жаңа жайлы жатақхана салу бұл мәселені шешуге мүмкіндік береді. Айта кетерлік жайт, универ­ситеттің әлеуметтік даму бағдар­ламасы аясында ҚазҰУ-дің 118 қыз­­­меткері мен оқытушылары «Ақ­сел­кент» тұрғын үй кешенінен жеңіл­детілген бағамен жаңа жайлы пә­терлерге ие болды. – Ұлы бабамыз әл-Фарабидің 1150 жылдығын әлемдік деңгейде той­лау осы оқу орнында бастау алды. Қара шаңырақта әл-Фараби ғылыми орталығы ашылды. Биыл ауқымды түрде атап өтілуі тиіс шараны қа­лып­­тасқан карантиндік жағдайға бай­­ланысты ойдағыдай дәрежеде өткізуге мүмкіндік болмады. Әйтсе де, онлайн режимде де біраз шаруа тындырған сияқтысыздар. – Бүгінгі таңда Түркия, Иор­дания, Қытай, Болгария, Египет және басқа елдердің жетекші уни­верситеттерінде 12 ғылыми-білім беру орталығы, әл-Фарабидің екі мұражай-үйі ашылып, жұмыс істеу­де. Онда қазақ тілі мен қазақ халқы­ның мәдениеті оқытылады. Сондай-ақ олардың негізінде ҚазҰУ фи­лиалдарын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Грекия, Румыния, Албания, Малайзия, Ресей, Өзбек­стан және Түркіменстанда әл-Фара­бидің жаңа шетелдік орта­лықтарын, әл-Фараби ғылыми-білім беру орта­лығын және ҚазҰУ-дің Да­­­маскідегі филиалын құру бойынша жұмыс жалғасуда. БҰҰ-ның Жаһандық хабы ре­тінде ҚазҰУ-дің мерейтойлық іс-шараларының ресми ашылу рәсіміне халықаралық қоғамдық және ака­демиялық топтар, соның ішінде БҰҰ мен ЮНЕСКО, ИЫҰ, ТҮРКСОЙ өкілдері, Қазақстандағы дипло­ма­тиялық миссиялар, әлемнің 40 елі­нен келген жетекші шетелдік фа­рабитанушылар мен басқа да ға­­­лым­дар, сондай-ақ Қазақстанның мем­лекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-педагогикалық интел­ли­генция мен студенттер тартылды. Мерейтойлық іс-шараларды жариялау және әл-Фараби мұрасын отандық және шетелдік БАҚ-та, оның ішінде Қытай, Түркия, Египет, Орталық Азия және ТМД елдерінде танымал етуге бағытталған 200-ден астам материал жарияланды. Синга­пур, Ұлыбритания, Малайзия, Из­раиль және басқа елдердегі Қазақ­стан елшіліктерінің қолдауы­мен әл-Фарабиге арналған конфе­ренциялар онлайн форматта өтті. Бұдан басқа да көптеген шара өт­кізілді және алдағы уақытта да біраз жоспар бар. Ұлы бабамыздың мұра­сын насихаттау бағытында жұмыстар жүргізу тоқтамақ емес. Бір қуа­нар­лығы – әлемдік деңгейде мойын­далған ғұламаның мерейтойлық іс-шаралары халықаралық деңгейде де өтіп жатқанын атап өткім келеді.  

Cұхбаттасқан Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ