Көпбалалы жеті отбасы үйлі болды
Көпбалалы жеті отбасы үйлі болды
220
оқылды

Қарасайлықтар ауданның 90 жылдық мерейтойын жоғары дең­гейде атап өтті. Аудандық мәдениет үйінде басталған салтанатты ша­раның шымылдығын ашқан облыс әкімі жұртшылықты мерейлі ме­рекемен құттықтап, Жетісу өңірінің әлеуметтік-экономикалық да­муына Қарасай ауданының үлесі қомақты екеніне айрықша назар аударды.

Қарасайлықтар биылғы 9 айда 195,0 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдерін шығарса, ауыл шаруашылығында 25 млрд теңгенің өнімін өндіріп, 57,2 млрд теңге инвестиция тартыпты. Аудан экономи­касының жақсаруына жергілікті жерден шыққан меценаттар мен кәсіп­керлердің ықпалы да ерекше екен. Со­ның нәти­жесінде «Батыр ба­балар» ме­мориалды кешені, денешы­нықтыру-сауықтыру кешені және тағы да басқа халыққа аса қажетті әлеуметтік маңызы зор бірқатар нысан бой көтеріпті.

Аудан әкімі Жандарбек Далабаев өз кезегінде ауданның қалыптасу, даму та­рихына тоқталды. Жеткен жетістіктер мен көтеріңкі көрсеткіштерді айта кетті. Сал­та­натты жиын барысында ауданның 3 тұр­­ғынына «Қарасай ауданының Құр­метті азаматы» атағы берілді. Сол сияқты «Ба­қыт­ты отбасы» бағдарламасы аясын­да ау­дан­дағы 7 көпбалалы отбасының жаңа бас­панаға ие болуы мереке мерейін асыра түсті.

Тойға арнайы келіп, тілектерін жет­кіз­гісі келгендер қатарынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, ҰҒА акаде­мигі, Бүкіләлемдік өнер және ғылым ака­демиясының академигі Ғалымқайыр Мұтанов, Алматы облысының және Қарасай ауданының Құрметті азаматы, «Жетісу» ӨК басқарма төрағасы Жанат Исағұлов өз ойларымен бөлісті.

Мерейтойға жиналғандар назарына ауданның 90 жылдығына арнап өткізілген шаралар жайындағы есепті бейнеролик ұсынылып, жергілікті өнерпаздар мен шы­ғармашылық ұжымдары концерт қойды. Шалқар ауылы маңындағы «Нұрдәулет» атшабарында ат спорты түрлерінен ұлттық ойындар жарысы өтті.

 

Болат АБАҒАН,
Алматы облысы