Шымкент «газельден» қашан құтылады?
Шымкент «газельден» қашан құтылады?
152
оқылды

Жуырда қоғамдық көлік кондукторының жолаушы­лардың лық толға­ны­на қарамастан, ортаңғы есік­тен адамдарды қораға мал қамағандай тықпалап, ны­ғыздап, сыйғызып алып кеткен видеосы әлеуметтік желілерді шулатты. Бұл қоғамдық көліктің Алматы қаласынан екені автобус­тың сыртындағы жазудан көрініп қалған болатын. Түсірілім әлеуметтік же­лі­де біраз талқыға салынды.

Алайда шымкенттіктер үшін мұндай көрініс таңсық емес. Әсіресе, таңда жұмысқа асыққан қала тұрғындары аталған жағ­даймен жиі ұшырасады. Бұған қала аумағының кеңейіп, тұр­ғын­дарының саны көбейіп жатқаны себеп болса керек. Мәселен, Шым­кент қаласының жер көлемі соңғы бес жылда үш есеге ұлға­йып, жаңадан 40 елді мекен қо­сылған. Сол себепті қаланың шет­кері елді мекендерін қоғам­дық көлік қызметімен қамту әлі де өзекті мәселе күйінде қалып отыр. Ал жолаушылар көліктері­не жауапты мекеме мегаполистің көлік қозғалысын әлі реттей алмай отырған сыңайлы. Тіпті, Шымкенттің республикалық маңызға ие мегаполис қатарына қосылғанына жылдар өтсе де, мұнда әлі күнге дейін жолау­шыларды аузы-мұрнына дейін толтырып, шағын автобустар зыр­ғып жүреді. Қала тұрғындары шағын автобустарға деген шағы­мын айтудай-ақ айтып келеді.

Бүгінде Шымкент қала­сын­дағы 25 көлік компаниясы 78 ба­ғытта 1 116 көлікпен халыққа қызмет көрсетуде. Автобус 886 кестемен жүрсе, шағын авто­бустар 275 кестемен жолау­шы­лар­ға қызмет етеді. Жалпы, 18 ша­ғын автобус бағыты бар. Де­мек, әлі күнге дейін қалада осынша шағын автобус бағыты жүр деген сөз.

Шымкент қалалық жолау­шылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының қоғам­дық көлік бөлімінің басшысы Наурыз Сүгірәлиев жыл сайын автобустар санын арттырып келе жатқанын айтады. «Қалалық мар­шруттардағы автобустарды жа­ңарту механизмі жасалып, оған Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ оператор болып анықталды. Жалпы, авто­бустарды жаңарту механизмі ая­сында қалаға 1 000 автобус әкелу жоспарланған. Бүгінде оның 300-і жеткізілді. Қалған 700-і 2020 жылы сатып алынбақ. Shymkent әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­циясы тарапынан Shymkent-Bus басқарушы компаниясы ЖШС автопаркі құрылды. Бүгінгі таңда жоба аясында сатып алынған 300 жаңа автобус осы автопарктен шығуда» дейді ол.

Сондай-ақ жолаушыларға қо­лайлы жағдай жасау үшін бірқатар шағын автобустардың орнына жаңа автобустар жүріп жатқанын да жеткізді. №38 шағын автобус бағытының орнына №138 автобус бағыты, №96 шағын автобус бағытының орнына №196 және №13 шағын автобусының орнына №113 автобус бағыты ашылған. Бөлім басшысының айтуынша, қаладағы газельдер толық қол­даныстан шықпайды. «Шымкент қаласында автобус кіре алмайтын көшелер бар. Сондықтан ол аймақтарда жүрген шағын автобус бағыттарының орнын автобусқа алмастыра алмаймыз. Ал кейбір шағын автобустарды ауыстыру жұмыстары жалғаса береді» дейді бөлім басшысы.

Шағын автобус бағытының бригадирлері де дәл осы жауапты айтты. Газельдер қолданыстан шықпайды дегенге сенімді. Мәселен, Шымкент қаласы кө­шелеріне шығатын автобустардың басым бөлігін қамтитын Green Bus Company жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қосымша 4 бағыттағы шағын автобустарды да қалаға жүргізіп қойған. Бри­гадир Мақсат Кененбаев шағын автобустар жүретін тар көшелер мен кедір-бұдыр жолдармен автобус жүре алмайтынын айта­ды. «Сигма» фирмасынан шыға­тын №118,109 шағын автобус­тарының бригадирі Бахадыр Розметов те күн сайын бір бағыт бойынша 20-ға жуық жолаушы тасымалдайтын га­зельдерді автобусқа айырбастау мүмкін емесін жеткізді.

Соған қарағанда, Шымкент газельден жуық арада құтыла алмайтын секілді. Кондукторлар қала тұрғындарын сол баяғы сарынмен мінгестіріп алып жү­руін тоқтатпайды деген сөз. Сон­дай-ақ қаладағы жолаушы та­сы­малдайтын қоғамдық көліктердегі проблемалар мұнымен бітпейді. Осы тұста Шымкент автопарк­теріндегі көліктердің 50 пайыздан астамының техникалық талап­тарға сай келмейтінін айта ке­тейік. Сонымен бірге жүргізу­ші­лер мен кондукторлар мәдение­тінің төмендігі, жолаушыларға көрсетілетін қызметтің сапа­сыз­дығы, маршруттар кестесінің сақталмайтыны және тиімді емес маршруттарға шықпай қоюы жағдайының жиі болуы да жолау­шылардың бас ауруына айналған. Еліміздің барлық қалаларында көпбалалы аналар тегін немесе 50 пайыздық жеңілдікпен жүрсе, шымкенттік автобустар «Алтын алқа» иегерлері мен соғыс ар­дагерлеріне ғана тегін қызмет көрсетеді. Осылайша, Шымкент қоғамдық көліктеріндегі проб­лемалар қазір өзектілігін жоймақ емес.

 

Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы