Тіл туралы тұңғыш заң 1989 жылғы 22 қыркүйекте қабылданып, қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Осы жылы «Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Одан бері отыз жыл өтті. Отыз жылда не өзгерді? Сараптап көрсек...
Отыз жылда ана тілге деген құрмет артты ма? Әлде жаңа ұрпақ тілдің қадірін қашырып жіберген жоқ па? «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды. Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады. Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады» деген болатын Ахмет Байтұрсынұлы. Иә, жылдар бойы өз тәуелсіздігін аңсаған Қазақ елі үшін тілін сақтап қалу оңай болмады. Жан-жақтан қыспаққа алған сайқал саясат, орыстандыру үшін барлық жағдайды жасап-ақ бақты. Бірақ іріген, бір кездері он бес республиканы бір тудың астына жинаған алып держава шашырап тынды. Бұл бізге өткенімізді қайта жаңғырту, тілімізді, дінімізді, ділімізді сақтап қалу үшін берілген сый болатын. Оны түсіне білуіміз керек-ақ.
Қазір жер-жерде тіл үшін қарусыз майдан жүргізілуде. Еліміздің түкпір-түкпірінде жұмыстар қарқынды қолға алынуда.
Тіл мәселесі тек біздің ғана шырылдап қорғап жүрген мәселеміз емес. Ол – әлемді ойландырған жайт. Олай болмаса, Францияда тіл қорғайтын арнайы полиция құрылмас еді. Ал Балтық жағалауында орналасқан Эстонияда сырт елдің азаматтарының құжаттарына «Шетелдіктің эстон паспорты» деп жазып қояды. Және 41 процент эстон, 43 процент орыс халқы тұрса да, өз тілін жоғары қойып, тек эстонша сөйлеседі. Бұл да тілді жоғалтпау қамы.
Еліміз бойынша ана тілімізді ұлықтау мақсатында жобалар да жасалып, жүзеге асуда. Жақында Ақордада тілімізді әспеттеп, оның аясын кеңейту үшін үлкен жұмыстар атқарып жүрген бірқатар тіл жанашырлары марапатталды. Салтанатты рәсім «Тіл туралы» заңның қабылданғанына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылды. Президенттің алғысхаты 100-ден астам азаматқа берілді. Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дархан Кәлетаев: «Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында қазақ тілі ұлтаралық тіл болатынын айтқан еді. Осы мұратқа жету жолында жұрт жұдырық болып жұмыла білу керек. Тілдің өрісін кеңейтуге біраз азамат осы күні атсалысып жүр. Еңбектері еш кетпеді. Ақордада Мырзатай Жолдасбек, Мұхтар Шаханов, Асылы Осман, Дос Көшім бастаған бір топ майталман Президенттің алғысхатын алды» деді.
Осы кеште сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбек «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов дәуірінде осылай деген. Әлі де өзекті. Салтанатты шарада сөз сөйлегендер тілдің туын жықпау үшін қазақтілді басылымдардың еңсесін көтеру керек» десе, Qazaqstan Dauiri ЖШС бас директоры Сәуле Мешітбай «Мемлекет басшысының марапаты республика бойынша 100-ден астам адамға берілді. Бұл – еңбектің еленгені һәм үлкен жауапкершіліктің жүктелгені. Асылында, тілдің мәртебесін биіктету тек санаулы адамның міндеті емес. Ол – тұтас ұлттың басты мұраты» деп сөзін түйіндеген еді. Бұл марапат оларға жайдан-жай беріле салмағаны анық. Ол –тілім деп шырылдаған жанашырлардың жылдар бойғы еңбегінің жемісі.
Сонымен бірге елімізде тіл үйренудің әдіс-тәсілдері де жетілдіріліп келеді. Мысалы, Павлодарда «Ана тілі» орталығы балабақша тәрбиешілеріне мемлекеттік тілді оқыту курсын трамвайда өткізуде. Орталық директоры Шолпан Кинжикова «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін үйретуге арналған «Flash тренинг» жобасын өткізіп отырмыз. Арасында осы форматта сабақ өткізсек деген идеямыз болған. Оны Nur Otan партиясы, трамвай басқармасы және облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма қолдады. Енді кейбір сабақтарымыз осылай өтіп отыратын болады. Сабағымыздың тақырыбы – қала. Курсқа қатысушылар өткен тақырыптарды қайталай отырып, қаланы аралап танысады және сурет арқылы көргендерін жеткізеді. Кейін өз ойларын жазады. Жобаға қатысушылар тәрбиешілер болғандықтан, олар үшін балаларға сурет арқылы сабақ беру оңайырақ. Мұнда ойлау және сөйлеу қабілеттерін жетілдіретін шығармашылық сабақтар өтеді» дейді. Иә, тіл үйренуге деген ықылас болса, қай жерде де өткізуге болады. Павлодарлықтардың бұл ісі сүйсінтерлік.
Тілге деген құрмет тек оны біліп қана қоюмен шектелмесе керек. Қазақ тілінде дұрыс жазу да басты міндеттің бірі болса керек. Осыны басты қағида етіп алған елордалықтар да айтарлықтай игі шаралар өткізуде. Мысалы, қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мемлекеттік тілдің әлеуетін көтеру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Басқарма мемлекеттік мекемелердегі тіл нормаларының сақталуына мониторинг жүргізу, көше атауларын ретке келтіру, тарихи тұлғалардың есімдерін ұлықтау, қазақ тіліндегі сапалы контентті дамыту, қазақ тілі курстарын ұйымдастыру, мекемелер, жекелеген азаматтар арасындағы интеллектуалдық сайыстар, азаматтардың шағымдары бойынша кездесулер өткізу және тағы басқа шараларды атқаруда. Нұр-Сұлтан қаласы тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Сәкен Есіркеп «Кез келген мемлекеттің дамуы, ең әуелі, елдің өркендеуіне атсалысатын азаматтық қоғам институттарының қызметіне байланысты. Тілдің жағдайы да осы сияқты. Мемлекеттік органдар да, ел азаматтары да кешенді түрде әрекет еткенде іс оңалары анық. Сондықтан көптеген шаралар ұйымдастырып, азаматтарды, жалпы көпшілік қауымды акциямызды қолдап, тіл тазалығын сақтауға үлес қосуға шақырамыз» дейді. Осы басқарма аясында, 2018 жылы құрылған «Руханият» мекемесінде 1 500 адам қазақ тілін меңгеруде. Қалада «Жарнамадағы тіл тазалығы – баршаға ортақ іс» акциясы да ұйымдастырылған. Акция уақытында 900-ден аса көше қаралып, жеке кәсіпкерлерге заң талаптары туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, өткен жылы 1 000-нан аса заң талаптарына сай келмейтін жарнама мен көрнекі ақпараттар алынып тасталған. Бұл елдегі істеліп жатқан тіл жанашырларының игі істерінің бір парасы ғана.
Иә, әке қанымен, ана сүтімен даритын тіліміздің ары қарай да жасай, жарқырай беруі сіз бен біздің қолымызда.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ