Әйелі мен баласын үйден қуып шағады
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Үміт» дағдарыс орталығына тұрмыстық зардап шеккен балалар мен әйелдер қабылданады.«Көбіне араққа тойып алып мас күйінде балалары мен әйелдерін ұратындар зорлық көрсеткенімен қоймай күн демей, түн демей үйден қуып шағады. Барар жері болмаған соң біздің орталыққа келеді. Олардың ішінде баласы жоқ әйелдер де бар. Бес-алты баласымен зорлық көріп отырғандар да кездеседі. Олар біздің орталықта тегін тұрады. Күніне бес уақыт тамақтарын ішеді. Зәбірленушілерге психологиялық қолдау көрсетіледі. Медициналық көмек беріледі. Олар орталықта 6 айға дейін тұра алады. Әйелі мен баласын 3-4 айдан кейін іздеп келетіндер бар. Біз жылына бір рет қабылдаймыз. Қайтып келетіндер болады. Оларды бір жыл ішінде екінші рет қабылдай алмаймыз. Ажырасуға келісім ала алмай жүрген әйелдерге 6 айдың ішінде проблемасын шешіп беруге, алиментін өндіріп беруге тырысамыз. Барлығы тегін», − деді «Үміт» дағдарыс орталығының операторы Жұлдыз.
«Бәріміз таяқ жедік қой. Шыдай сал...»
Айрандай ұйып отырған отбасының құтын қашыруға не себеп екенін маманнан сұрап көрдік. Писхолог Лимана Құттыбекқызының айтуынша, көп адамдар өзінің психикалық ауытқуы барын бермейді.«Зорлыққа баратындардың көбі балалық шағында зәбір көргендер. Сондықтан оның ішіндегі өкпесі, реніші, агрессиясын басқа адамға әлімжеттік көрсету арқылы шығарады. Дені сау, ақылы бүтін адам ешқашан екінші бір адамға, жануар мен жәндікке қиянат жасамайды. Біреуді писхологиялық тұрғыдан ренжітуге, қол көтеруге бейім адамда жасырын патологиялық белгі болуы мүмкін. Негізі ауытқудың түрлері көп. Отбасында не көрсе, ұшқанда соны ілесің. Әке-шешесі бет жыртысып жатса, мұны көріп өскен бала ұрыс-керісті қалыпты құбылыс деп қабылдайды. Соны кейін қайталайды. Әйелдерге «Бәріміз таяқ жедік қой. Шыдай сал» деп туыстары мен достары кеңес береді. Бұл дұрыс емес. «Ашумен қол көтердім» деп өзін ақтайтындар бар. Бұның барлығы қайталанатын құбылыс», - дейді психолог.Оның айтуынша, ашушаң адам психолог маманға жүгінугі керек. Тісіміз ауырса стомотологқа барамыз. Ал жүйкенің жұқаруы, ашушаңдық ең ауыр қылмысқа себеп болуы мүмкін. Өзінен психопатияның белгісін байқаған адам, денесіне жара шыққан сияқты бірден емделуге жүгінген дұрыс. Өйткені, ондай адамдар ішімдік пен нашақорлыққа бейім. Сосын отбасындағы адамдарға, баласына қол көтеру, зорлық көрсету сынды әрекеттерге барады. Ерлердің әлімжеттік көруі қоғамда жиі айтыла бермейтін писхикалық ауытқуға шалдығуға әкеп соғатын фактор.
Ағасы балконға шығып аяғынан ұстап салбыратып тұрған
«Маған бір ер адам келіп, өзінен 10-15 жас үлкен ағасының кішкентай кезінде алтыншы этаждың балконынан аяынан ұстап салбыратып тұратын әдеті болғанын айтты. Ағасы бұл әрекетті әке-шешесі үйде жоқ кезде жасаған. Баланың айғайлаған дауысына ағасы мәз болып рахаттанады екен. «Қазір есейген кезде қорлық көрсеткен ағамды көргім келмейді. Ағамның атын естісем, тіпті аттас адамды көрсем аяқ-қолым терлеп, дірілдейді» дейді. Біздің денеміз бала кезде қандай қысым көрсе, сонымен байланысты нәрсеге реакция береді. Әлгі кісі есейе келе ағасымен араласпай кеткенін айтты. Бұндай нәрселерге ойын ретінде қарайтындар бар. Шын мәнінде ойынан от шығады», − дейді Лимана Құттыбекқызы.Қоғамда психологтың көмегіне жүгіну қалыпты құбылысқа айналған жоқ. Адамдар өздерінің психикалық жағдайы жайында сөз қозғау ұят деп санайды. Бірақ көптеген агрессиялық құбылыстар осы писхикалық бұзылудан туындайтынын айтады маман. Әрине әлеуметтік желінің де кері ықпалы бар. Балалардың қатігез болуы, ұру, соғу, өлтіру сынды жайттарды қалыпты қабылдауымен байланысты. Әзірге елімізде писхолог маманның көмегіне жүгінетіндер өздерін қалай дамытуға болады, тез баюдың жолдары қандай деген сауалдарға жауап іздейді екен.