Тәуелсіз елдің туын тік ұстар, ел қорғаны болар азамат тәрбиелеу қашанда жауапты іс саналған. Бұл міндет жалпыға ортақ – өз елінің патриотын тәрбиелеу әрбір отбасы мен мемлекеттің ортақ жұмысы. Балаға отансүйгіш қасиетті сіңірудің жолы көп. Сондай бір тамаша тәсіл – ерлік сабақтары. Қазан айының алғашқы жексенбісінде аталып өтетін Ұстаздар күнінде қорғаныс саласының өкілдері еліміздегі мектептерде Ерлік сабақтарын өткізіп, әдемі дәстүрдің негізін қалады.
Әскери қызметшілер мен ардагерлер мектептер мен колледждерге барып, жоғары сынып оқушыларымен және студенттермен кездесу ұйымдастырды.
«Ерлік сабақтары болашақ Отан қорғаушы мен кез келген адамға қажет моральдық-психологиялық қасиеттерді үйретеді. Батылдық, табандылық пен төзімділік – осының барлығы әскери қызметшіге тәрізді барлық медицина қызметкеріне, дәрігерге, инженер мен мұғалімге де маңызды», – дейді Алматы қаласы Алатау ауданының Қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығы полковник Гаухар Сырлыбаева.
Ардагерлер оқушыларға Отан тарихындағы ерліктер туралы әңгімеледі. Тыңдаушылар тарапынан қойылған Қазақстан Қарулы Күштері мен әскери білім туралы сұрақтарына тұшымды жауап берді.
«Мен ата-бабаларымыздың ерлік пен батырлық дәстүрлерінің мұрагері мен жалғастырушысы екенімді түсінемін. Осындай шаралардың арқасында таным көкжиегіміз кеңіп, көп мағлұматқа қанықтық. Болашақта Отан қорғаушы боламын деген ойға бекідім», – дейді №26 мектеп оқушысы Ерасыл Севетбеков.
Арыс қаласының орта білім беретін мектеп оқушылары да Ерлік сабағы аясында Қазақстан Қарулы Күштерінің бас штабы бастығының орынбасары генерал-майор Әділбек Алдабергеновпен кездесті. Ауған соғысы ардагері, әскери қызметтегі әскери еңбегі мен жетістіктері үшін жоғары әскери наградалармен марапатталған генерал оқушыларға әскери мамандық, патриотизм, намыс пен ерлік туралы, елі үшін қаза тапқан батырларымыз бен әскери бөлімдерге есімі берліген әскерилер туралы әңгімелер айтты.
«Жер бетінде көптеген беделді, пайдалы және қажетті мамандықтар бар. Соның ішінде Отан қорғау мамандығының орны бөлек. Бұл – барлық уақытта да қасиетті мамандық. Әскери қызметшілер бұл – ең алдымен, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етушілер. Әскери мамандар жұмысының мәні сол, олар күн сайын сіз бен біздің бейбіт өмір сүріп, жұмыс істеуіміз үшін өз өмірлерін қауіп-қатерге тігеді», – деді Әділбек Алдабергенов.
Ерлік сабақтары – бүгінгі жас буынның отаншыл болып өсуіне ықпал ететін жоба. Бұл сабақтан кейін көп бала Отан қорғаудың ұлы міндет екенін түйсініп, болашақ өмірін әскери саламен байланыстырып, ел мен жердің тыныштығы үшін қызмет етуге арнайды. Сол үшін «Жас ұлан» сияқты республикалық әскери мектептерге қабылдануы әбден мүмкін ғой.
Жуырда ғана аталған мектепке қабылданған тәрбиеленушілер ұлан антын берді. Нұр-Сұлтан қаласында армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебіне қабылданған 237 тәрбиеленуші салтанатты түрде ант берді. «Мен әскери мектеп тәрбиеленушісінің ары мен абыройын ардақтауға, мүлтіксіз тәртіп пен әскери кішіпейілдік ережелерін сақтауға, бар ынтаммен Отанымыз – Қазақстанды қорғауда өзімді дайындауға ант етемін» деген жалынды сөздерді естудің өзі бір ғанибет. Олар дәстүр бойынша Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Әскери мектеп тәрбиеленушілерінің маңызды оқиғасымен Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Тимур Дәндібаев құттықтады.
«Сіздер кәсіби әскери қызметшілер ғана заманауи Армияның негізін құрайтынын есте сақтауларыңыз қажет. Жас болғандарыңызға қарамастан, дұрыс жолды таңдадыңыздар», – деді ол. Ант беру салтанаты Шымкент қаласындағы Сабыр Рақымов атындағы мектепте де өтті. Бұл күні аталған мектептің 200-ден аса ұланы ант берді. Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т.Бигелдинов атындағы Қарағанды «Жас ұлан» республикалық мектебінің 225 ұланы да сол күні ант берді. Білім алушылар стандартты мектеп сабақтарымен қатар әскери пәндерді, оның ішінде жалпыәскери тактиканы, байланыс негіздерін, саптық дайындықты, жалпыәскери жарғыларды меңгереді. Ең бастысы, олар Отан алдындағы азаматтық борышы және әскери міндетіне адал болуды үйреніп шығады.
Болашақ әскерилерді даярлайтын оқу орындарының бірі – Алматы қаласындағы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты. Осыдан 18 жыл бұрын іргесі қаланған институт бүгіндері радиотехника мамандықтары бойынша офицер-инженерлерді дайындайтын Орталық Азия аумағындағы жалғыз жоғарғы білім ордасы. Әскери жоғары оқу орнының бастығы генерал-майор Асқар Мұстабековтің айтуынша, оқу орны Қазақстан Қарулы Күштері үшін офицер кадрларын даярлауда мемлекеттік міндеттерді табысты орындап келеді. Мәселен, әскери институт 18 жылдың ішінде Әуе қорғаныс күштері, қазақ армиясы үшін 1 730-ға жуық лейтенантты тәрбиелеп шығарды. 185 түлек оқуды үздік бітірсе, оның 27-сі «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» төсбелгісімен марапатталған. Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институты зенитті зымыран, радиотехникалық әскерлер, авиацияны радиотехникамен қамтамасыз ету байланыс бөлімі үшін білікті офицерлерді, сондай-ақ әскерлер мен қару-жарақты басқарудың автоматтандырылған жүйелерінің инженерлерін дайындайды. Мұның барлығы Қазақстан Қарулы Күштерінің қызметін және әскери мамандықты дәріптеудегі атқарылып жатқан жұмыстың бір бөлігі ғана.
Айдана БЕГІМ