Қыста ыстық сусыз қаласыз!
Үкіметтің кезекті бастамасы қандай азап-мехнат әкелгенін азаматтардың шағымынан аңғаруға болады. Алматы тұрғыны Жанар Кембаева ПИК (КСК) орнына МИБ (ОСИ) келгелі үйді ұстап тұруға жұмсалатын «эксплуатациялық шығындар» көлемі күрт артқанын айтады.«Бірлестік құрылғалы нағыз проблема басталды. Ол Жетісу ауданында орналасқан көпқабатты тұрғын үйімізді ұстап тұрудың жаңа сметасын жариялады. Біздің ауданда жергілікті мәслихат үйді лайықты жағдайда ұстап тұру үшін әр шаршы метрге 25-30 теңгеден жиналсын деп бекіткен. Меншік иелерінің бірлестігі болса, 150 теңгеден жиналады деп белгіледі. Салдарынан 66 шаршы метрлік баспана үшін тек МИБ-ке ғана ай сайын 10 мың теңгеден төлеп тұруға тура келеді. Үйді жөндеу үшін ақша бөлек жиналатын көрінеді», – дейді ол. Елорда тұрғыны, сантехник Руслан Манарбай МИБ кесірінен жұмыс орнын өзгертуге тура келіп жатқанын жеткізді: «Бұрын КСК кезінде басқарушы компания бірден бірнеше үйге қызмет көрсететін. Жалақым 100 мыңнан асатын. Қазір «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» дегенді енгізіп, бір үйдің бірлестігінің штатында ғана қалдырды. Айына 50 мың теңгеден артық жалақы төлемейтінін айтады. Нұр-Сұлтанда барлығы қымбат, мұндай сомаға отбасың түгіл, өзіңді асырай алмайсың. Сондықтан басқа жұмысқа ауысып жатырмын», – дейді ол.Серік Абдуллаев та үйді басқарушылармен қырқысуға мәжбүр.
«Нысаналы алымды жинап бермедің деп үйімдегі ыстық суды ағытып тастауы қаншалықты заңды?! Бұл – масқара. Бір үйдегі тұрғындардың әл-ауқаты бірдей емес, біреуі төлесе, екіншісі төлей алмайды. Ай сайынғысын төлеп тұрмыз. Жоғарыдағылар бұларға осындай қатал шарамен жазалауға құқық беріпті. Ай сайынғы төлеміміздің қайда кетіп жатқанын білмейміз. Содан алуға болмас па? Бірнеше күн болды, суық күнде ыстық сусыз отырмыз» деп ол «репрессияға» назаланды.Елордалық адвокат Г. Дүйсеноваға жаңа бірлестіктен қиянат-құқай көрген адамдар көп жүгінеді екен. Шағым сан алуан дейді: меншік иелері бірлестігінің төрағасы және үй кеңесінің мүшелері ауыз жаласып, сол тұрғын үйдегі коммерциялық меншікті жалға алған бизнесмендерден МИБ үшін демеушілік көмек жинайды, оның сомасын және қайда жұмсалғанын ашып айтпайды. Берешегі бар не бірлестік шешіміне қарсы тұрғандарға коммуналдық қызмет көрсетуді – жарық, су беруді тоқтатады. Тұрғын үйде болған апаттармен уақытылы күреспейді, содан пәтер қожайындары сырттан сантехник не өзге маман жалдап, өз бетінше оның салдарын жоюға мәжбүр. Авария қызметінің, жедел жәрдемнің көліктерін аулаға кіргізбей қояды. Пәтер иелерін жертөле, төбе, жылу торабы секілді ортақ мүлікке жолатпайды, көрсетпейді.
«МИБ-тер не істесем де өз еркім деп басынып барады. Адамдар болса, сотқа береді деп қорқады. Бұрын ПИК-тер құзырымыз жоқ деп, тіпті айыппұл сала алмайтын. Басқарушылар кәсіпкерлерге де қырғидай тиеді. Шенеуніктер шағымданған азаматтарды сотқа бағыттай салуға жаман үйренді. Түк бітірмесе, атқарушы билік деген аты қайда?! Осы арқылы ел бюджетіне зор жүктеме түсіруде: мемлекетке 1 судьяны ұстап тұру 1 маманды ұстап тұрудан әлдеқайда қымбатқа түседі. Өз кезегінде, жергілікті және орталық атқарушы билік ештеңе шешпегесін, халықтың билікке деген сеніміне селкеу түседі», – дейді адвокат.
Бірлестік сотқа сүйрей алады
Зорлық көрген, қиындық кешкен қазақстандықтар салаға жауап беретін уәкілетті орган – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне жүгінеді. Комитет сонда не деді? Ведомство төрағасы Мархабат Жайымбетов Азаматтық кодекстің 189-бабына сілтеме жасай отырып, «меншiк иелері, яғни әрбір қазақстандық өзiне тиесiлi мүлiктi күтiп ұстаудың бүкіл ауыртпалығын өзі көтеруі тиістігін» және «бiржақты тәртiппен мұндай ауыртпалықты үшiншi жаққа ауыстыра алмайтынын» нықтады. Басқаша айтқанда, кезінде МИБ деген осы министрліктің бастамасымен енгізілді, қазақстандықтарға ауыртпалық артылды. Ары қарай ол ауыртпалықты қалай көтереді, бірлестік басшыларымен қалай тіл табысады – ол меморганның ісі емес. Арпалыса ма, соттаса ма, әлде осы күрес кезінде тұрғынның жүрек талмасы ұстап, жантәсілім ете ме – онда шенеуніктің шаруасы жоқ. Өйткені Азаматтық кодексте оларды қорғайтын әлгі керемет бап бар. Айтпақшы, ыстық судан айыру, қараңғы үйде қалдыру – МИБ-тегілер қолданатын қысымның зоры емес екен. ПИК-тен айырмашылығы сол, меншік иелерінің бірлестігіне заң бойынша соттасу құқығы беріліпті. Яғни, олар қарызға батқан тұрғындарды «оптом» сотқа беріп, үкімге қол жеткізе алады. Ондай жағдайда қаншама адамның есепшоттары және банк карталары тегіс бұғатталады, олар жалақы, зейнетақы, жәрдемақы ала алмайды, шетелге шығу мүмкіндігінен жаппай айырылады.«Қазақстанның «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңының 32-бабына сәйкес, пәтерлердің және тұрғын емес үй-жайлардың (ТЕҮ) иелері кондоминиум объектісін басқаруға және оның ортақ мүлкін күтіп-ұстауға арналған шығыстарды төлеуі тиіс. Бұл шығыстарға кондоминиум объектісін басқаруға және ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, ағымдағы жөндеуге және ортақ мүліктің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, оны күтіп-ұстау үшін тұтынылған коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге арналған ай сайынғы жарналар кіреді. Бұл ретте пәтер иелері өз жиналыстарында көппәтерлі үйді басқарушыға немесе басқарушы компанияға берешекті өндіріп алу функцияларын табыстайды. Егер пәтер иесі берешегін өтемесе, онда басқарушы ол ақшаны мәжбүрлі түрде өндіріп алуды сұрап не нотариусқа, не сотқа өтініш беруге құқылы!», – деді Құрылыс және ТКШ істері комитетінің төрағасы.
Аудитор шақырта аласыз
Мархабат Жайымбетұлы тұрғын үйді басқару және ұстап тұру шығыстарының сметасын, сол шығыстың ай сайынғы көлемін пәтер иелерінің жалпы жиыны бекіте алатынын еске салды. Ол хаттама түрінде рәсімделеді. Содан соң аталған шешім тұрғын үйдегі пәтер мен коммерциялық алаңдар қожайындарының бәрі үшін міндетті болады. Өкінішке қарай, әр отбасы азық үшін ақша табу қамымен бас қатырған күйзеліс кезеңінде барша пәтер иесін бір күні, бір уақытта жинау – тым күрделі шаруа. Сол себепті МИБ басқарушылары тұрғын үй қожайындары арасындағы «достарына» сүйенеді: олар бірін-бір үнемі қолдайды, белгіленген күні жинала қалып, басым дауыспен шешім қабылдайды, бірер «оппозиционер» табылса, бет қаратпай, үнін шығартпай тастайды. Мұның арты кейде наразы адамдардың көршілерін аралап, жемсау басындағы топқа қарсы «революция» ұйымдастыруына соқтырады. Қарап тұрсаңыз, су астындағы иірімдей көзден таса, көңілден тыс қырғын талас, сұрапыл тартыс жүруде. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласының өзінде қаншама «темір тұлпар» иесі осы бірлестіктермен қырылысуда: бұлар тұрғындардың үй астындағы жабық автотұрақта сатып алған орындары үшін 15-20 мың теңге ай сайын төлем талап ететін көрінеді. Заң бойынша автотұрақ орнын ұстап тұруға арналған төлем мөлшерін де жалпы жиында МИБ анықтайды. Біраз адам пәтерімен бірге болашақ көлігі үшін орын сайлап қояды. Алайда дағдарыс қысып, автомобиль сатып алуы ұзайды. Ал оның бос тұрған орны үшін ай сайын үлкен алым төлеуі тиіс. Содан автотұрағын жалға беру туралы хабарламалар жиі кездеседі. Бұдан бөлек, шлагбаумды көтеретін кілтті алуға қосымша шығындалуыңыз қажет. Сарапшылар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ТКШ комитетіне жүгінгеннен еш пайда жоғына назар аудартады: ведомство негізінен сырғытпа жауап жолдаумен, өзгеге сілтеумен айналысады. Дұрысы – жергілікті әкімдіктің тұрғын үй инспекциясына шағымданған жөн. Бұл инспекцияның бұзушылықты түзеу жөніндегі ұйғарым-шешімдерін МИБ пен ПИК орындауға міндетті.Атқа жемді кім салар?
Коронавирус пандемиясына орай кез келген үлкен жиналысты, соның ішінде пәтер иелерінің жиынын өткізуге тыйым салынған.«Біздің ТК-да қандай да бір шешім қабылдайық десек, жұрт жиналмайды. Осында көп жылдан бері тұрып келемін, бұған дейін де бірде-бір рет кворум болған емес. Амалсыз үйді-үйді аралап, сауалнама ұйымдастырады. Бірақ ол өте көп уақытты алады, ел есігін ашпайды, көп пәтерде қожайыны емес, пәтершілер тұрады. Оның үстіне, сауалнамамен айналысуға ынта мен уақыты табылатын еріктілер аз. Пандемия өршігелі пәтерлерді аралау қауіпті болып кетті. Әкімдік, ТКШ орталығы, тұрғын үй инспекциясы, Индустрия министрлігінің ТКШ комитеті, Цифрлық даму министрлігінің, МИБ-тің ұйымдары және басқа да қаптаған құрылымдар құрылған. Осы мәселені солардың бірі өз мойнына алса, жақсы болар еді», – дейді елордалық белгілі кәсіпкер Әзізхан Елемесов.«Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар?» дегеннің кері. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов қазан айының басында өз блогында ешбір орган пәтер иелерінің мәселесін шешумен айналыспайтынын анық аңғартты. Ол «пәтер және ТЕҮ иелері өз мәселелерін жиында өзі шешетіні» туралы биліктің өзі жазып қойған заң талабын қайталады.
«Республикада карантин шектеу шаралары енгізілгеніне байланысты қазіргі жағдайда тұрғын үй иелері кондоминиум объектісін басқару мәселелерін онлайн режимде талқылауы керек. Бұл үшін ZOOM, SKYPE, WhatsApp және басқа да бағдарламалық өнімдерді пайдалануға болады. Әйтсе де, шешім бекітілуі үшін тұрғын үй заңнамасына сәйкес жазбаша сұрау жүргізілуі қажет. Заң бойынша дауыс беру тұрғын үй қатынастары саласындағы информатизация нысаны – арнайы электронды ақпараттық ресурс арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Дауыс беру кезінде пәтер не ТЕҮ иелері өзінің электронды цифрлы қолтаңбасы көмегімен дауыс береді немесе қағаз протоколға өзі қол қояды», – дейді министр.Онсыз да машақаты көп үдеріс еді, енді тіпті күрделеніп кетті...
Айхан ШӘРІП