Қазақстандық фермерлер біртіндеп шетелдік нарыққа шығып жатыр. Олар бұған өз өндірісін кеңейтіп, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру арқылы қол жеткізуде.
Қолдау алаңы
Аграрлық несие корпорациясының Шығыс Қазақстандағы филиалы директоры Ербол Көбентаев АНК инновацияларды дамытуға және мал, өсімдік, балық шаруашылығында жаңа технологияларды енгізуге бағытталған ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді қолдайтынын айтады. «Корпорация өнім өндірушілер мен қайта өңдеушілерге жеңілдетілген несие бере отырып, ұзақмерзімді негізде дамуға мүмкіндік береді. Бұл ретте, фермерлік шаруашылықтардың айналасындағы инфрақұрылым да дамып келеді. Ауылдар қайта жанданып, жаңа жұмыс орындары пайда болуда», – дейді Ербол Көбентаев. Бұл Қазақстанның өндірістік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, отандық бизнеске халықаралық нарықта бәсекелесуге мүмкіндік береді. АНК инвестициялық жобаларды қаржыландыру арқылы қазақстандық агроөндірісті дамытуға өз септігін тигізеді. Мұндай дамудың мысалы ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы «Елім-ай Көкпекті» және «Кузьмич» компанияларын атап өтуге болады. Олар ауылда ондаған жұмыс орнын ашып, өз салаларында жаңа технологиялар енгізіп отыр. «Елім-ай Көкпекті» компаниясы – Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауылындағы ет өндірісіне маманданған шаруа қожалығы. Компания 2011 жылы құрылып, қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда экспортқа бағдар алып, ірі жобаларды жемісті жүзеге асыруда. Шаруашылықтың нарықтағы орнын нығайтуға 5 мың бас ірі қара малға арналған жаңа бордақылау алаңы көмектеседі. Оны қазан айының соңына дейін енгізу жоспарланып отыр. Жоба негізінде 2018 жылы басталған. Сол кезде компания Аграрлық несие корпорациясынан жеңілдетілген несие алған. Нақтырақ айтқанда, құны 1 млрд теңгеге жуық бордақылау алаңына қаржының 60%-ын АНК бөлген. «Бұл жоба өңірлік және шағын фермерлік шаруашылықтарды дамыту үшін маңызды. Біздің міндетіміз – ішкі немесе сыртқы нарықта малды бордақылау және сату», – дейді «Елім-ай Көкпекті» компаниясының басшысы Болат Бекбердинов. АНК баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір бордақылау алаңында 2 мыңға жуық ірі қара мал бар. Сиыр етін БАӘ мен Қытайға экспорттауды жоспарлап отыр. Бордақылау алаңында өнім сапасын жақсартатын заманауи технологиялар енгізілуде. Мысалы, сиырларды жаңа әлемдік технологиялар бойынша автоматты жүйелердің көмегімен бордақылайтын болады. «Елім-ай Көкпекті» шаруашылығының басшысы Болат Бекбердинов мұны басқа елдердегі әріптестерінен үйренгенін айтады. «Қолданылатын заманауи әдіс-тәсілдер малға салмақ қосуға көмектеседі. Етті мал шаруашылығында көптеген елді аралап шықтым. Америка мен Канадада, Еуропада ұстанатын 11 критерийлердің барлық 11-іне де төтеп бере алдық», – дейді ол. Болат Бекбердиновтың айтуынша, компания 300-ден астам жергілікті фермерлік шаруашылықпен бірге белсенді жұмыс істейді. Негізінен, шаруашылықтар арасындағы ынтымақтастық бұқаларды жалға беру бойынша жүзеге асады. Бұқаларды жалға алу мал өнімділігінің жақсаруына өз септігін тигізетінін фермерлер де жасырмайды. Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты – жем дайындау. Компанияның жемшөп қоры болғанымен, Болат Бекбердинов бәрін бірдей өз күшімен дайындай алмайтынын айтады. Сондықтан жүгері секілді кей өнімдер өзге фермерлерден сатып алынады. Қарапайым ауыл үшін бордақылау алаңын құрудың маңыздылығы –тікелей және жанама жаңа жұмыс орындарының пайда болуында. «Ауылдағы адамдарға не керек? Жұмыс керек. Бізде 100-ден астам адам жұмыс істейді. Жоба аяқталғаннан кейін 250 ауыл тұрғынын жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Менің ойымша, ауылдағы өмір бизнесі дамыған, мал шаруашылығы жолға қойылған жағдайда ғана өз құндылығын жоғалтпайды», – дейді Болат Бекбердинов. Тағы бір есептен шағын фермаларда да қосымша жұмыс орындары пайда болады. Малды бордақылау алаңы ондағы жұмыс көлемінің артуына ықпал етеді. Мысалы, егер 100 сиырға қызмет көрсету үшін үш жұмысшы қажет болса, онда 5 мың бас ірі қара мал үшін 150 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылуы керек.Ресей мен Қытайдағы қазақстандық балық
Бүгінгі таңда балық шаруашылығы да басты назарға ілігіп отыр. Жазда Үкімет басшылығы осы бағытты дамыту бойынша кешенді жобаларды қолға алды. Ендігі мақсат – әр облыста балық өндірісін ашу. Мамандардың пікірінше, бұл бағыт халықты ақуызға бай азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету проблемасын шеше отырып, ауыл шаруашылығындағы басым бағыттардың бірі болуға тиіс. Соңғы 10 жылда елімізде бұл салада жалпы өндірістік қуаты 3,26 мың тонна болатын 13,9 млрд теңге мөлшеріндегі 13 жоба қаржыландырылды. Жалпы, Аграрлық несие корпорациясы қоржынында осындай 10 жоба бар. Солардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы Самар ауылындағы «Кузьмич» ЖШС. Бұл – бекіре және албырт балықтарын қоса санағанда, бағалы балық түрлерін өсіретін шаруашылық. Компания 2018 жылы «Агроэкспорт» бағдарламасы бойынша біріктірілген жүйеде құрама жем және қара шірінді арқылы балық өсіру шаруашылығын кеңейту мақсатында 50 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Атап айтқанда, балықты мұздатуға арналған, тоқ арқылы жұмыс істейтін тоңазытқыш жабдықтар мен балық өсіруге арналған торлар сатып алынды. Компания директорының орынбасары Бақыт Мүбәракованың айтуынша, қазір шаруашылық өз өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, шетелге де жеткізеді. «Ресей, Қытай, Әзербайжан мен Грузияға да экспорттаймыз. Ол жерге көксерке, шортан, алабұға, табан балықтарын жібереміз. Қазақстандық өнімдер сұранысқа ие. Сонымен қатар олар біздің дайын өнімдерді – филе мен тартылған етті және жаңа мұздатылған балықты да сатып алады», – дейді Б.Мүбәракова. «Кузьмич» ЖШС 2021 жылға қарай жылына 100 тонна балық өндіруді жоспарлап отыр, ал өндірісті кеңейту есебінен 30 қосымша жұмыс орны ашылған.